Құтты мекеніміздің орталығындағы негізгі шаруашылық «Жиделі» кеңшары 1995 жылы таратылып, жекешелендірілген соң бұрын құрамында болған ауыл тұрғындары 54 шаруа қожалығын ұйымдастырып, әрқайсысы өз беттерінше өмір сүру жағдайына көшкен еді. Алғашқы кезде олар нарық талаптарын түсінбеушіліктің салдарынан көптеген қиындыққа кезікті.
Жергілікті халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін сол кездегі агрофирма президенті Шыңғыс Байсынов ағамыз осы шаруа қожалықтарының құжаттарын дұрыстап жасауға, жекеменшіктің шаруаны қалай жүргізуі керектігін түсіндіріп, бағыт-бағдар беруде көп көмек көрсете білді.
Бүгінде көптеген шаруа қожалықтары мал басын өз төлі есебінен өсіріп, өнімдерін молайтуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Кейбіреуінің шаруа қожалықтарын жаңаша құруға бетбұрыс жасап, мал тұқымын асылдандырумен тікелей шұғылдануы да құптарлық бастама. Олардың қатарында Жандос Әбілдаевтің «Бесағаш»,Хадиша Исағұлованың «Лаурен», Алмат Бекежановтың «Көшек», Бейсенбек Асқарбековтың «Балық», Бейқұт Жарқынбаевтың «Айгерім» шаруа-қожалықтарының берекелі істерін атауға болады.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде алғашқы кәсіпкерлер пайда болды. Ауыл бойынша тұрғындар тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерін саудалайтын алғашқы дүкен ашқандардың бірі кәсіпкер Қараменде Абиров бүгінгі күні өз кәсібін дамытып, отбасымен бірлесіп жанар-жағармай стансысын салып, автокөлігі барларға қолғабыс тигізуде. Сонымен бірге ауыл орталығындағы ескі дүкеннің ғимаратын қайтадан жаңғыртып, тойхана ашып, тұрғындардың сұранысын өтегеніне халық алғыс айтуда. Бүгінде Жиделі ауылы бойынша 14 дүкен жұмыс істейді. Бәрі де тұтынушыларды азық-түлік, өндірістік тауарлармен қамтамасыз етумен бірге сауда мәдениетін де жақсарту талаптарын орындауға берік бекінген десе болады.
Бүгінде халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі күн санап жақсара түсуде. Құтты мекеніміз ауылымызды бүгінгі талапқа сай көріктендіріп,абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлудеміз. Соның нәтижесінде ауылымыздың Б. Бейсекбаев, Несіпбаев, Жамбыл көшелеріне асфальт төселіп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Ауыл мектебін бітірген түлектер кездесуге келген сайын өздері қанаттанған елді мекенді ажарландырып, абаттануы мен көркеюіне үлес қосып келеді. Олардың қолдауы әрі нақты көмегімен ауылдың кіреберісінде «Қош келдіңіздер!» деген көрнекті жазу айшықталып, Жиделі ауылының аркасы, мектеп аркасы, Бақтыораз Бейсекбаевтің мектеп алдындағы ескерткіші, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қойылған монумент, ауыл мешіті, сондай-ақ, Мәдениет үйінің ауласы көріктендіріліп, қазіргі орталық саябақ қоршауы жасалынды. Міне, осының барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары ауылда қазақ күресін дамытып, жасөспірімдердің салауатты өмір сүруіне септігін тигізіп жүрген Мұратбек Бейсекбековтің жақсылықтарына ауыл жастары өздерінің ризашылығын білдіруде. Оның кәсіпкер ретінде салып берген техникалық жөндеу орталығы автокөлігі бар ауыл азаматтарының игілігіне айналып отыр.
Халықтың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру мақсатында Жиделі өңірінде де көптеген игі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның бір дәлелі – ауыл орталығында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратының пайдалануға берілгені. Бұл құрылыс нысанының жұмысын жүргізген мердігер «Алмас М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрыш білекті құрылысшыларына ауыл тұрғындары шексіз алғысын білдіруде. Жаңа денсаулық сақтау орнында басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін қажетті емін алып, сауығуына толық жағдай жасалған.
Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері сұраныстарын шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру барысында бұл орайдағы жұмыстардың одан әрі жақсы жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Жанболат ҚИҚЫМБАЕВ,
Жиделі ауылының әкімі
Балқаш ауданы




