Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 17-5-6/118 «Балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы» бұйрығына сәйкес орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Қаратал инспекциясы бөлімІ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Таза су» акциясы өтті.
Бәйшегірде ауыл әкімдігі мен тұрғындар Қаратал өзені жағалауын тазалауға білек сыбана кіріскен. Жұмыс өте қызу жүргізілуде. Өзеннен шыққан күл-қоқыстарды шығару үшін бірнеше «КамАЗ» жұмылдырылған. Әркім өз ісімен айналысып, тыным табар емес. Бірі қайығына отырып Қаратал өзенінің түбінде жатқан ауларды тазаласа, екіншісі жағалаудағы күл-қоқыстарды шығаруда. Осыдан кейін Қаңбақты ауылдық округіне қарасты Келте өзеніне барып тазалық жұмыстарын бақылап қайттық. Өзен маңында жүрген балықшылар тазалық жұмыстарын жұмыла істеуде. Шара барысында қорықшы Александр Угай: «Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Қаратал инспекциясы бөлім қызметкерлерінің ұйымдастыруымен болашақ ұрпақ таза суды пайдалансын деген ниетпен тазалық айлығын жыл сайын дәстүрлі түрде жүргіземіз. Бұл айда тек тазалық қана емес, сонымен қатар, балық аулауға да тыйым салынады. Өзен жағалауына демалуға келген жұртшылықтан күл-қоқыстарын тастамаса деген өтініш білдіреміз. Табиғатымыз, өзен-көлдеріміз таза болсын десек, жұмыс жыл сайын тұрақты түрде жүргізілуі қажет», – деді.
Осыдан кейін Қарақұм ауылына бардық. Мұнда ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары жиналып, Балқаш көлінің жағалауын тазалады. Сонымен қатар, балаларға тазалық жұмыстары жиі жүргізілу керектігін түсіндірді. Жиында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Қаратал инспекциясы бөлімінің басшысы Батырғазы Сейтжапаров: «Бүгінде Балқаш көлінің түбінде жатқан ескі 60-қа жуық ау шығарылды. Жағалаулар тазаланды. Көліміздің айналасы лас болса балыққа зиянын тигізеді. Қазір уылдырық шашатын ай. Сондықтан су айдындарын барынша таза ұстауға тырысамыз. Тазалық акциясына атсалысып жатқан жандарға алғысымды білдіреміз. Игі іс тек мамыр айында ғана емес, күнде жасалып тұруы қажет. Балқаш көлінің табиғи байлығын жоғалтпай сақтап қалу – біздің парызымыз», – деп атап өтті.
Иә, су – тіршілік нәрі. Қолда бардың қадірін біліп, өзен-көлдерімізді таза ұстап, іргеде жатқан айдынымызды аялай білейік.
Айдар ҚАЛИЕВ.



