ТАРИХИ КҮН
Бүгін бізге тарихи күн өзгеше,
Отызыншы маусым күні келгеміз.
Атажұртқа жеткеніміз ол кеше,
Жиырма үш жыл артта қалды, елдеміз.
Қиядамыз, ұядамыз, Отанда,
Алшаң басып, арман қуып барамыз.
Елдің жүгі, ердің жүгі жотамда,
Айтсақ сенбес, өткен күннің бәрі аңыз…
Қиындығым қызығыммен жарысып,
Ұлтымменен тамыр тартып шым болдым.
Тағаламен, тағдырыммен танысып,
Қар-дауылға қайыспайтын шың болдым.
Жиырма үш жыл бір-ақ тәулік өткендей,
Қамықсам да өкінбеген сағаттар.
Көкіректі махаббат пен от керней,
Күмбірлейді күй төгілген шанақтар.
Отыз жаста, отызыншы маусым да,
Орнықтырып жүрегімді «үһ!» дегем.
Еркін шығып келе жатыр дауысым да,
Туды талай жүректері түкті өлең.
КҮДІК
Қараша қара дүрсін қарайды ми істетпей,
Барады зардап тартып заманнан қиыс кетпей.
Болашақ сірә қалай боларын кім біледі?
Ұрпағын өсіруде жусаннан иіскетпей!..
Кісінеп қырда жылқы, жанатын үйде тезек,
Әңгіме айтылған соң келетін күйге кезек.
Ғасырдан жеткен бір ән нәшімен шырқалатын,
Нөсердей төкпелетіп сом жігіт тілмен безеп.
Шымырлап тереңінен көңілге шыр бітетін,
Жарым түн аусадағы құлшынып жыр күтетін.
Сурылып сыртқа шығып аспанға қараған да,
Жұлдыздың саумал нұрын досымен бірге ішетін.
Шешіп ап бір тұлпарды мінесің мамағаштан,
Арыны соққан желдей алысқа ала қашқан.
Қазақтың досы жылқы қанатты жануарым,
Құйғытып кетесің-ау, алды-артқа қарамастан.
Көңілім қобалжиды жылқыдай жерсінбеген,
Атынан түскен жұртты жаулары менсінбеген.
Ұрпақтар өсіп жатыр ұяты ұйықтаған,
Тұлпардан ақ көбік боп борбайға тер сіңбеген…
ЕМ
Келмесін кері тартар күйреуік күн,
Жігітті ерте бастан мылжалайды.
Жоқтығы шұлғып басар бір көліктің,
Жасытып, жан-жүрегін мұң жалайды.
Аштыққа шыдайды екен, азапқа да,
Итжанды қарыстырып қатуланса.
Қорлаған құртады екен мазақ-таба,
Жеткізбей жер бетінде асу қанша.
Намысың күйремесін тау бұзатын,
Өзгесі өздігінен жұмылады.
Еңбекпен келіп тұрса аузыңа асың,
Қырсық та қисалақтап жығылады.
Жүрекке қуат керек дем беретін,
Ол – иман ұрындырмас шырғалаңға.
Пендеге ауық-ауық емделетін,
Кәлима құлатпайды бұл ғалам да!
ҚАРАЙМЫН
Қараймын шығып биік бір белеске,
Тағдырға есеп беріп күнде кешке.
Ағаттық, абайсыздық, өкініштер,
Түседі шұбатылған күндер еске.
Етеді еліне еңбек біреу малмен,
Ал, біреу ақылымен тіреу дәрмен.
Өмірге ұрпақ әкеп өңшең қыран,
Бір ағам мақтанады Білеу жармен!..
Тұтасқан қиюымен қиын ғалам,
Бірде қар, бірде дауыл құйындаған.
Біреуге тақ бұйырса, бақ бұйырса,
Біреуге ұлтарақ та бұйырмаған…
Қақым жоқ кінә тауып қоятындай,
Санаңыз сауықпайды ой айтылмай.
Халықтың осы күнде көбі пақыр,
Бір уаққы ас таппайды тоятындай.
Болмай тұр өнер керек, өлең керек,
Күрсінер төменде жер, төбеңде көк.
