Жетісу жерінің шаншыған шыбық өніп кететін құнарлы топырағы кім-кімнің де қызығушылығын тудырары анық. Еуропаның қақ ортасында жатқан Польша елінің Люблин воеводасын басқаратын маршалы Славомир Сосновки мен облыс әкімі Амандық Баталов аймақаралық меморандумға қол қойып, әріптестікті нығайтуға келісті.
Облыстық әкімдікте өткен екіжақты келісім кезінде өңір басшысы меймандарға Алматы облысының жетістігін қысқаша таныстырып өтті.
– Құрметті қонақтар! Жетісудың қасиетті жеріне қош келдіңіздер! Табиғаты көркем, табиғи қазба байлықтары мол және инвестициялық климаты ыңғайлы өңір туралы айтуға рұқсат етіңіздер. Ауқымы 224 мың шаршы метрге тең, 2 миллионнан астам халық тұратын облыстың орталығы Талдықорған қаласында 172 мың адам мекендейді, – деген Амандық Ғаббасұлы соңғы жылдардағы көрсеткіштерге тоқталды. – Облыста негізінен ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі. Соған орай облысымыз республикада соя, жүгері, көкөніс, картоп, ет, жұмыртқа және биязы жүн өндіруден алдыңғы орынды алса, жүзім мен сүт өндірісінен екінші орынды иеленеді. Облыс көлемінде «Фуд Мастер», «Данон Беркут», «Кока Кола Ботлерс», «Филип Моррис», «ЛДжи Брендс» сынды әлемге әйгілі кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі өтіп, халықаралық «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағы жұмыс істейді. Өңірімізде таулар мен жазық даланың молынан кездесуі, табиғи мүмкіндігі жел қуатынан, күн қызуынан баламалы қуат көздерін өндіруге мүмкіндік береді. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осының өзі Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі.
Облыс әкімі атап өткендей, Жетісу жерінің құнарлы топырағы мал бағуға, дәнді дақылдар егуге, бау-бақша өсіруге ыңғайлы. Осыған орай шетелдік инвесторларды қуана-қуана қарсы алатынын жеткізген өңір жетекшісі Польша елінің делегациясын бастап келген Люблин воеводасының маршалы Славомир Сосновкидің лебізін тыңдады. Біздіңше бір өңірдің әкімі есептелетін маршал облыс басшылығының қонақжай пейілі мен шынайы ықыласына ризашылығын жеткізіп, агроөндірісі кеңінен дамыған Алматы облысына Польшада шығатын тракторларды, соңғы үлгідегі технологияларды және дақылдардың жаңа, өнімді сорттарының тұқымын алуды ұсынды. Осыған орай екі жақ аймақаралық меморандумға қол қойып, келісім құжаттарымен және бағалы сыйлықтармен алмасты.
Облыс әкімі Жетісу жерінің картасы бейнеленген картинаны табыстай отырып, өнер туындысында кескінделген Хантәңірі шыңы, Алакөл мен Балқаш көлдері, Алтын Адам туралы мағлұмат берді.
Мәди АЛЖАНБАЙ.





