Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай Талдықорған қаласында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен «Тарихы терең, тағзымы биік ескерткіштер» атты іс-шара өтті.
Тарихи және мәдени мұраларды сақтау, қорғау және насихаттау мақсатында орталықта сәуір айының 10-18 күндері аралығында ескерткіштерді жөндеу, қайта қалпына келтіру және оларды насихаттау апталығы жоспарланып, сол шаралардың қорытындысы ретінде ескерткіштердің басында танымдық сағаттар ұйымдастырылды.
«Жастар» мәдени демалыс саябағындағы М. Мақатаев ескерткішінің басына гүл шоғын қою рәсімінен бастау алған шарада мектеп оқушылары ақиық ақынның өлеңдерін оқыды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Мәлікқызы, Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділ Исаханұлы ескерткіштердің тарихы мен қорғалуы, ақиық ақын Мұқағалидің мұрасы туралы тағылымды әңгіме өрбітті.
Аталмыш шара Н. Назарбаев мүсінінің алдында жалғасын тапты. Онда облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова, Д. Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Қадыржан Жексенов сөз сөйлеп, елдіктің белгісі болып табылатын ескерткіштерді қорғау бүгінгі ұрпақ парызы екендігін атап өтті. Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншісі Альмира Мусафирова ән шырқап, Оқушылар сарайы, тарихи-өлкетану үйірмесінің оқушылары тәуелсіздік туралы өлең оқыды.
Еңбек ардагерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысқан шараның маңызы зор, мәні терең. Ол ескерткіштерімізді қастерлеп ұстаумен қатар тарихи тұлғаларымыз туралы терең мағлұмат алып, оларға деген құрметімізді арттыруға жетелейтіні анық.
Алма ЕСЕНБАЕВА.




