Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде тыныштық, тұрақтылық, бейбітшілік сынды асыл ұғымдарды аялап келеді. Осыған орай елімізде «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жұмыс істеді.
Енді осы бағдарламаның 2018 – 2022 жылдарға арналған екінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңде әжептәуір тәжірибе жинақталып, дін саласында жұмыс атқаратын мемлекеттік мекемелер мен түрлі бірлестіктер қажетті бағыттарды айқындады. Соған орай 2018 – 2022 жылдары нақты жұмыстарға көшу жоспарлануда. Бұрын жалпылама ақпараттандыру, халықтың діни сауаттылығын арттыру сынды жұмыстар атқарылса, енді бүгінгі интернет желісінде айтылып жүрген діни тақырыптар мен мәселелерді талдап, кереғар, теріс діни ағымдардың мәнін ашып көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бір мезгілде оңалту шаралары қолға алынуда. Өйткені, теріс ағымның жетегіне еріп кеткендерді қоғамға бейімдеу, халқымыздың ұлттық құндылықтарына қайтару мәселесі аса өзекті.
Алматы облысында тағы бір аудан ашылып, халықтың саны өсуде. Жетісу жерінің ұлттардың көп шоғырланған аймағы екендігі тағы бар. Халықтың саны артқан сайын түрлі конфессиялардың болуы заңдылық. Атап айтсақ, елімізде тіркелген 18 конфессияның 12-сі біздің облыста жұмыстарын жүргізеді. Осының өзі атқарар міндет ауқымының кеңдігін көрсетеді. Олардың ішінде ең ірісі ретінде Ислам дінін айтуға болады. Республикадағы Ислам діни бірлестіктерінің ішінде біз сан жағынан екінші орында тұрмыз. Алдымызда Оңтүстік Қазақстан облысы. Мұнда Алматы қаласының да әсері бар. Облыс тұрғындарының алып шаһарда жұмыс істеуі дін саласындағы ахуалды талдау қажеттілігін арттыра түседі. Бұл, біріншіден. Екіншіден, облыстың бірнеше ауданы көршілес Қытай, Қырғызстан елдерімен шектеседі. Елімізде тыйым салынған діни экстремистік топтар өкілдерінің алыс-жақын шет мемлекеттерде шоғырланғаны жасырын емес. Алдымызда сондай қауіптің алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар атқару міндеті тұр. Оны ел болып, қоғаммен бірлесе ғана еңсере аламыз.
Рахмет Есдәулетов,
облыстық дін істері басқармасының басшысы




