«Қаратал» қой кеңшарының үшінші фермасына зоотехник болып орналасқан Сатыбалды Қазтаев айналасы екі-үш айдың ішінде елдің аузынан түспейтін өнегелі жігітке айналып шыға келді. Талдықорған ауданында туып, Елтай ауылында өсіп, Жамбыл орта мектебін бітіргеннен кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының дипломын алған білікті маман көп кешікпей кеңшардың аға зоотехник-селекционері болды. Бұл кезде бас зоотехник Пак Константин, ал мен екінші фермаға зоотехник болып орналасқанмын.
Сатыбалдының әкесі байлаған биенің қымызын шешесі тек ұлына береді екен деген әңгіме де елді қызықтырды. Ал сұңғақ бойлы көрікті жігіттің ақындық өнерін естіген қыздардың ынтызары тіпті бөлек еді. Халық алдында суырылып өлең шығарып, не айтысқа түсіп тыңдаушыларын тамсандырған өнерін көре қоймағанымызбен, той-жиындарда, жастар кешінде тойдың шашуы ретінде жазған өлеңдерін мәнерлеп оқығанда ерекше құлпырып шыға келетін келбетіне сүйсінгендердің: «Пау, шіркін. Жігіт болса осындай болсын!» – деген сөзін естіген қыздардың көздері күлімдеп, жүздері жайнап, бір-біріне жадырай қарасып отыратын-ды. Кеш аяқталып, ел тарқар шақта қыздар бір-бірінен бөлектеніп шыға келетін. Ондағысы Сатыбалды кімді шығарып салар екен деп дәмеленгені болар. Ал Сатыбалды болса елтайлық жерлестері бас агроном Мырзахан, бас малдәрігері Әбілмен бірге үйіне қарай тартып отыратын.
Білімді де білікті маманның өз ісіне мығымдылығынан Абай атындағы қой кеңшарының бас зоотехнигі болып бекітілісімен мен оның орнына зоотехник-селекционер болып тағайындалдым. Сатыбалды өзінің жұмысына құлшына кірісіп кеткенімен бос уақытында Жаңаталап, Ұмтыл, Оян ауылдарында өтетін мерекелік шаралардан тыс қалмайтынды шығарды. Оның өлеңдерін енді «Лениншіл жас» газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» журналынан оқыған жастар ақынның өнер жолына да, өмір жолына да қызығушылық танытты.
Ағайынды күндер мүмкін басталар,
Арттан қарап кейбіреулер тас та алар.
Биіктерге апаратын жол алда,
Ауылымнан аласадан басталар,
– дейді «Жол төменнен басталар» атты өлеңінде. Ұмтыл мен Жаңаталапта басталған оның еңбек жолы Абай атындағы кеңшарда жалғасқанымен ең қызықты да мәнді өмірі Жаңаталапта өтетіні ақын пешенесіне әу бастан-ақ жазылған болар.
Сұрасаңдар бақытты не деп менен,
Жүрегімді сонымен жебеп келем.
Бақытым да осы деп жас шағымда
Бір қара қыздың артынан дедектегем,
– деп екі ауылдың арасын жол қылған Сатыбалды ақын Ұмтылдың ару қызы Қайнышпен қол ұстасып, Елтайдан бір-ақ шықты. Дүрілдетіп үйлену тойын өткізді. Сатыбалдының сырын жақсы білетін кеңшар директоры Сәкен Омаров екі жастың үйлену тойына Сақбай Мұқашев, Көбеген Атимов, Ошан Уәлиев қатарлы игі жайсаңдармен бірге келіп, қуанышты кештің үлгілі рәсіммен өтуіне атсалысты. Қайныштың анасы Шолпан Ұмтыл ауылы қызылшашыларының жетекшісі, ағасы Дәрібай Тұманшінов болса Нұржігіт, Мұқан ағаларынан кейін жаңа маркалы трактордың құлағында ойнаған асау жігіт. Шабындықта алдынан шыққан елікті жаяу қуып жүріп ұстаған желаяқ. Қайныш Оян ауылындағы мектептің беткеұстар мұғалімі. Сатыбалды ауданда басқаға үлгі болып жүрген білікті де білімді маман.