Тобырлар той биіне тоғытылып,
Секіріп, секеңдемек, сереңдемек!..
Әрине жырлайтын көп менен асып,
Болды екем сұлу сөзге неге ғашық?
Аңсайды сүйген жүрек ұнатқанын,
Қақпағын қара өлеңнің берем ашып.
АҚЫН МЕН БАТЫР
Қанымызда қара өлең ағысы бар,
Шымырлатар бойымда намысым нар.
Досқа шуақ, жауына жасын болған,
Малын, жанын қиятын Ар үшін бар.
Иә, сондай халықпыз жолым асыл,
Дәрет алып жуатын қолы-басын.
Ақ некелі жарымен жанасса да,
Құдай үшін құныттап шомылатын.
Көтін малып көрпеге таңғы ас ішкен,
Харамдардан емеспіз таңба түскен.
Тәнге тиген қылыштан қыңқ етпейміз,
Өртенеміз ұяттан арға түскен.
Бағынбаған дұшпанға бабам айқын,
Қырғын тапқан сол үшін дала жайқын.
Мынау байтақ өңірді сақтағаны,
Қасиеті батырды бағалайтын.
Ғасыр бар ма қапыда бас кетпеген?
Жылдар бар ма көзінен жас төкпеген?
Тілін, рухын жеткізген бүгінгіге,
Қасиеті ақынын әспеттеген!..
Тіршіліктің түр-түсі таныс маған,
Ферғауындар тұтқа емес, қан ұстаған.
Ақылынан адасар қоғам ғана,
Ақынынан Абайсыз алыстаған!
ҰЯТ ҚАРЫП…
Басады жүрер жолын тұяқ танып,
Тұлпардың аяғына көзі біткен.
Барады өн бойымды ұят қарып,
Жылқыдай бола алмадым, езіліп мен.
Жылқыдай бола алмадым, тектілікте,
Иірген ие болып үйіріне.
Бағзыдан серік болған көктүрікке,
Жау тисе кісінейтін бүйіріне.
Арқырап ышқынатын арқасына ап,
Дұшпанға лап қоятын иесімен.
Қайтпайтын қатуланып қан тасыған,
Қамбардың қаймықтырып киесімен.
Шайнайтын ауыздығын қаршылдатып,
Шабатын сар далада шаң ілеспей.
Арттағы қайта келмес алтын уақыт,
Жеткенім бір хикмет шамым өшпей.
Жасымда тұлпар мініп туламасам,
Не теңім жылқы жайлы өлең жазып.
Сол үшін қадамымды тура басам,
Пырақтан жұққан мінез ол ең нәзік.
Жылқы озды, пенде тозды тайғанағыш,
Сөзінен ісі басқа сөлекет тым.
Кете алмай көп қараймын тайдан алыс,
Жануар жауға алдырмас төре тектім..
Ән салған «Желқанат» деп, күй ақтарып,
Ұшатын қанат етіп қаба жалын.
Бабалар атпен асты мияттанып.
Қор болды ұмытқандар дала заңын.
Ертегі еске түсті баяғының,
Тапталған тарихыңның ая құнын.
Жаныңды бақытты етпес бастағы көз,
Сүрінер көзі жоқтар аяғының.
ЖАЗБАСАМ ДА
Жазбасам да мені ешкім қинамайды,
Тыныштықты табар ем миға жайлы.
Ой орманы сүңгітіп қойнауына,
Үстеліме арқандап, үй қамайды.
Жазылмай жүр шығарма көлемді бір,
Әдетімнен кедергі көрем қыңыр.
Әл жеткенге әрекет етсем деп ем,
Өткеліңнен өткіз сен, өлең ғұмыр.
Қиялымды түлкідей қылаң берген,
Қусам жете алмаймын құнан Кермен.
Егін еккен, мал баққан жақсы шығар,
Асып түсті азабым мұнан көрген.
Көп секілді көсіліп жазатыным,
Мақсатымды жарқырат таза тілім!
Жар салғанша жалғанға кірісейін,
Қарсы алғанша хал бітіп қаза түнін!
