Оқу жылы жақындаған сайын балаларды мектепке дайындау қарбаласының қыза түскені байқалады. Бұл күнде екі-үш баланы бастан-аяқ жаңа киіммен және оқу-құралдарымен қамтамасыз етудің өзі оңайға соқпайтынын базар жағалап жүрген ата-аналар жақсы біледі. Ал басына тартса аяғына жеткізе алмайтын жалғызілік немесе тұрмыс-жағдайы төмен одан да көп баласы барлар не істемек?..
Ынтымақ-бірлігі артқан ауылдың арда азаматтарының бұл мәселенің түйінін тарқатуға білек сыбана кірісіп, көпбалалы отбасыларға қол ұшын беріп жүргені қуантады. Соның бірі Нұра ауылдық округі аумағында шаруасын дөңгелентіп жүрген жас кәсіпкер Жанар Мұсаева көпбалалы он отбасының балаларына кеңсе тауарлары толтырылған 10 сөмкені тарту етті.
Құдайдың берген алты баласын өсіріп отырмын. Оның екеуі егіздер. Балаларымның барлығы мектепте оқиды. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп бекер айтпаған ғой, жас та болса іскерлігімен танылып жүрген Жанар қызымыз егіздеріме оқуға қажет кеңсе заттары салынған сөмкені сыйлап, мәз-мейрам етті. Мұның өзі жалғызілікті біздерге үлкен көмек, көңілімізге медет, – дейді ризашылығын білдірген 6 баланың анасы Жанар Егенбердиева.
Ауылымызда мыңнан аса бала мектепке келеді. Олардың арасында тұрмыс-деңгейі төмен 200-ге жуық оқушы кездеседі. Дегенмен, мұндайда қол қусырып отырмай, материалдық көмек жасауға ұмтылатын жанашыр азаматтар да жоқ емес. Кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып жүрген Жанардың жолын қуып, демеушілік жасауға атсалысатын азаматтар қатарының көбейетініне күмәніміз жоқ, – дейді бұл іске мұрындық болған «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Семейхан Даривханұлы.
Жұдырықтай жұмылып, жүректерге жылу сыйлап жүрген мейірімді де қайырымды азаматтардың игі бастамаларына ауыл тұрғындарының алғыстан басқа айтары жоқ.
Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ
Нұра ауылы,
Талғар ауданы