Бас маман ретінде қарамағындағы мамандарға қамқорлық жасап, терең білімімен, мол тәжірибесімен бөлісіп, қой басын өз төлімен өсіруде тиянақты жетістікке жетудің қыр-сырын жетік игерген. Қазақ биязы жүнді қой басынан 4 киледен жүн қырқып, әр жүз саулығынан 120 қозы алып, шығынсыз өсіруді мақсат тұтқан оның ұстанымын Абай атындағы «Қаратал» қой кеңшары шопандары қуаттап, барынша талпынып бақты. Алайда, социалистік жарыстың алғышартынан аспаған басшылардың қолдауымен жүз саулықтан 160, 170, 180-нен қозы алатын шопандардың тәжірибесі насихатталып, олардың бастамасын қолдау қажеттігі туындап жатты. Мұндай жасанды «жасампаздық» қарекетке қарсы шыққан партия комитетінің хатшысы Сатыбалды негізсіз сынаққа алынды. Майталман маман, адал коммунист ешкімнің жетегіне ілеспейтінін танытып, өз ұстанымынан бас тартпағаны үшін қызмет бабында дер кезінде өсуіне кедергі жасалғанын жасырғаным жараспас. Мансапқорлықтан ада ақын іштен тынып қалмай, дау-дамай да шығармай, жалынды өлеңімен жауап қатыпты. Бір емес, бірнеше өлеңі осындай әділетсіздікке садақтың жебесіндей қадалған көрінеді.
Келеді, рас, көктегім де көгергім,
Бірақ содан нені ұттым, не көрдім?
Кері басқан қадамыма қисынсыз,
Әлі талай көз жасымды төгермін.
Бір қатенің артындағы мың қайғы,
Жүректерді, білектерді шыңдайды.
Бәрін көріп, бәрін ұғып өскен жас,
Дауылдарда майысқанмен сынбайды,
– депті «Шыңдалғандар сынбайды» атты өлеңінде. Талай «дауылдың» (бюро талқысында) астында қалып, майысса майысқан да шығар, бірақ азамат ретінде, білікті маман ретінде сынған жоқ. Керісінше, шыңдалды. Кемел жасына жеткен кезде «Қаратал» қой кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл бір күрделі кезең еді. Партияның бас хатшысы Горбачев ұсынған реформаның сырты бүтін болғанымен іші түтін кез. Ісімен емес, бас хатшылық атақты құрал еткен партия көсемінің дәрменсіздігінен социализмнің жиған-тергенінен айырыла бастағанын біреу аңғарса, енді біреулер сезбей де қалды-ау. Мұндайда ақынжанды директор:
Жоқшылық жасытпасын заржақ үнің,
Қанағат етемін ғой барға бүгін.
Адамдар абырой мен атаққа емес,
Адамдар адастырмас арға жүгін,
– деп елінің келешек қамын ойлай еңбектенеді. Өз ортасынан оза шыққан Сатыбалдыны әріптестері қолдады. Жетістіктері де жаман болған жоқ. Қайта құру деп ұрандатқан бас хатшы қазақ жеріне де келіп, желдей ескен пәтуәсіз сөзімен көсемсіп кетті. Еңбек ұжымдарында білек біріктіріп, иық тиістіре жұмыс істеудің орнына «Кедейдің кеңесі бітпес» деген тәсіл кеңінен етек алды. Жаны қиналған директор биік мінберге шыға алмай, жұмыс дәптеріне былай деп жазыпты.
Түсіппіз де жолына төте еңбектің,
Кетпен, қамшы астында тепеңдеппін.
Тұлпар мінген елдердің артынан мен,
Жаяу жүріп қуып-ақ жетем деппін.
Ұлықтарым бола алмай ел тірегі,
Етектерін артынан жел түреді.
