«Бауырларына алтын жағалы аға, ұл-қыздарына асқар таудай әке, зайыбына адал жар, туған-туыстарына қамқоршы бола білген ағамыз Маусымбай Дүйсенбайұлы 1989 жылдың желтоқсан айында 59 жасында бұл пәни жалғаннан өтті. Ал ағамыздың зайыбы, жеңгеміз Күлшахан Әбдіғалиқызы 2010 жылы қайтыс болды. Әрине, ағамыз өмірден жас кетті, 59 жас нағыз ердің жасы еді, амал жоқ, тағдырдың ісіне не айтасың, өкінгенмен орнына келмейді. «Орнында бар оңалады» демекші, артында қалған ұл-қыздары әкесі үйретіп, тәрбиелеп кеткен адал жолмен жүріп келеді» (інісі Әбілбайдың естелігінен).
«Әке-шешемнен кейінгі тәлім-тәрбиені, бауырларым Маусымбай, Әбілбай, Әбілбек, Алтынбек және жеңгелерімнен көріп өстім. Бауырларымның бала-шағасымен бірге тұрғандықтан болар, Маусымбай ағамды бәріміз «Папа» деп атап кеткенбіз. Білмейтіндер «Сен Маусымбайдың қызысың ба?» – деп сұрайтын. «Қызымын» десем де болады, өйткені, мен Күлшахан анамның емшегін еміп өстім. Бақыт екеуімізді 2 бесікке бөлеп, егіз қозыдай етіп өсірген екен (қарындасы Әлипаның естелігінен).
«Менің өмірімде өмірін өнеге, үлгі тұтқан әкемнің орны бөлекше. Оның жанының тазалығы, айналасындағы адамдарға қамқорлығы, туған еліне, халқына деген сүйіспеншілігі, атқарған ісіне адалдығы, көпшілдігі, ата-анаға деген ілтипаты, іні-қарындастарына деген ізеттілігі, әр баласына, жарына деген махаббаты бәріміздің өміріміздегі шамшырағымыз сияқты. Әкеміздің кеңпейілдігінің, конақжайлылығының шексіздігі соншалықты, үйімізден қонақ үзілмейтін. Тіпті өз бауырлары бас тартқан қарияны бауырына басып, баққан еді» (қызы Бақыттың естелігінен).
«Ел-жұртына ардақты әкеміз өзінің адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында еліне елеулі, халқына қалаулы азамат бола білді. «Тоғызбұлақ» ұжымшарында жұмыс жасап жүргенде атақты Екіаша, Шөлтекше, Көкбұлақ жайлауларында, Жайдақбұлақ, Арал, Орта Меркі, Шет Меркі өзендерінің бойындағы колхоздың жылқы, сиыр, қой фермаларында жаз жайлауын, қыс қыстауын сайлайтын. Атақты Торайғыр тауының етегін аралап, одан қалса егін орағы кезінде Ағанас жазығында астық, картоп қабылдайтын. Осылайша «Тоғызбұлақ» ұжымшарының өсіп-көркеюіне көп үлес қосқан еңбекқор адам болды» (ұлы Қуанышбектің естелігінен).
«Марқұм әкеміз атам мен апамның тұңғыш перзенті. Әке-шеше алдындағы міндетін өте жауапкершілікпен өтеді. Марқұм әкем Дүйсенбай әулетінің ұйытқысы, ырысы, берекесі бола білді. Олардың ризалығын алған адал ұл – ол менің әкем! Әкемнің ең жақсы қасиеттері – әке-шешеге, бауырға, туыстарға, отбасына деген қамқоршылығын, жауапкершілігін көріп өстім. Осыған дейінгі өмірімде оның көп пайдасы да тиді» (қызы Салтанаттың естелігінен).
«Әкем мені еш уақытта ауыр сөз айтып ренжіткен емес. Мен өз басым әкемнің қабағынан ғана қорқып кететінмін, содан ба? Мен әкемді ұмыта алмай жүрмін, міне, 30 жыл да өтіп кетіпті. Әкемді еске алсам еріксіз көзімнен жас тамады» (қызы Эльмираның естелігінен).
«Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Асқар таудай сүйеу болған әкешімнің өмірден өткеніне биыл, міне, 30 жыл толды. Қанша уақыт өтсе де әкемнің ұзын бойлы, қыр мұрынды, артқа қайырылған қайратты қара шашы, көз жанарынан мейірім шашып тұратын сымбатты бейнесі көз алдымда мәңгі сақталып қалды» (қызы Клараның естелігінен).
«Әкем бір жаққа кетіп бара жатса мені қасына ертіп алатын. Жолда маған машина айдауды және ол бұзылса жөндеуді үйрететін. Мысалы, карбюраторды алып, оны шашып тастап, жуып-шайып, тазалап қайта жинайтынбыз. Соны қолына ақ биялай қолғап киіп алып отырып жасайтын. Бірақ, бір қызығы, бір тетікті не бөлшекті таппай қалса мамамнан сұрайтын. Мысалы, «бір генератор бар еді, соны көрдің бе десе, мамам мынау ма деп тауып беретін» (ұлы Қайраттың естелігінен).
«Бұрындары, әттең, атам сонша ерте дүниеден өтпеген болса мүмкін, былай болар ма еді, әлде былай болар ма еді деген өз тағдырыма байланысты әртүрлі сценарийлерді көз алдыма елестететінмін. Бірақ қазіргі таңда осы жағдайдың менің тағдырымның ішінде болуы керек болғанын, басқаша болудың мүмкін еместігін түсіндім. Атамның бейнесі жадымда бір бүтін тұлға болып сақталмақ! Атамның маған деген махаббатын әлі күнге дейін бір тылсым күш арқылы сезінемін» (немересі Қарлығаның естелігінен).
Ұядай отауымызда аялап, баптап, бау тағып ұшырған әкешіміз…
Жанымызда жоқ болсаңыз да ұйықтасақ – түсіміздесіз, тұрсақ – жадымыздасыз, жүрсек – көңіліміздесіз. Сіз туралы туысқан, ағайын-жұрт айтатын түрлі естеліктер әрдайым жанымызды жадыратады, қуантады, күш береді, рух береді.
Жер жаннаты Жалаңаш өңірінде 1930 жылы дүниеге келген біздің марқұм әкеміз Маусымбай Дүйсенбайұлы абзал да ақкөңіл, жақсы да қамқор адамдардың бірі болатын. Бірақ Алланың жіберген ажалы небәрі 59 жасында жетті де біздерді тастап кете барды. Әкемізді ажалға қимай жанұшырып жылағанымызбен қолдан келер шара қайсы? Міне, содан бері уақыт құстай ұшып 30 жыл өте шығыпты. Бұл отыз жыл кейінгі отыз ғасырға негіз болған оқиғаларға толы болды.
Ұжымшар жұмысынан қолы қалт етіп босағанда әкеміз бізді кезекпен аймалап, еркелетіп құшақтағанда үстінен бір ерекше иіс шығып тұратын еді. Енді, міне, қыздарың ана-әже, ұлдарың әке-ата болғанда сол бір мұрнымызды қытықтаған кермек-тәтті иісіңді сағындық.
Жүректі тербеп күй сынды,
Биікке ұшсам сүйсіндің.
Мойныңа көптен асылмай,
Сағындым, әке, иісіңді! – деген ән жолдары әрбір перзентіңнің тілмен айтып жеткізу қиын бүгінгі таңдағы өзіңе деген сағынышын дәл басып, білдіріп тұрғандай. Әкешім, сізді қатты сағындық, сағынып жүрміз…
Қазақ халқының басына қиын кезең болып келген отызыншы жылдары туылған адамдардың, қарап тұрсаңыз, тағдырлары бірдей болып келеді. Он жастан енді асқан ойын балалары болған кезде Ұлы Отан соғысы басталды. Асық ойнап, доп тебетін шақтары «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен қан майдандағы сарбаздарға азық-түлік дайындауға тап келді. Бала болып, ойынның не екенін білмей өскен әкеміз өмірінің соңына дейін жеті перзентінің толыққанды сәбилік шақтарын бақытты етіп өткізулері үшін қолынан келгеннің бәрін жасады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты сол жылдың қазан айында атамыз Дүйсенбай әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласына аттанған болатын. Алматы қаласында арнайы комиссиядан өту кезінде оның сол көзінде кішкене ақ дақ болғандықтан соғысқа жіберілмей, Алматы қаласындағы жұмыс батальонына қалдырылыпты. Сол кезде он екі жастағы әкеміз Маусымбай анасы Кеукер Сәрсенбайқызы, інісі Әбілбай мен қарындасы Әлишаға бас-көз болып қала беріпті.
