ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Жетісу жеріндегі сапарында облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бес ауданның бірқатар ауылшаруашылығы нысанын аралап қайтты. Сол ретте Қапшағай қаласындағы жаңадан салынып жатқан «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауыты мен «Green Land Alatau» жылыжай кешеніне ат басын бұрып, жұмыс жағдайымен танысты.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС «Роллтон» тауарлық белгісімен танымал жылдам дайындалатын кеспе, кең қолданыстағы тағамдар мен жартылай фабрикаттар дайындауға бағытталған. Зауыт әлі ресми түрде ашылмағанымен өндірістік желісі сынақтан өткізіліп, инженерлік желілер жүргізіліп, мамандар даярлануда. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 98 мың тоннаны құрайды. Өндіріс орнында 500 адам жұмыспен қамтылады. Мұнда әзірленген өнімдер ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Моңғолияға экспортталады.
Ал екінші нысан «Green Land Alatau» ЖШС – өңірдегі аса ірі, техникалық жабдықталуы жағынан озық жылыжай кешені. Жалпы алаңы 10,5 гектарды алып жатыр. Мұнда қияр мен қызанақты тамшылатып суару, гидропоника, жарықтандыру, тұмандату жүйелері, тағы басқа заманауи әдістер қолданылады. Сонымен қатар, климатты бақылау жүйесі де орнатылған. Кешен ішінде өлшеу және қаптау стансылары бар. Жылына 6 мың тонна өнім алынады. Қияр, қызанақ өсіріледі. Мұнда қазір 232 жұмысшы еңбек етіп жүр.
– Бұл жылыжай кешенінің даму деңгейі өзгелерге үлгі бола алады, сондықтан мұндай озық тәжірибені тарату керек, – деді ҚР Ауылшаруашылығы министрі.
Делегация келесі кезекте Іле ауданына қарасты Чапай ауылында орналасқан «Сарыбұлақ» ЖШС-ға тоқтады. Кәсіпорын құрамында жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы мен майбұршақ зауыты, бройлерлік құс фабрикасы бар. Мұнда 600-ге тарта жұмысшы жұмыс істейді. Жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тоннаға тарта ет өндіріліп, 75 мың тонна майбұршақ пен бұршақты дақылдар өңделеді. Өнімдері өзімізде және шетелге саудаланады.
Бұл жолы Жамбыл ауданындағы «Империя Фуд» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы да назардан тыс қалмады. Өткен жылы шаруашылық 618 тонна ет өткізіпті, мұнда қазір шамамен 2700 бас мал бордақылануда. Алдағы уақытта жылдық айналымын ұлғайтып, өндірістік қуатын 10 мың басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Шаруашылықтарды аралап, ел жағдайымен танысқан Өмірзақ Естайұлы Қаскелеңдегі Мәдениет үйінде облыстың ауылшаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Жиында министр Елбасының агроөнеркәсіп саласын дамытуға үлкен басымдық беріп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бес жыл ішінде аталған саладағы еңбек өнімділігі мен отандық өнімдерді экспорттауды екі жарым есеге ұлғайту туралы тапсырма жүктелгенін жеткізді. Сөз арасында облыс әкімдігінің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмысына оң баға берді.
Мақпал МЫСА.