Құр даурығу, құр мақтан мағынасыз,
Адамды да заманды өлтіреді,
– деген Сатыбалды ақын көрегендік танытыпты. Мезгілінен ерте өлген социализмді қорғамақ түгіл жаназасын шығаратын адам табылмапты.
Біз ұқпайтын ақынның сан қыры бар,
Таңды өткізіп, қайтадан таңға ұрынар.
Мың жыл өтсін, ұрпағы болса аман,
Жаңа үнмен жаңаша жаңғырар.
Заман мынау, білмеймін, сырқат па әлі,
Астарланып жеткізер жыр қапталы.
Жиырмасыншы ғасырдың ұғар сырын,
Отызыншы ғасырдың ұрпақтары,
– деп өзін де, өзгені де жұбатыпты Қазтайдың Сатыбалдысы. ХХ ғасырдың сырын ақын жігіт өз өлеңдерінің арқауына айналдырған-ды. Жетістігін мадақтап, олқылығын жасырмаған жан. Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, Көшкінбай Жанатов, Құлтай Түменбаев сынды майталман басшылармен араласып, тәжірибе алмасудан жалықпаған ол өзінің де білімін, күш-қуатын шаруашылықтың өрлей түсуіне сарп етті. Өз ұстанымынан ауытқымаған Сатыбалды жастардың жаңа толқынын маңына топтастырып, баули білді. Оның «Сенемін мен» деген жыр толғауы мына сөздермен аяқталыпты:
Жетектер-ау әлі де жылдар ағын,
Қуатына сенемін қыр, даланың.
Түсіп кеткен апанға арландай бір,
Шығу үшін тырмысып, тырбанамын.
Арылар да бойымнан мұң кеселім,
Жетегінде жылдардың мұң кешермін.
Өз байлығын өзі жасап келер ұрпақ,
Сенемін мен алаңсыз күн кешерін.
Тырмысып, тырбанып жүрген ақын ба, әлде, директор ма? Келер ұрпақтың алаңсыз күн кешеріне сенім білдіріп отырған қайсысы? Директордың қолында кеңшардың бесжылдық даму жоспары бар. Оны іске асыратын елі бар. Оларға қажетті озық техника мен жаңаланған жабдық пен алуан түрлі қондырғылар да жеткілікті. Тек ұтымды пайдалана біл. Міне, осы туралы ақынның «Сенім», «Сенем», «Сендіремін», «Ізденіңдер, адамдар», «Жақсылық нышан жатыр ел өңінде», «О, қазағым, ауруыңды жасырма», «Жүрмейікші тағы да кері кетіп», «Тербелем үстінде мен жер кеменің», «Биіктікке табынам» атты елуден астам туындысы ең алдымен кеңшар директорын жігерлендіріп, күш-қуат береді. Бұл оның бойындағы ақындық дауылы, асау сезімі. Шабыты тасыған ақын сөзі партия комитеті насихатшысының сөзінен әлдеқайда қуатты. Осынау артықшылығын қаншалықты тиімді пайдалана білді? Ел басқарып отырған директордың, жұртының қамын ойлаған ақынның «Жау шықпасын жұртымның іргесінен, дау шықпасын ағайын арасынан» деген ұлағатты сөзінің құндылығын жоққа шығара алмаймын. Жаңаталаптан жау да шыққан жоқ, дау да шыққан жоқ. Қазақ елі де бұл кесапаттан дін аман. Екеуі де Мәскеуден шықты. Ол Горбачев пен Ельцин. Олардың қатарына жататындар, ашығын айтсақ, жалғыз аяқ көпір үстінде екі серкенің сүзіскенін көре тұра көрмегендер, жаулыққа айналатын пәтуәсіз дауды елемегендер. Ал Сатыбалды ақын не дейді?
Бақ боп келген бойына кісілікті,
Көтере алмай талайлар ісініпті.
Осындай қылығымен шоқты басып,
Күйерін де тым кештеу түсініпті.
Мәз болды да бүгінгі тірлігіне,
Көкірегін тек қана түрді күнге.
