Қозыбасы тауының етегіндегі Үңгіртас ауылының мал иелері қылышын сүйретіп есіктен енген қысқа күнібұрын қамданып, қолдағы төрт түлікке қажетті азық қорын ерте бастан жинап алды. Сондай шаруашылықтың бірі – «Алмас» шаруа қожалығы. Қожалық егін егіп, мал өсірумен айналысады.
Өріске 1500 бас қой өргізіп, 50 ірі қара ұстап, жылқы қайырған шаруашылықтың жұмысы жемісті. Қазір қорасында бірнеше бұқашық бордақыға қойылған. Малға қажетті азық қорын жеткілікті мөлшерде дайындап алды. Төбесі биік етіп жабылған үлкен бастырмада тау болып үйілген шөп пен сабанның жүздеген орамы мен мыңға жуық тайланған түрі жиналған. Оған қоса қамбада қатталған арпа жемі түлікті қыстан тарылтпай шығаруға берік кепіл болмақ.
Қожалық жетекшісі Марат Сапиевтің иелігіндегі әртүрлі маркалы тракторлар мен жүк көліктері жұмысқа жарамды күйде. Шаруашылығында бұдан бөлек жем мен шөпті ұсақтап турайтын техникалары бар. Шаруаға қажетті өзге де агрегаттар мен оған керекті қосалқы бөлшектер арнайы орынға рет-ретімен қойылған. Інісі Қайрат тек қана малмен айналысса, Марат Әбдікерімұлы егін егіп, астық орып, жоңышқа шауып, малға қажетті жемшөптің барлығын өздері дайындайды. Меншігінде 152 гектар егістік, 180 гектар жайылымдық жері бар. Алғаш көлік жүргізуші болып «Қастек» асыл тұқымды қой кеңшарында ұзақ жыл еңбек еткен ол саланың сан түрлі шаруасында еңбекпен ысылған. Одан кейін үлкен жүк көлігімен алыс жолдарда жүк тасымалдады. Қожалығын 2008 жылы құрып, кәсіпкер ретінде ісін дөңгелетіп келеді. Ұлы Алмас шаруасын бірге атқарысып, әкесінің сенімді тірегі болып жүр. Мараттың зайыбы Светлана Әденова да іскерлікке ден қойып, ауылдан дүкен ашқан. Сауда орнының іші азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларға толы.
Кәсіпкер жыл соңында жұмысшыларына ынталандыру сыйақысын беруді дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар ауылдағы күнкөрісі төмен 7-8 отбасына жыл сайын қарайласып, қайырымдылық көрсетеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ





