Бір шеті құмға сұғынған, жағалаған жұрттың өзегін талдырмас үлкен өзені бар, өзі де сол өзеннің атымен аталған Қаратал ауданы мал баққанға таптырмас мекен. Төрт түлікке жұғымды ұйық бұл. Сөзіміздің айқын көрінісі – Бастөбе ауылының іргесінде орын тепкен «Азиз» жеке шаруашылығы. Бүгінде шаруашылықтың өрісі төлді, малы қоңды.
Шаруашылық іргетасы 2007 жылы қаланған. Мұнда негізгі бағыт есебінде Шопаната түлігін өсіру мәселесі көзделген. Әуелде жүз бас қой алып, қора-қопсыны да тыңнан тұрғызған ұжым бүгінде қойдың басын 1200-ге дейін жеткізді. Оның 800-ден астамы туыт малы. Биылғы төлдеу науқанында да туу көрсеткіші айтарлықтай болып отыр. Мәселен, әр жүз саулыққа 110 бас қозыдан айналған.
Ұжым басшысы Азиз Байрамовтың айтуынша, мұнда қазір қойдан бөлек 200 басқа жуық жылқы, 250 бас етті бағыттағы сиыр өсіріліп отыр. Сонымен бірге бағымдағы малды асылдандыру мәселесі де жолға қойылған. Айта кетерлігі, Азиз Ыдырысұлы 2013 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына қатысады. Нәтижесінде, 11 млн. теңгеден астам қаржыға ие болып, оған 50 бас ірі қара, 3 бас бұқа сатып алады.
Бүгінде шаруашылықта бағымдағы малды жемшөппен қамдау мәселесі де түбегейлі шешілген. Айталық, қазір шаруашылық иелігінде 4200 гектар жайылымдық, 180 гектар егістік жер бар. Осы суармалы жерге жоңышқамен қатар арпа, бидай сынды дәнді дақылдар егіледі. Сонымен бірге, шаруашылық биыл қызылша өсіруді де қолға алмақ. Оған да мүмкіндік көп. Бүгінде шаруашылықта 15-ке жуық техника бар.
Қазір берекелі ұжымда 12 адам жұмыспен қамтылған. «Мал баққанға бітеді» демекші, шаруашылық жетекшісі ырысының тасып, шаруасының дөңгелеп кетуін өзінің сенімді бақташыларының арқасы дейді. Сол себепті олардың жалақысы көңілге қонымды. Айына оларға 80 – 100 мың теңге көлемінде еңбекақы төленіп отыр.
Қаратал ауданы
Қозыбай ҚҰРМАН,
“Жетісу”