Арыстан боп өзінше айбат шегіп,
Кәндек болып, білмеймін, үрді кімге?
«Пай-пай, батырым-ай»,
– дейтін болар оқырман. Ал Сатыбалды ақын былай дейді:
Арындатып арғымақ та мінбедім,
Кеткен шығар адамдарда мың кегім.
Ұрпағымын Жолбарыстай жасынның,
Арғы атамды сұрай қалса кімде-кім?
Жағдайым жоқ өткенді айтып таусылар,
Көкейімде бабалардың даусы бар.
Қырғында да кескілескен шайқаста,
Ажалды өлер, ажалсыздар сау шығар.
Соққы тиіп шекемді де ісіргем,
Талай жерде аласарғам, кішіргем.
Ұлы қазақ үлкен отау болса егер,
Жүзім үшеу – болар онда үш іргем.
Қатар басып қолтықтасып, қолдасып,
Жету парыз – жатып қалмай жолға шық.
Адам болып қалғың келсе, адамдар,
Сырт айналмай бір-біріңе бол ғашық!
Ақынның бұл айтқаны тәуелсіздіктің ақ таңын құшағын жая қарсы алған тек Жаңаталаптың ғана емес, мыңдаған қазақстандық отандастарымыздың қуанышымен үндесіп тұр. «Қос жұлдыз», «Ана тілім», «Қараталым», «Сеніп келем», «Ар», «Туған жермен сырласу» атты өлеңдері мұқият оқып, ой толғаған әр оқырманға елі үшін еңбек етіп, мұратына жету өзгенің емес, өз қолында екенін сездірері хақ. Алайда жоспарлы экономикадан бас тартып, нарыққа көшкен ел неше түрлі қиындыққа, қарама-қайшылыққа тап болды. Өндірілген өнімін сата алмаған шаруашылық басшылары тығырыққа тірелді. Қой малының еті де, терісі де, тіпті, тоқыма фабрикалары таласа-тармаса алатын биязы жүні де керексіз болып қалды. Бірер жылдың ішінде бұл құрылымдар таратылып та бітті. Үкімет тарапынан басталған оңтайландыру шарасын жекешелендіру саясатына айналдыру уақыт талабы болса, оның да күнгейі мен теріскейі қатар өрбіді емес пе? Болып қалайық, толып қалайық деген пысықтардың бағы ашылып, қайбір жерде бұқара халық көлденең келген көк аттыларға жем болды. Дәрменсіз басшылар қатарына қосылған Сатыбалдының жүрегі қан жыласа, ақындық дауылдың дүлейі оның санасын өзгертті. Қаламы найзадай ұшталды. Сөздері жебедей атылды.
Алдарына бармасам да бас ұрып,
Айтарымды айтып жүрмін ашынып.
Жылдар бойы жиғандарым, тергенім
Жатыр бүгін көз алдымда шашылып.
Болса екен арты мұның қайырлы,
Тынық күнде төбемізден жай ұрды.
Сезімдерің сергелдеңге түсті де,
Аналарды баласынан айырды.
Тауып жүрсең тамағыңды бақ сана,
Азайып тұр қолдау берер жақсы аға.
Басқа түгіл махаббат та, сезім де,
Сатылады алтын менен ақшаға.
Дәл осындай таңда мынау күн кешем,
Пиғыл тірлік, неткен сонша үндес ең?
Өзімді-өзім жазғырғаным емес пе,
Осы үшін басқаларды күндесем?
– деп ағынан жарылады ар-ожданын сақтап қалған Сатыбалды.
Ақынның «Ұрпақ үні» атты көлемді жинағына 417 өлеңі кіріпті. Соның жүзден астамында жекешелендіру барысында орын алған қиянаттарды әр қырынан жырға қосқан ақынның пәлсапалық туындылары оқырманын ойландырмай қоймайды. Біреулер оның жырын түсінеді, енді біреулер түсіне алмай қиналады. Кім қандай баға береді, әлбетте, ол әркімнің өз еркі. Адами өресіне байланысты ғой. Біздің еркелетіп «Садко» атаған әріптесіміз, замандасымыз Жаңаталаптың Сатыбалдысы:
Ақын боп өту тасыған көңіл, таза ағын,
Шындық боп ағу, сұрқын да бұзып жазаның.
