Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға алма импорттауға уақытша тыйым енгізуді ұсынып отыр. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Егер құжат қабылданса, шектеу 2026 жылғы 1 тамыздан бастап 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.
Тыйым қандай өнімге қатысты?
Жобаға сәйкес, шектеу автокөлік, теміржол және су көлігі арқылы Қазақстанға әкелінетін алмаға қолданылады. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден де, басқа елдерден де импортталатын өнімді қамтиды.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін немесе ЕАЭО елдері арасында республика аумағы арқылы тасымалданатын алмаға бұл шектеу қолданылмайды.
Министрлік ұстанымы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, уақытша тыйым енгізу әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық жағынан теріс салдарға әкелмейді.
Бұйрық жобасы 2026 жылғы 8 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.
Қазақстан алманы қай елдерден импорттайды?
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанға жалпы көлемі 136,6 мың тонна алма, алмұрт және айва импортталған. Импорттың жалпы құны 64,7 млн АҚШ долларын құрады.
Елге ең көп алма мына мемлекеттерден жеткізілген:
- Польша – 28,8 млн доллар;
- Қытай – 15,2 млн доллар;
- Бельгия – 8,2 млн доллар;
- Өзбекстан – 5,3 млн доллар.
Тиісті бұйрық қабылданған жағдайда, аталған елдерден Қазақстанға алма импорттау уақытша шектеледі.





