Жаңа заманның жастары дәстүрлі әдіспен дәріс тыңдаудан әбден жалыққан. Тәуелсіздік дәуірінде туғандар кешегі кеңестік жүйемен көсілте сөйлейтін кейбір ел ағаларының айғақсыз ақылына құлақ түргісі келмейді. Өйткені, олардың ішінде өз өмірімен сабақтастыра отырып сыр шертетіндер санаулы. Бұл – алдыңғы буын жүріп өткен жолдан жирену деген жеңіл түсінік емес. Бар болғаны қазіргі жастарда талап пен талғам жоғарылаған. Өмірлік межелеріне қажетті құндылықтарды жасөспірімдердің өздері іріктейді. Олардың алдында ақтарылған адам албырт қой деп алдаусыратпай, тек ақиқатты айтуы керек. Сондықтан, жастарға жол сілтейтін әрбір жарқын тұлғаның сөзі мен ісінде саңылау болмауы тиіс. Биік мінберде байтақ елім деп төгілтетін, ал шаңырағында өзге тілде шүлдірлесетін екіжүзділер ел болашағына бағыт-бағдар бере алмайды.
Бұл жайлы Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен «Өмірім өлеңімнің өзегінде» атты кездесу кешінде ақын, публицист, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре ӘРІН әңгімелеп берді. Колледж студенттерімен кездесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «100 жаңа есім» жобасы аясында ұйымдастырылды. Студенттер сағына күткен құрметті қонағы сахна төріне көтерілгенде дүрілдете қол соқты. Білімді, бесаспап, бәсекеге қабілетті бүгінгі буын үшін дәлелсіз ділмарситын «данышпандардан» гөрі өз өмірінен өшпейтін өнеге ұсынып, тағдыр тармағынан сан тарау әңгіме тиегін ағыта білетін, сол арқылы тыңдаушының санасына сәуле құя алатын адам әлдеқайда қызығырақ. Жастар үнемі өздеріне бағытталатын сол баяғы сартап сынды, құрғақ сөзден құралған, негізі аз нотацияны күткендей еді осы жолы да. Бірақ алғашқы сауалға жауап беруді бастамас бұрын Әміре Әрін дәл осы күдіктің бұлтын сейілтіп, көңілді кейпімен көпшілікті бір жадыратып тастады. Дидарласу кешінің тізгінін қолға алып, құрметті қонақтың атақтарын қағазға қарамай тізбектеген Ардақ Қадыржанқызына айтылған әзіл бүкіл залдағы атмосфераны жеңілдетіп сала берді. «Біз журналист болған соң талай кешті көрдік. Талай кездесуде болдық. Бірақ дәл осылай әр сөзін жатқа айтатын жүргізушіні бірінші рет көруім. Бәлі, бүкіл атақ-дәрежемді жаттап алыпсың ғой. Рахмет!» – деді кеш қонағы. Жастар ду күлісті.
«Театр киім ілгіштен басталады». Ал колледждің жүйелі жұмысы ауласына кіреберістен байқалды. Құстың ұясындай жинақы оқу ғимаратында бүгінгі қоғамда ең көп сұранысқа ие мамандықтар оқытылады. Мұнда «Көркемсурет-әсемдеу жұмыстарын жүргізуші», «Ұста-сантехник», «Сылақшы-бояушы», «Жиһаз жинақтаушы», «Автогрейдер машинисі» секілді көп кездесе бермейтін маман иелері даярланып шығады. «Жиһаз жинақтаушы» мамандығының арқасында колледж жұмыс үстелдерінен, қабырға шкафтарынан, түрлі сөре мен әдемі орындықтардан таршылық көрмей келеді. Әміре Әрінұлы кездесу барысында колледждің өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған осындай артықшылықтарын сөз етіп, жиһаз жасауға маманданып жүрген студенттерге шексіз ризашылығын жеткізді. «Үлкен өмірдің бірінші баспалдағы мамандықты дұрыс таңдаудан басталады. Мамандығыңды сүймесең, болашағың да бұлыңғырлана түседі. Әлемде қаншама таланттар мамандығын дұрыс таңдамағанның кесірінен жолдары болмаған», – деді кеш кейіпкері.
