Бұл сурет Талдықорған қаласының орталық көшесіне ілінді. Анығырақ айтайықшы, Лениннің басы бар билборд Балпық, Ескелді, Қабылисадай үш бидің еңселі ескерткішімен басталып, Қабанбайдай қаһарман тұлғаның өр бейнесімен түйінделетін Тәуелсіздік көшесінің бойында тұр.
Тәуелсіздік дегеннен шығады, баяғыда Алматыда азаттық деп кеудесін мұзды суға тосып, қар жастанған Желтоқсанның қайсар жастарымен бірге Талдықорғанның да студенттері үш ғасырлық отарлық езгіге қарсылық танытқан еді.
Бүгінгі ұрпақ Қызыл империяның қабырғасын сөккен сол кездегі жастардың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп өскен жастар қазақ халқының біртұтастығы жолында жанын құрбан еткен Керей мен Жәнібектей, Абылай мен Әбілқайырдай, Махамбет пен Кенесарыдай тұлғаларын, кешегі Алаш қайраткерлерін жатқа біледі. Түр-тұлғасын анадайдан таниды. Өйткені, олардың өнегелі істері әрбір өренге өр рух сыйлайды. Келешекке талпындырып, асқақ арманына қанат бітіреді. Бірақ № 20 және № 4 білім ордаларынан шыққан (суретке жақын орналасқан мектептер) оқушылар мына билбордты түсіне алмай дал.
— Мына қызыл суреттегі ата кім?
— Білмеймін.
— Тәуелсіздіктің бойында тұрса, ұлт үшін қызмет еткен тұлғаның бірі шығар.
— «ВЛКСМ» 100 ЖЫЛ» деген не сөз?
— Білмеймін.
— Ертең ұстазымыздан сұрап көрейікші, — деседі мектеп оқушылары бір-біріне қарап.
Бәлкім, кешкілік үйіне кірген соң ата-аналарынан, ата-әжелерінен сұрап көрер. Дұрысы — ата-әжелерінен сұрағаны жөн-ау. Олар тарихтың ақтаңдақ беттерін біледі. Миллиондаған қазақтың қолдан жасалған аштықтан көз жұмғанын, мыңдаған ұлт зиялысы қызыл саясаттың кесірінен жазықсыз атылғанын еппен түсіндіріп, айтып берер.
Айтпақшы, былтыр Алашорданың 100 жылдығы өткен еді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