ДАУЫЛ
Қонып ед ауыл жазыққа,
Жайлауды көріп түледік.
Желбауын байлап қазыққа,
Шаңыраққа сырық тіредік.
Сұрапыл дауыл сабалап,
Бұршағын қоса бүрікті.
Сойылдап жатты қамалап,
Қой ықтап, жылқы үрікті.
Бастырық салып арқанмен,
Кереге түбін қымтадық.
Сақтанушы едік әр таңмен,
Отырар едік шымқанып.
Болмады себі бәрінің,
Үдетті күшін есікке,
Ойладық қамын кәрінің,
Сәбиді бөлеп бесікке.
Су болған киіз шыланып,
Құрысып бара жатты ығып.
Ақ доптай желін шығарып,
Жіберді жерге жапсырып.
Шаңырақ сынып, сырығым,
Сидиып шықты аспанға.
Кереге, уық сынығын,
Көрдім мен, үй кеп басқан да.
Көшпелі жұрттың көргені,
Жалғасар солай мың рет.
Бар шығар малдың өлгені,
Сау қалдық біздер Құдірет!..
Сатырлап өтті қасқағым,
Отбасым түгел туысым.
Еңбектеп шыға бастадым,
Есіктің тауып қуысын…
ТҰТАСТЫҚ
Тұтас болдық, кезінде ту ұстадық,
Жұмыр жердің жартысын уыстадық.
Ал, сонан соң шайқастық мүйіздесіп,
Кең қолтыққа жау шапты қуыс қалып.
Әлділері әлсізін ығыстырған,
Батыс батпақ, меңіреу шығыс тұман.
Қолдан түсіп жайнамаз, күміс құман,
Қапияда бұзылды тыныштық-ән!..
Бірің астың даланың қырық белін,
Тартып алдың талайдың тіліп төрін.
Жарты әлемді жайпадың бас идіріп,
Қанат жайған қиянға Түріктерім!
Бөлінгесің хандыққа, қағандыққа,
Кім араша болады алаң жұртқа?
Есіктегі құл еді бір кездегі,
Жалшы болдың бір тобың жалаңбұтқа.
Қилы заман сырғыды дауыл ұрған,
Айрылғамыз адасқан ауылымнан.
Өлмеу үшін өзгеге өтті қаншау?
Көріп тұрып көз жаздық бауырымнан.
Жоян болдың сен кеше күшің есіп,
Мықтыларды мықшитқан мысың өсіп.
Тұлпар мініп, биенің сүтін ішіп,
Табысқасың жер тарпып кісінесіп.
Саның қырық, туың бар алтауың да,
Тайғаны жоқ, жерден құт аң тауың да.
Асыл текті ағайын тосырқамай,
Қауышатын кез жетті қаңтарылма!
Қырық ұлт боп қиыстау жүргеніммен,
Бірлігімді сеземін жыр деміммен.
Армысыңдар түріктің жұқанасы,
Сүйегіңді сұр тышқан жыл кемірген!
Шыңғыс, Темір әлемді теңселдірген,
Төмен болды ол кезде еңсең кімнен?
Түркістанды өтіпті тұғыр етіп,
Шарихпенен Ғарипті тең сендірген.
Бүгінгі біз солардың заузатымыз,
Тас беттерін тарихтың аунатыңыз!
Мойныңда бабалар аманаты,
Жазирасын жалғанның сау басыңыз!!!
ТӘУЕЛСІЗДІК
Қалдырып күндерімді қиын, мүшкіл,
Отанда еркін жүрмін жиырма үш жыл.
Тәуелсіз мемлекетке «азамат» боп,
Елдіктің еміренген сыйын құштым!..
Алланы мақтан етем сүйгенімді,
Арнаймын ақиқатқа ми, демімді.
Құлатып желкемдегі жез тырнақты,
Қазаққа Жаратқаннан сый берілді.
Көп әлі жеткенімнен жетпегенім,
Ұрпақтар көрсін елдің көктегенін.
Бесігі бейбітшілік тербетіліп,
Ешқашан атылмасын оқ-беренің!!!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ





