Бір ғасырдан бері үзбей шығып, күнара оқырмандармен қауышып жататын «Жетісу» газетінің Елбасымыздың ел дамуындағы көрсетіп отырған сара жолдарын насихаттауда, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатын қолдауда, Жетісу халқын алда тұрған кең ауқымды міндеттерді орындауға жұмылдыруда, жастарды ұлттық құндылыққа тәрбиелеуде, жалпы, қоғамдық-саяси өмірде көтеріп келе жатқан жүгі орасан зор.
Басылымның іргесін қалаған дүлдүл ақын, майталман жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің газетте қалдырған қолтаңбалары сайрап жатыр. Бір буын өкілдерінің жақсы істерін келесі буын жалғастырып, газеттің деңгейін төмендетпей, оқырман көңілін дөп тауып, мазмұнды да тартымды етіп, түрлендіріп шығарып келеді. Жастарға Отанын, елін, жерін сүюде патриот етіп тәрбиелеуде 2008 жылдан «Жетісу» газетінің ішінен айына бір рет шығып келе жатқан «Ардагер» газетінің алатын орны ерекше. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің жүріп өткен жолдары мен бай тәжірибе жинаған өнегелі өмірлері кім-кімге болса да тәлім аларлық үлгі-өнеге. Ардагердің әрбір санының материалдары мазмұндылығымен жастарды да, жасамыс адамдарды да, егде тартқан қарттарды да бейжай қалдырмай, газет мақалаларын тұтастай толық оқып шығуға еріксіз жетелейді. Газет ішіндегі «Ардагер» газетінің 190 нөмері шықса, соның ішінде ардагерлердің өнегелі өмір жолдары туралы, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы, жастар тәрбиесі туралы жазған қырыққа жуық мақалам шықты. Соңғы кездегі газет ішінде ай сайын бір рет шығып келе жатқан «Ұлт ұяты» да оқырмандарды кеңінен баурап алды. Мұнда да менің бес мақалам шығып үлгерді. Мұны мен, әрине, мақтан тұтамын. «Жетісу» газетінің жарты ғасырдан бері етене жақын, сырлас оқырманы ғана емес, штаттан тыс тілшісі болып келемін. Оқырман хаттарынан тұратын «Айтарым бар», «Іште пікір өлгенше», «Бірауыз сөз», «Көрмейін десем..», «Көңіл терезесі» секілді айдарлармен берілген мақалалар да көптің көңілінен шығуда. Газет ұжымының талмай ізденулерінің нәтижесінде жыл сайын жаңа жылда газет айдарлары он шақты жаңа айдарлармен толығып отырады. 2013 жылдан бергі бес жылды алсақ, 100-ден астам жаңа айдарлар қосылғанын аңғаруға болады. Көптеген мамандық иелері өздеріне керекті қажеттерін осы «Жетісу» газетінен тауып ала алады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде мұғалімдер мен тәрбиешілер тәлімі мол мақалаларды аптасына кездестіріп отырады десем артық айтқаным емес. Газет ұжымы соңғы жылдары жазуға қаламның қарымы мол ізденгіш, сен тұр, мен атайын деген жас журналистермен толыққанын, үзбей газет оқып отыратын көзі қарақты оқырманның аңғармауы мүмкін емес.
Басылым ұжымын жақында болатын бір ғасырлық тойымен құттықтай отырып, республика аумағындағы газеттердің ішінде бұрынғыдай ата басылым болып, алғы саптан көріне беруіне тілектеспін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, кәсіптеріңізге шығармашылық мол табыс, түрлі байқаулардың жеңімпазы болуларыңызға игі тілегімді білдіремін.
Нұртай Қыдыралыұлы,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Көксу ауданының
Құрметті азаматы




