Талдықорған қаласын газдандыру жұмысы мен жол құрылысы, тағы да басқа инфрақұрылымдарды жаңғыртуға байланысты жобалардың қауырт атқарылуы бірқатар қолайсыздықтарды да туындатты. Әсіресе қала ортасындағы жолдардағы ой-шұңқырлар көлік қозғалысын тежеп, оқыс оқиғалардың орын алуына себепкер болды. Осыған орай, түрлі арыз-шағым көбейіп, оның алды облыстық әкімдікке дейін жетті.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов осы мәселеге орай қаладағы бірнеше нысанды аралап көрді. Айдарбек Естебекұлы бастаған топ алдымен жол жөндеу жұмысы жүріп жатқан Шевченко көшесін бойлап, Қабанбай мен Құрманов көшесіне дейінгі аралықты аралап шықты. Жұрт айтса айтқандай, сауда орталықтары ең тығыз орналасқан көше бойындағы ретсіз жағдайлар молынан кездесті. Жол жөндеу жұмысы жүріп жатқан көшеде қайшыласқан көліктер иін тіреседі, шашылған қоқыс пен әр жердегі топырақ үйінділері араласып жатыр. Осындай жағдайда жол жиегіне шатырын тіге салып, көкөніс, жеміс-жидек, тағы да басқа азық-түлік тауарын саудалап отырғандардың санитарлық тазалық туралы ойлай бермейтіні де белгілі. Жаяу жүргіншілер жүретін жолдан бала-шаға, кәрі-құртаң адамдар мен мүгедектердің жол тауып өтуі мүмкін емес. «Сақтансаң сақтаймын» дегендей, жағдай осылай жалғаса берсе, күні ертең жұртты дүрліктіретін оқыс жағдайдың орын алуы әбден мүмкін.
Мұны көріп шыққан Айдарбек Естебекұлы осы жұмысқа қатысты қалалық мекеме басшылары мен құрылыс жұмысын жүргізіп отырған мердігер компания өкілдеріне орынды сын айтты. Сонымен қатар, жол құрылысын қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізу керектігін еске салды.
Көктем шыға қаланы газдандыру жұмысы да қарқын алды. Әсіресе, қала маңындағы жұмыс ауқымы кең. Абай көшесі мен Құрманов көшесінің қиылысына келіп тоқтаған тексеру тобы ол жерде жүріп жатқан газ желісін тарту жұмысымен танысты. Әсіресе, газ желісі жолды кесіп өтетін жерлерде дер кезінде қалпына келтіру жұмысы атқарылмайтындықтан жырым-жырым көшелер жүргіншілердің мазасын алып бітсе, толық жабылмаған шұңқырдың салдарынан көлік соқтығысы жиі орын алып, тұрғындарды күтпеген шығынға ұшыратуда.
Осы жағдайды көрген облыс әкімінің орынбасары мердігер компания өкілдеріне газ желісін тартумен бірге бүлінген жолды жөндеу жұмысын қоса атқаруды қатаң тапсырды. Жұмысты толық бақылауға алмай ағаттық жіберген тиісті мекеме басшыларына сын-ескертпе айтты. Сондай-ақ, мердігер компания өкілдеріне жұмысты уақытында орындаумен қатар қауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігін қадап айтты.
Қажет АНДАС.




