Облыстық әкімдікте он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс мақсат-міндеттер туралы Талғар, Ақсу, Қаратал, Сарқан және Кербұлақ аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ төрағалық етті.
Жиында белгілі болғандай, жалпы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Қай салада болсын ілгерілеушілік бар. Есепті кезеңде өндіріс, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, ауылшаруашылығы, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тағы басқа салалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар сараланды.
Талғар ауданында жаңадан іске қосылып, өндіріс ауқымын кеңейтіп, сол арқылы жұмыс орындарын құрып, инвестиция тартып, елдің әл-ауқатын көтеруге ықпалын тигізіп жатқан «Интермед Групп» ЖШС, «Аль Сафа» ЖШС, «УППООКОС» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар және олар бүгінде қалыпты жағдайда жұмыс атқарып тұр. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғаспақ. Ауылшаруашылығы кооперативтерін құру бойынша атқарылған жұмыстар да көңіл қуантады. «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары аясында мал сатып алу жұмыстары өз деңгейінде іске асқан. «Мадияр» шаруа қожалығы Қырғызстанға 20 тонна етті экспортқа шығарып, жоспарды жүз пайызға орындапты.
Кәсіпкерлік саласы бойынша отыздан аса жаңа нысан ашылып, үш жүзден аса жұмыс орындары құрылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Талғар қаласында 60 пәтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяған. «7–20–25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Бесағаш ауылдық округінде «АлмаТау» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 504 пәтер қолданысқа берілсе, соның 50-і аталмыш бағдарлама шеңберінде бөлінбек.
Ақсу ауданында да қол жеткізген тың табыстар аз емес. Мәселен, жалпы өңірлік өнім 37 млрд. теңгеден асып түскен. Өнеркәсіп өндірісі мен ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі болжамдағы көрсеткіштен жоғары. 7 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылып, салық бойынша жоспар жүз пайыздан аса орындалған. Бұдан басқа да салалардың көрсеткіштері ойдағыдай. Алдағы жылы ауылшаруашылығы саласында 6 ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Өнеркәсіп саласында 26 кәсіпорын бар, соның үшеуі орта өндіріс орындары. Бұл жерлерде негізінен мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Аймақ экономикасын көтеруге Ақсу қант зауытының да қосып отырған үлесі зор. Аудандағы елді мекендердің басым бөлігі орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұндай игілікті істер алдағы кезде де жалғаспақ.
Ал Қаратал ауданында биыл кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары шеңберінде 291 млн. теңгеге 53 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Осы бағытта келесі жылы да жүзеге асырылатын жобалар бар. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде Қожбан ауылында 20 орынға арналған бастауыш мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қарақұм ауылында жалпы құны 133,2 млн. теңгеге сумен жабдықтау жүйелері құрылысының жобасы аяқталған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1806,3 млн. теңгені құраған. Ауылшаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларында да атқарылған жұмыстар аз емес. Нәтижесінде бюджетке 365 млн. теңге көлемінде салық түскен.
Сарқан ауданы бойынша жалпы ішкі өнім көлемі 40 млрд. теңгеден асқан. Жыл соңына дейін өнеркәсіпте 3 млрд. 420 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 103,3 пайызды құрамақ. Биыл дәнді дақылдардан 120 909 тонна астық жиналып, әр гектардан орта есеппен 24,8 центнерден өнім алынған. 72 100 тонна қант қызылшасы жиналып, зауытқа 64 380 тонна өнім өткізілген. Келер жылы ауыл-шаруашылығы бойынша өндірілетін өнім көлемін 35 млрд. 314 млн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сонымен бірге қант қызылшасы алқабының көлемі мен дақыл түрін көбейтуге көңіл бөлінбек. Аймақта ірі қара, ұсақ мал, жылқы, түйе мен шошқа және құс саны өсіп, жылдық меже орындалған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жүзден аса ірі қара мен қой сатып алынған.
Алма бағын өсіру жұмыстары да жақсы жолға қойылыпты. Жекеменшік үй салу үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарқан қаласында 26,6 гектар жерге инженерлік-коммуникациялық желілер салынып, 192 үйдің орны белгіленіп, тұрғын үй салу кезегіндегі адамдарға берілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 үйдің құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Тұрғын үй кезегінде тұрғандармен банк өкілдерінің қатысуымен жиындар өткізіліп, «7–20–25» бағдарламасының тиімділігі түсіндірілген. Қазіргі таңда осы бағдарламаға қатысуға 60 азамат ниет білдіріпті. Тұрғын үй салу бойынша келесі жылы да құрылыс жұмыстары жанданбақ. Бүгінде 36 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Аудандық ішкі істер бөлімімен аймақта «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Мас жүргінші», тағы басқа жедел түрде алдын алу іс-шаралары жүргізілген. Алдағы уақытта да іске асырылатын жұмыстар мен жоспарлар ұшан-теңіз.
Күреңбелдіктердің де әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар. Негізгі индикативті көрсеткіштер толық орындалған. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда асыра орындалған. Аймақтарды индустрияландыру картасы» бағдарламасына 1 жоба енгізілген. Ол жылдық қуаты 1 млн. 200 мың тонна өнім шығаратын «Ала Цем» ЖШС-нің цемент зауыты. Қазіргі кезде зауыт құрылысын Сингапур-Қазақстан бірлескен кәсіпорны жүргізуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 300-ден аса отандық жұмысшылар тартылыпты. Өсімдік майын шығаратын «Риза май» кәсіпорны іске қосылып, қосымша жұмыс орны құрылған. Өнімі сұраныс болса Қытай еліне экспортталады. Алдағы жылы «Жарық Энерго» ЖШС Көктал өзені бойынан қуаттылығы 50 мГвт-ты құрайтын ГЭС-тің құрылысы басталмақ. Ауылшаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 28 млрд. теңгеден асқан.
Сарыөзекке дейін табиғи газ тартуға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Жоба аудан орталығын табиғи газбен қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта аймақтың 24 елді мекенінде тұратын 36 мың халықты табиғи газбен қамтымақ. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 6 білім нысаны ағымдағы жөндеуден өткен. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы жүзге жуық адам кәсіпкерлік негіздерін оқу курсын аяқтап, сертификат алған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Арқарлы, Тастыбастау, Майтөбе, Қаспан, Шанханай, Жаңалық ауылдарының су жүйелерін жаңалауға және оның құрылысына 654,0 млн. теңге бөлініп, жыл соңына дейін толық игерілмек.
Сондай-ақ, жиында орын алған кемшіліктер тізбектеліп, күрмеуі тарқатылуы тиіс проблемалар алға тартылды және оның оң шешімін табу жолдары қарастырылды. Аудан әкімдері әсіресе тозығы жеткен автокөлік жолдары мен ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, ауызсу мәселесін шешу, істен шыққан су жүйелерін қалпына келтіру, маман тапшылығын жою, үш ауысымды мектептерді болдырмау, білім саласында материалдық-техникалық базаларды жаңалау, әлеуметтік маңызы бар ескірген ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңадан салу, жол бойлары мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, көше арықтарын ретке келтіру, «Нұрлы жер», «7–20–25» бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру, құрылыс жұмыстарын жандандыру сияқты мәселелердің оң шешімін табуына ерекше ден қойды.
Жиын соңында Лаззат Махатұлы өз ойымен бөлісіп, жалпы өңір экономикасының даму көрсеткіштерінің жаман еместігін назарға алды. Енді бұған масаттанбай алдағы уақытта да жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды жандандырып, күш салу қажеттігі жөнінде тапсырмалар берді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА.