Бұдан кейінгі сөз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Әміре Әрін ең алдымен әрбір тұрғын Мемлекет басшысына алғыс айту керектігін алға тартты. Сонау бір жылдары Түркияда 30-дан астам елдің басы қосылғанда бәрі бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің көшбасшысы деп танығанын, мұның өзі біздерге мақтаныш сезімін ұялататынын жеткізді. Сонымен бірге, жуырда Елбасы АҚШ-қа ресми сапармен барғанын, сол кезде алпауыт елдің басшысы Дональд Трамп біздің Президентті қабылдау үлкен абырой әрі бақыт екенін айтқан. Кеш қонағы Мемлекет басшысының мерейі ел мерейі екенін түсіндіріп, жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды.
– Өз тағдырымды өзім жасап келе жатқан адаммын, – деді ақын өз өмірбаяны туралы сауал қойылғанда. – Әкеден үш жасымда айырылдым. Анадан оныншы сыныпта қалдым. Орта мектепті тамамдаған соң бірде-бір рет аяқ басып көрмеген Алматыға аттандым. Бейтаныс қалада алғаш табаным тиген жер – «Саяхат» автобекеті. Орысша білмеймін. «Саяхаттың» автобус күтетін орындықтарында үш күн түнегенім есімнен кетпейді. Қасымда қаңғыбастар ұйықтап жатады. Үшінші күн дегенде атақты КазГУ-ды жаяу-жалпылап жүріп тауып, журналистика мамандығына оқуға тапсырдым. Ол кезде журналистика Қазақстан бойынша КазГУ-да ғана бар еді. Оқуға түсу өте қиын, талап жоғары. Әрине, түсе алмадым алғашқы жылы. Жетім бала болып ауылға қайтадан барғым келген жоқ. Құрылыс жұмыстарына қалдым. Бір жақсы жері құрылыста істесең уақытша пәтер беріледі. Мұнда да жан-жағым толған орыс жігіттер. Ештеңе білмейтін мені жұмысқа сылақшы етіп алды. Күніне төрт жүк көлігі цемент ерітіндісін әкеп төгеді. Мен оны арнайы көтергішке тиеп тұрамын. Ойлаңыздаршы, төрт жүк көлігі – он алты тонна сұйық цемент деген сөз. Мен соны күні бойы тиегішке құямын. Эрнест Хемингуэйдің: «Мықты жазушылар жетімдерден шығады», – деген сөзі рас-ау.
Тұп-тура бір жыл құрылыста жұмыс істеген құрыш білекті жігіт армандаған оқуына да түседі. Осы күнде ойлап қараса, жоғары білім алғаннан кейін өз бетімен қызметке алу туралы өтінішті өмірінде алғаш және соңғы рет жазыпты. Одан кейінгі қызметтердің бәріне арнайы шақыртумен, ұсыныстармен ғана ауысыпты. «Сендер де қабілеттеріңді шыңдаңдар. Ең бастысы еңбекқор болыңдар. Сонда сендерге сұраныс артады. Жұмысқа өздері шақырады, – деді кеш қонағы жастық шағындағы өмір соқпақтарын еске түсіріп. – Адам өзіне қатаң талап қою керек. Адам өзін-өзі қиындыққа салмай, алдынан ақ күн тумайды. Мәселен, сен домбыраны өзіңді қинап жатып үйрендің бе, ертесі гитараны, пианиноны меңгеру жеңілдей түседі. Қызметте де солай. Жетекші маман, бас маман, бөлім бастығы, әкім секілді қызметтік сатылардың қайсысында болмасын өзіңді жауапкершілікке үйрете білсең, тек жеңіске жетесің».
Әлі есінде, облыстық газетте журналистік қызметін абыроймен атқарып жүрген кезі. Бірде Қаратал ауданы әкімінен шақырту түседі. Барады, әкім қабылдайды. «Сізді қызметке алайын деп едім», – дейді әкім. Бұл болса Талдықорғанда пәтер кезегінде тұрғанын айтып қашқақтайды. Ойында бөлім маманы секілді бір қызметті ұсынғалы тұрған шығар деген қауіп басым. Әкім Әмірені жетектеп, терезенің алдына әкеледі де: «Анау тұрған «Волганы» көрдің бе?» – дейді қолын созып. «Иә, көрдім». «Көрсең, сол «Волганы» күнделікті мінесің. Жаңа есіктен кіргенде хатшы қызды көрдің бе?». «Иә, көрдім». «Дәл сондай хатшың болады. Қысқасы, мен сені өзіме орынбасарлыққа шақырып отырмын». Әрине, сенер-сенбесін білмеді. Облыстық газеттегі қарапайым тілшіге аудан әкімінің орынбасары лауазымы ұсынылды. Сасқанынан таңертеңге дейін ойлануға уақыт сұраған. Сөйтіп, бір-ақ күнде шығармашылықтан шенеунік қызметіне ауысып шыға келген. Алайда ақын қаламынан қол үзген жоқ.