Талай шаңырақтың жалғыз шырағын жалмаған сұм соғыс аяқталып, еліміз есін жиды. 1952 жылы әкеміз Күлшахан Әбдіғалиқызымен бірігіп шаңырақ көтеріп, Маусымбай әулетінің жаңа өмірі басталды. 1953 жылы қызы Гүлнар, 1955 жылы қызы Бақыт, 1961 жылы ұлы Қуанышбек, 1964 жылы қызы Салтанат, 1966 жылы қызы Эльмира, 1968 жылы қызы Клара, 1971 жылы кенже ұлы Қайрат дүниеге келді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Жалаңаш ауылындағы ДЭУ, промкомбинатта механик болып қызмет атқарып, өмірінің соңына дейін «Тоғызбұлақ» ұжымшарында әуелі бригадир болып еңбек жолын бастап, соңынан механик, бас инженер және тексеру комитетінің төрағасы дәрежесіне дейінгі түрлі лауазымдарды иеленді. Өзінің адал әрі ерен еңбегімен абыройға бөленді. Әкеміз колхоздың өмірі бітпейтін жұмыстарымен түзде көп жүріп, үйге тек түнделетіп келетін. Сол бір кездері әкемізді көргіміз келіп ұйықтамауға тырыссақ та ұйқы жетектеп «Бағдаттың базарына» кетіп қаламыз. Таңертең жалма-жан атып тұрып әкемізді іздегенде тек жылы орнын сипап көңіліміз құлазып қалатын еді.
Жастайынан буыны бекімей тұрып ауыр жұмысқа араласты. Кеңес өкіметі өзінің керегесін кеңітіп, уығын бекіткен еңбекшілерін ешқашан аямаған тажал машинасымен тең еді ғой.
Әйтеуір көңілімізге жалғыз медеу болатыны – көзі тірісінде ұл-қыздарынан он шақты немере көріп үлгерді. Бірақ ел қатарлы зейнеткерлікке шығып, қырық жылдан аса көрген бейнетінің зейнетін көре алмады. Небәрі 59 жасында – 1989 жылы желтоқсан айында көз жұмып, бақилыққа аттанды.
«Орнында бар оңалар» деп дана халқымыз текке айтпаған екен. Әкеміздің жастайымыздан бойымызға сіңірген тәрбиесінің арқасында жеті перзенті бірігіп, бірлесіп еңбек етудің нәтижесінде аяққа тұрып қалдық. Үйлі-баранды, балалы-шағалы болдық. Маусымбай әулетінің шырағы, Аллаға шүкір, маздап жанып тұр.
Бірақ барлық перзенттерінің көңілінде енді шынымен-ақ әкешіміз ешбір еске алынбай, осылай мәңгілікке кетіп, ұмытыла бере ме деген ой қалып қойды. Бүгінгі немере-шөберелеріне аталарының қандай ақылды да парасатты адам болғанын білдіру үшін биыл әкеміздің қайтыс болғанына отыз жыл болуына орайластырып, шама-шарқымызша ас беруге ниет еттік. Маусымбай әулетінің шағын шежіресі мен естеліктері жазылған бейнелі шығарма дәптерін және бейнетаспа әзірледік. Бұл туындыларымызды, иншаллаһ, әкеміздің асында таратып, экраннан көрсетпекпіз.
Өзіңізге деген
перзенттік зор құрметпен –
Гүлнәр, Бақыт, Қуанышбек,
Салтанат, Эльмира, Клара, Қайрат





