Амантай Әкебаев басқаратын «Көлсай-Құрылыс» ЖШС көп жылдардан таулы өңірдегі асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысып келе жатқан іргелі құрылымның бірі. 700 бас асыл тұқымды «Әулиекөл» ірі қарасын өсіруде. Оның сыртында 300 бас жылқы, 1 отар қойы бар.
– 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 90 гектар егістік жеріміз бен 80 гектар шабындығымыз бар. Бұл біздің серіктестіктің қарамағындағы төрт түлік малға жетпейді. Соған байланысты аудандық жер қорынан шабындық жер сұрадық. Өтінішіміз қанағаттандырылса, жақсы болар еді. 2006 жылдан бері аудандағы шаруа қожалықтарына асыл тұқымды бұқашық сатып келеміз, – дейді «Көлсай-Құрылыс» ЖШС-нің басшысы Амантай Әкебаев.
Серіктестіктің Қарқара өңіріндегі шабындық алқабында мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шөп шабатын комбайн, тырмалайтын және тайлайтын тракторлар бірінен соң бірі өз істерімен айналысуда. Өз істерін жақсы білетін шөп шабатын комбайн жүргізушісі Бауыржан Қыдырбаевтың, шөп тайлайтын агрегатпен жұмыс жүргізетін механизатор Мерлан Халықовтың, шөп басқыш механизатор Нұрғанат Бақдәулетовтің еңбектері орасан зор.
Серіктестік сындарлы шақта малға қажетті мың тоннадан астам мал азығын дайындау үшін жұмыс істеуде.
Қанат БІРЖАНСАЛ