– Өмірде маған ешкім бір тиын берген жоқ. Қайта мен беріп келемін. Өмірде алдымен Аллаға, сосын ата-анама қарыздармын, – деді Әміре Әрін кездесуде. Колледж студенттеріне дүниеге кірпіш болып қалай қалану керектігін жарқын мысалдармен түсіндірді. Бір кезде Алматыға орысша білмей келген жігіт облыстық «Огни Алатау» газетіне бас редакторлық қызметке ауысады. Сол кездегі облыс басшысы Серік Үмбетовтің қабылдауында Журналистер үйінің іргетасын қалау туралы ұсыныс тастайды. Бұл бастаманы құп көрген Серік Әбікенұлы өзінің орынбасары Амандық Ғаббасұлына Журналистер үйінің құрылысын бастау туралы тиісті тапсырма береді.
Ақынның айтуынша, адам әрқашан алдына жаңа мақсат қоя білгені жөн. Мейлі, ол жас, мейлі, ол қартайған болсын, мақсат үнемі жаңарып тұру керек. Мақсатпен бірге армандай білген адамға Алла да жәрдемдеседі. Армандай білсең Алланың назарына ілініп, ойға алған игі істерің жүзеге асады. «Ұжымым мені зейнетке шығаруға қимайды. Жүре беруімді өтінеді. Бірақ зейнеткерлік жастан кейін де өмір бар ғой. Дәл қазір менде кемінде он идея бар жүзеге асыратын. Жеке шаруашылығымды жандандырғым келеді. Ал осыдан кейін жетім баламен сөйлесіңдер», – деп әңгіме соңын әзілге айналдырған Әміре Әрін қойылған сауалға орай ақындық әлеміне қарай ойысты.
Кездесу қонағы Мұқағалидың: «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген туады қайшылықта», – деген жыр тармағынан мысал келтірді. Ақындық әлеміне: «Өлең тағдырдың түрлі сынағынан, өкінуден, омақа құлап, қайта тұрудан, жылаудан, күлуден туады. Осындай сөніп-жанған сезімдер мен тағдыр талқысы адамды ақын етеді. Ең алғашқы өлеңімді 4-сыныпта оқып жүргенімде анама арнап жазғанмын», – деді Ә. Әрін. Осы уақытқа дейін ақынның шығармашылық әлеуетін байқататын «Тылсым тыныс», «Тамызық», «Маздақ», «Томирис», «Айқабақ» сынды көркем туындылары жарық көрген. Сонымен бірге, публицистикалық жинақтары мен зерттеу еңбектері басылған. Бұл жайында кездесуде арнайы ұйымдастырылған «Әміренің әлемі» атты кітап көрмесінде кеңінен айтылып, автордың шығармаларына әдеби талдау жасалды.
Былтыр ақын халықаралық Алаш әдеби сыйлығын алды. 60 жылдық мерейтойын абыроймен өткізді. Облыс әкімі Амандық Баталов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берді. Бір сөзбен айтқанда, Жетісудың жампозына көрсеткен ықыласы шексіз. Әміре Әрінұлының сөзіне сүйенсек, мұншама абырой-атақты арқалап жүру бір бөлек те, ал сөзің мен ісіңе саңылау түсірмеу өз алдына бір бөлек міндет. «Қазақ тілін сүйіңдер, салт-дәстүрімізді дәріптейік деп биік мінберден ұрандата сөйлейтіндердің көбі отбасын ұмытып кетеді. Олардың балалалары, немерелері орысша сөйлейді. Менің екі ұлым шаңырақ көтергенде келіндерімді шақырып алып шарт қойдым. «Немерелер өмірге келгеннен кейін тек қазақша сөйлеуге көшесіңдер», – дедім. Қазіргі таңда үйлерінде тек қазақша сөйлейді, тек қазақша телеарналарды көреді. Немерелерім Алматыда тұрса да, бір ауыз орысша білмейді. Әрбір баланың тілі ана тілінде шығуы керек. Ең бірінші өз тіліңді жетік біл. Есейген соң да басқа тілдерді меңгеруге уақыт табылады. Екі ұлым да, қызым да қазіргі таңда бірнеше шет тілін біледі. Менің отбасымдағы басты жетістігім сол, қазақ тіліне деген құрмет шексіз», – деді Әміре Әрін.
