Тазалық айлығы аясында Қапшағай қаласына келген арнайы тексеруші топ алдымен негізгі көше бойларын аралап көрді.
Көктемгі сенбілікке шыққан қала тұрғындары осыдан бірнеше күн бұрын тазарту жұмыстарына кірісіп кеткен. 800 түп шырша, тал отырғызылған. Сондай-ақ, ретсіз өскен ағаштар бұталып, көше бойлары да тұрмыстық қалдықтардан тазарған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Сағынай Сағитов сенбілікке он мыңнан аса адам күші жұмылдырылғанын, 42 тонна қалдық шығарылғанын мәлімдеді.
Ал, Шеңгелдіге келгенімізде, ауыл шетіндегі үйлердің маңынан шашылып жатқан қоқыстарға тап болдық. Ауыл іші де айтарлықтай мәз емес. Ауыл көркін кетірген келеңсіздіктер сенбілік шаралардың өз деңгейінде өткізілмей отырғанын аңғартты. Комиссия мүшелері ауыл әкіміне сын-ескертпелер айтты. «Ауылдан мың жарым тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Олардың дені көбінесе күл мен малдың қиы. Заңсыз төгілген жерлер де бар. Бәрін бақылау мүмкін емес, мейлінше қадағалап жатырмыз», – дейді ауыл әкімдігінің өкілі.
Заречный ауылының да сенбілік жұмыстары тексеру тобының көңілінен шыға қоймады. Көпқабатты үйлер мен аулалар арасында бей-берекет төгілген қалдықтар ауылдың ажарын кетіріп тұр. Әкімшілік адамдары жекеменшік жердің иелерін тауып, тазалатамыз, бұл олқылықты орнына келтіреміз деп отыр. Мұнан өзге әкімдік өкілдері елді мекеннен 150 тонна қоқыс шығарғанын алға тартты. Десе де тұрғындардың айтуынша, сын көтермей тұрған мәселе тазалыққа жауапты «Сенім – Қапшағай» серіктестігі тұрмыстық қалдықтарды өз уақытында жинап үлгермейтін көрінеді. Өкінішке қарай, Қапшағай қоқыс полигоны әлі күнге дейін қоршалмағандықтан тұрмыстық қалдықтар желмен ұшып, айналаны ластап жатыр. 19 гектарды алып жатқан төгінділер алаңынан жақын уақытта төрт бірдей қайта өңдеу зауыттары ашылмақшы. Аталған өндіріс орны іске кіріссе, бұл мәселе де өз шешімін тауып қалар деген сенімдеміз.
Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы




