Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев Қарасай ауданында жұмыс сапарымен болды. Аудан әкімінің орынбасары Жанат Тәжиев пен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амалбек Ықылас мәртебелі мейманға өңірдегі бірқатар нысанды таныстырды.
Депутат сапарын Райымбек ауылдық округінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген «Батыр бабалар» мемориалынан бастады. Халық қалаулысы ұлтымыздың сан ғасырлық тарихы мен қазақ мемлекетінің қалыптасуын баяндайтын құнды деректермен танысып, экспонаттарды тамашалады. Осыдан кейін Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына бас сұққан Сәкен Нұриұлы мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, жастық шағы және еңбек жолы турасында мол мағлұматтар жинақталған мекеменің жұмысымен танысты.
Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген орта мектеп 2017 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген болатын. Жаңа мектепте 52 мұғалім қызмет істесе, 515 оқушы білім алады. Елді мекенде атқарылып жатқан игі істермен таныстарған ауылдық округ әкімі Бақыт Жұманбаева осы мектептің салынуымен үш ауысымдағы оқу мәселесі біржола шешімін тапқанын баяндады. Алайда округ аумағында тоғыз ауыл мен 16 саяжай серіктестіктері орналасқандықтан балаларды мектеппен қамтамасыз ету толық аяқталды деп айтуға әлі ерте. Мәжіліс депутаты білім беру мекемелерін салу мәселесі бойынша қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді.
Депутат Елтай ауылында жаңадан бой көтерген тағы бір нысан – «Қарасай машина жасау зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Бүгіндері мұнда жасалған өнімдердің 95 пайызы Атырау облысындағы Қарабатан газотурбиналық стансысын жабдықтауға және Қарашығанақ пен Теңіз мұнай-газ өндірістеріне қажетті бұйымдар шығаруға бағытталған.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Сәкен Нұриұлы Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың маңыздылығы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты ойларымен бөлісті.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




