Апта басында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов пен Нұрлан Қылышбаев және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Қарасай ауданында болып, аудан активімен жолықты. Алқалы басқосуды аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ашып, жүргізіп отырды.
– Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 5 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін жариялады, – деп бастады Махаббат Сәдуақасұлы жиынды. – Бүгіндері еліміздің барлық аймақтарында осы бастаманы талқылау, атқарылып жатқан шараларды, мемлекеттің бағыт-бағдарын түсіндіру мақсатында кездесулер өткізілуде. Бүгінгі басқосуға Қарасай ауданының активі, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіподақ ұйымдарының және Қоғамдық кеңестің төрағалары, колледж директорлары, банк өкілдері және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басшылары шақырылып отыр.
Алғашқы болып мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсаханов ең алдымен жиналғандарды жыл басы – Наурыз мерекесімен құттықтап, жерлестерімен жүздесудің орайы келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Осыдан кейін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Қазақстан халқының тұрғын үй, жоғары білім алу, жалақының көтерілуі және мұқтаж адамдардың өмірін жақсарту сияқты негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын баса айтты. Бұл әсіресе жастар мен жас отбасыларын сүбелі қолдау болып табылады. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы еліміздегі көптеген отбасылардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Шағын несие беру, оның үстеме пайызын азайту азаматтардың өз істерін ашуына септігін тигізбек. Қосымша білім гранттарын беру және жаңа жатақханалар салу мыңдаған жас жеткіншекке алаңсыз өмір сүруге жол ашатыны сөзсіз. Республикамыздың орталық және солтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету – экологиялық мәселелерді шешуге, азаматтарымыз үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Президент бастамаларын іске асыру мемлекетіміздің дамуына қуатты серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еліміздің экономикалық өсуіне ықпал етері анық.
Аңсар Тұрсынханұлы өз сөзінде жастардың жоғары білім алуы, ол үшін студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін нақтылы шаралар ұсынғаны белгілі. Бұл үшін жыл сайын берілетін 54 мың грантқа 2017 – 2018 оқу жылы қосымша 20 мың оқу гранты бөлінбек. Бұл Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында мыңдаған жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласындағы мамандар туралы сөз болып отыр. Аталған шаралар мектеп түлектерін жоғары біліммен кеңірек қамтуға және жастардың неғұрлым көбірек техникалық мамандықтар алуына жағдай туғызбақ.
Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас білім алып жатыр десек, олардың 30 пайызы мемлекет бөлген грантпен оқуда. Жергілікті бюджеттен оқу грантын бөлу мәселесі де заңдастырылды. Олар өздеріне аса қажетті мамандықтар бойынша жастарды оқуға жолдай алады. Сонымен қатар, бір маманды даярлауға арналған қаражатты 336 мыңнан 635 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған. Бұл – маман даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған шара. Соның ішінде ауылшаруашылығына қажетті мамандар әзірлеудің қажеттілігі де артып келеді.
Осы жайларды баяндай келе Аңсар Тұрсынханұлы өзге өңірлерден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де талқыға салып өтті. Бұл тұрғыда мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобасын қолдану күн тәртібіне қойылып отыр. Инвесторлардың шығындарына мемлекеттік кепілдендіру арқылы бұл жұмысты да жолға қою көзделуде.
Төртінші бастама шағын несие беру, кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығын өркендетуге қатысты. Бұл жерде шаруалар үшін тиімді жағдайда шағын несие беру кәсіпкерлік пен өзін-өзі қамтитын азаматтардың санын арттырудың ең тиімді жолы болып табылады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өткен Аңсар Тұрсынханұлы бұл шаралар халықтың табысын арттыруға және әр қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін баса айтты.
Жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев Бес әлеуметтік бастамадағы «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарына тоқталып өтті. Нұрлан Наурызұлы баспаналы болу, тұрғын үй сатып алу – әрбір азаматтың басты армандарының бірі екенін тілге тиек ете келіп, бұл мәселені дербес шешу әр адамның қолынан келе бермейтінін де айтып өтті. “Бұл мәселені шешуге бүгіндері «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданғанын білеміз. Осы орайда Елбасы әрбір азамат үшін қолжетімді «7-20-25» бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл жерде банктың сыйақы мөлшері 7 пайыздан, алғашқы жарна 20 пайыздан асырылмай, несие мерзімін 25 жылға дейін ұлғайту жұртшылық үшін тиімді болмақ. Бұл жастардың бақуатты тұрмысына бастау болады деп ойлаймын», – деді сенатор.
Баяндаманы талқылауға шыққан аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» тиімділігі жайлы ойларын ортаға салса, облыстық «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы директоры Бауыржан Ботабаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алудың жолдары мен тәртібі жайлы түсініктеме беріп өтті.
Келелі басқосуды қорытындылаған Махаббат Сәдуақасұлы тағылымы мол осындай кездесулердің халықтың мемлекет саясатын терең түсініп, болашаққа ұмтылыс жасауына әсерін тигізетінін айта келіп, ауданға арнайы ат басын бұрып келген халық қалаулыларына жұртшылық атынан алғыс білдірді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.





