Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов ауданды аралаған сапарында бірнеше өндіріс орны мен әлеуметтік маңызы бар мекемеге барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Еңбек ұжымдарымен кездескен халық қалаулысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін кеңінен түсіндірді. Депутатпен аудан әкімі Жандарбек Далабаев бірге жүрді.
Алдымен Қасымбек ауылы маңындағы «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын тіреген депутатты кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Чалых бастаған жұмысшылар жылы қарсы алып, емен-жарқын әңгімелесті. Серік Әбікенұлына фабрика басшысы өндіріс орнынан біраз мағлұмат беріп, бұдан алты жыл бұрын Шолаққарғалы селолық округінің аумағындағы бір қырқаға алғашқы қазығы қағылған кәсіпорынның аз уақыттың ішінде аяғынан тік тұрып, бүгінде табысты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Одан кейін аудан орталығындағы спорт кешенінің жұмысымен танысқан Серік Үмбетов ашылғанына екі-үш жыл ғана болған жаңа нысанда 450 адамның спорттың 8 түрімен шұғылданатынын сұрап білді. Онда таэквондо, бокс, күрес залдарында жаттығып жатқан спортшылармен тілдесіп, жүзу бассейні, фитнес залы сияқты үйірмелерді аралап көрді. Кешен аумағында орналасқан футбол алаңында футболшылармен ашық-жарқын әңгімелесті. Халық қалаулысын аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ержан Қартаңбаев, спорт кешенінің меңгерушісі Самат Далабаев және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақберген Қайырлыбаев ауданның спорттағы жетістіктерінен хабардар етті.
Халық қалаулысының келесі сапары Қарақыстақ ауылында жалғасты. Осындағы «Табыс» шаруа қожалығында атқарылып жатқан тың істің тынысымен қожалық иесі, облыстық мәслихаттың депутаты Талғат Естібеков таныстырды. Мұнда 600 басқа арналған тауарлы-сүт кешені жұмысын бастаған болатын. Кешен құрылысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен салынған. Өндіріс орындарында тер төгіп жатқан қарапайым еңбек адамдарымен жылышырайлы жүздесу барысында халық қалаулысы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің қазақстандықтардың ең өзекті деген мәселелерін шешуге тың серпін бергенін, мұның өзі халықтың жағдайын жақсартуға жасалған зор қадам болғанын, еліміздің ынтымақ-бірлігі, тыныштығы басты құндылықтар екенін атап өтті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.