Ақын боп қалу – арғымақ міну емес ол,
Ақын боп қалу – көтеру ойдың азабын,
– деп тұжырымдайды.
Алтынның да көргемін жоқ жарқылын,
Уақыттың да көп сезінбей қарқынын.
Бақ іздемей, тақ іздемей өмірден
Жыр іздеумен өтіп жатыр әр күнім.
Сенбеңдер де, мейлі, оған сеніңдер,
Көлеңкеге көмілмеген көңілдер.
Жақсы өлең туған күні жүректен,
Жарты жүгім бойымдағы жеңілдер,
– деп өзін-өзі жұбатады.
«Бермегенін ала алмай, көріп келем, тағдырымның жазғанын маңдайыма» деп мұңайған ақын «Уақытты, заманды кінәламан, сәл құйынға қалайша сынады адам» деп қайта серпіледі. «Өзгешелеу таң атты – өзектілеу, өзгешелеу үн қатты ғасыр бүгін», – деген ақын «Туған жер», «Ұрпаққа арнау», «Сүрінбесін елім менің», «Тау сыры», «Ұлылық», «Қуаныштың көрерміз ұзарғанын», «Жұмақта қайта жасалар» өлеңдерімен туған жерге деген перзенттік сезімін оятып, келешектің кемелденуі енді жастардың қолында екеніне асқақ жырымен сендіріп бағады.
Иә, қазақ батырына да, қазақ ақынына да тән азаматтық тұжырым. Ферма зоотехнигі, бас зоотехник, кеңшар директоры қызметін атқарып, зейнетке шыққан Сатыбалды екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің жүз жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасына қатысу ойымен дала академигі басқарған шаруашылықтың өткені мен бүгінгісін зерттейді. «Елу жылда ел жаңа» деген ата-баба өсиетін іс жүзінде дәлелдеген Нұрмолда Алдабергенов жайында «Ұлы тұлға» атты толғауын бәйгеге қосады. Нәтижесінде Сатыбалды ақын жүлдегер болып танылды.
Елдің жайын дұрыстады, нықтады,
Қиындыққа қарсы барды, ықпады.
Білгірлігін көрсетпей ме басшының,
Бір ауылдан жиырма батыр шыққаны.
Жүректері от-жалынды бас алау,
Ұлыларды мүмкін емес тасалау.
Жүз жылдығын жасап жатсақ бүгін біз,
Мың жылдығын кейінгі ұрпақ жасар-ау!
Бұл өлеңім – емес менің жағыну,
Бұл өлеңім – ақиқатқа бағыну.
Көп жетістік бола алған арнасы,
Нұрмолданың рухына табыну,
– деп аяқтайды толғауын. Шабыты шалқып, кемерінен асқан тұста:
Ұрандадым, ұрыста алғаладым,
Дүниені шарлады салған әнім.
Дүрліктіріп әлемді ту көтердім,
Айқастырып орақ пен балғаларын,
– деп бұлқынған кеңшар директоры:
Сонда да мен ертеңге сенімдемін,
Кетсе-дағы талайға кегім менің.
Өмір күрес, жеңілдім, бірақ енді,
Ұлдарымның көрмейін жеңілгенін,
– деген ақын жырымен ұрпағын қанаттандырады және оларға сенім артады. Қаратал ауданының сексен жылдығында да:
Белін буып жатқан жоқ қой бекер ел,
Кезең келді тура тартар, төтелер.
Сексен жылдай қуат алдың, құт алдың,
Алғы жылдар биікке енді көтерер,
– деп асқақ жырымен шашу шашуы ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасатынын айғақтай түседі. Қанша жыл басшылықта жүрсе де қолынан қаламын тастамаған Сатыбалдының ғұмыры артында қалған жауһар жырымен жалғаса бермек.
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ





