Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы Әбілсейіт Айхановты еске алуға арналған ерлер арасында еркін күрестен республикалық турнирдің жалауы желбіреді. Аталмыш жарысқа бітімі бөлек хас балуанның отбасы мен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР қатысты. Ортаға сап түзеген екі жүзден аса балуандардың алдында доданың шымылдығын түрген Жақсылық Мұқашұлы өңірдегі спорт саласына кеңінен тоқталды.
– Алматы облысы таланттардың мекені. Әрбір спорттық бәсекеде мерейіміз артып, жеңіс тұғырынан көрінеміз. Халықаралық аренада да атой салған спортшыларымыз көп. Алып тұлғалы Әбілсейіт ағамыздың жолын қуған Мәулен Мамыров Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Нұрбақыт Теңізбаев Бейжіңде күміс алды. Одан кейін Әлем чемпионатында қолаға қол созған Дәурен Жұмағазиев бауырымыз бар. Міне, осы азаматтардың барлығы Әбілсейіт ағамыздан кейін аталады. Келмеске кеткен Кеңестің солақай саясатының кесірінен Әбілсейіт атамыз әлем Олимпиада ойындарына қатыса алмады. Бірақ, бойындағы ерекше дарыны, қайтпас мінезі мен намысы сынбады. Сол Олимпиаданы ұтқан А. Иваницкий, үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьтің жауырынын жер иіскетті. Осы қаһармандығымен тарихта аты қалды. Бүгінгі жарыстың өту себебі де осы. Әбілсейіт атамыздың еңбегі ұшан-теңіз, болашақ чемпиондардың шыңдалып шығуына септігін тигізеді және ұлы тұлғаларымыздың есімін дәріптеу арқылы біз жас ұрпақты патриотизмге, салауаттылыққа тәрбиелейміз деді. Мұнан кейін республикамыздың барлық аймағынан келген 200-ге тарта балуанға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады.
Жетісу жерінде күрестің қай түрін алсақ та, онымен шұғылданушылардың саны күннен-күнге артып келеді және түрлі дүбірлі жарыстарда облысымыздың балуандары жақсы өнер көрсетіп, намысты қолдан бермеуде.
Әбілсейіт Айханов ағамыз көзі тірі болса бүгінде 80 жасқа толар еді.
Қазақ еліне сала қызметкері ретінде де жалпы спорттың және еркін күрестің дамуына айтарлықтай орасан зор үлес қосқан даңқты балуан. Десе де, ол кісінің есімі, ерен еңбегі – әр қазақтың жүрегінде. Қазақстанның ауыр және жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі 11 дүркін чемпионы болған. Сондай-ақ, КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы, КСРО Кубогының иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған балуан Әбілсейіт Айхановтың атқарған істері тарихта сақталып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалады деп ойлаймыз.
Екі күн бойы Жетісу жерін дүбірге бөлейтін балуандардың осалы жоқ. Он салмақ дәрежесінде сынға түсетін бозкілем шеберлерінің жеңімпаздарын келесі мақаламызда айтатын боламыз.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.





