«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының оқытушысы, алаң жетекшісі З. Асемжанованың ұйымдастыруымен «Шығармашылық тапсырмаларды сабақ барысында қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында мектепішілік семинар өтті.
Семинарға «Өрлеу» БАҰО аға оқытушысы М. Мұхамадиева, Іле ауданы бойынша бастауыш сынып мұғалімдерінің шығармашылық тобының жетекшісі А. Есжанова қатысты.
«Бастауышта білім беру – бастапқы білім көзі, баспалдақтың алғашқы қадамы» демекші, бастауыш сынып мұғалімдері Нейла Мусанова «Қосу мен азайту», Г. Жанұзақова «Қозғалыс сыры», Қамар Оспанова «Қаңқа құпиясы», М. Құнанбаева «Жүйке жүйесін қандай мүшелер құрайды?», Г. Тайырова «Күзгі уақыт», Ж.Атамбаева «Спорт – денсаулық кепілі», Ғ. Мәметбаева «А. Құнанбаевтың «Ғылымға көңіл бөлсеңіз» және Е. Охасова «Заттардың қасиеттері» тақырыбында тартымды ашық сабақ берді. Ал, Алмагүл Төлемісова «Оқушының шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда топтық жұмыстың рөлі» тақырыбында тренинг өткізіп, мұғалімдермен өз тәжірибесін бөлісті.
Семинарды қорытындылаған З. Асемжанова шығармашылықпен жұмыс жасау үшін мұғалімнің білімі терең, жан-жақты дамыған, педагогикалық шеберлігі жоғары болуы басты мәселе екендігін атап өтті. Сабақты жоғары дәрежеде өткізген Г. Тайырова, Ғ. Мәметбаева, Г. Жанұзақова, А.Төлемісова еңбегіне табыс тілеп, нәтижеге бағытталған жұмыстар атқару керек екендігін ескертті.
Айта кетейік, №12 орта мектебінде «Өрлеу» БАҰО-ның «Жаңартылған бағдарлама негізінде бастауыш сыныптардағы пәндер бойынша сабақтарды жоспарлау барысында шығармашылық тапсырмаларды пайдалану жолдары» тақырыбында эксперименттік-тәжірибелік жұмысы үш жылға жоспарланған. Сол бойынша қазірде нәтижелі жұмыс жасап келеді.
Жиын соңында сөз алған мектеп директоры Т. Ибраймова бүгінгі мұғалімге ерекше зор міндет жүктеліп отырғандығын, әсіресе бастауыш сыныптарда оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, жұмыс жасау бүгінгі күн талабы екендігіне тоқталып, алғыс білдірді.
Н. ДЕМЕСІНОВА,
№12 орта мектептің оқу ісі жөніндегі
орынбасары
Байсерке ауылы,
Іле ауданы