Кеш қонағы ақылдылардың ішінде де өз пайдасын ойлайтын, залымдығы басым жандардың барын жасырған жоқ. «Мемлекет қаржысын жымқырып жатқандардың бәрі жоғары білімділер. Олардың ең төмені мен сияқты КазГУ бітіргендер. Арысы Кембридж, Оксфорд университеттерінде оқығандар. Оларды білімсіз, ақылсыз дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Оларға не жетпейді? Ұят жетпейді – ұятсыз, иман жетпейді – имансыз, тек жетпейді – тексіз», – деді ол. Студенттер алдында шешіле сөйлеген ақын Елбасы айтқан ұлттық код төңірегінде де өз ойын өрбітті. Ұлттық кодтың бастауы қазақы тәрбиемен және тарихи құндылықтармен ұштасып жатыр. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Алматыға келген бір сапарында Қазақстанды бүкіл өркениеттің алтын бесігіне теңеп кетіпті. Төл тарихымызбен тереңірек танысқан сайын бұл сөздің шындығына көз жеткізе түсесіз. Арыдағы сақтар заманынан сыр суыртпақтасақ та, отаншылдық рух дарытатын түркілер дәуірінен әңгіме өрбітсек те, қазақ тарихының бай екенін көреміз. Ең алғаш жылқыны үйреткен де, тұңғыш әліпбиді құрастырған да, бірінші болып темір балқытып, үзеңгі жасаған да – біздің бабаларымыз. Еуропа елдері жамылуды білмей, жалаңаш жортып жүргенде көшпенділер шалбар киді. Бір ғана «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адамда» 4 мың әшекей бұйымның табылуы кездейсоқтық емес. Түркілердің еуропалықтарға шалбар киюді үйреткені жайлы танымал тарихшы Л. Гумилевтің еңбектерінде кездеседі. Дәуірлеп тұрған бір кездегі Алтын Орданың заңды мұрагері Қазақстан екенін естігенде көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Ал Шумерлер елінің мемлекеттік тілі түркі тілі, яғни, қазақ тілі болғанын бірі білсе, бірі бейхабар. Кездесуде Әміре Әрін жастар мәңгілік мақтаныш тұтып жүретін тарихи деректерді мысалға келтіріп, тыңдаушылардың отаншылдық рухын оятты.
Кездесуде Әміре Әріннің қоғамдағы қайраткерлік қырынан бейнематериалдар көрсетілді. Әр жылдарда республикалық телеарналарда сөйлеген сөзінен үзінділер келтірілді. Әсіресе, кеш қонағы үшін ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаевтың алдында шешіле сөйлеген сәті елеулі. «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық кешенінде Әміре Әрін: «Нұрсұлтан Әбішұлы, есіңізде ме, сіз анау бір жылы Қағбаның қара тасының алдында Алладан қазақ халқын бақытты ете гөр деп үш мәрте тілеген едіңіз. Енді жалпақ жұртыңыз, жетісулықтар, біз сіздің тілеуіңізді тілейміз», – дегенде Президент: «Әй, қатырасыз!» – деп ризашылығын білдіріп, арқасынан қағады. Жиында жан-жақтан төнетін жаһандық қауіп-қатер, Еуропаның исламға бет бұруы, рухани азғындықтың зардабы жайлы да сөз қозғалды. Сонымен бірге, патшалы Ресей мен кеңестік идеологияның қазақ тарихына теріс әсер еткені, ғасырлар бойы отар болған қазақтарға Шыңғысханның шындығы бүркемеленіп келгені әңгіме өзегіне айналды. Екатерина екіншінің: «Қазақтар өздерінің Шыңғысханның ұрпағы екенін білсе дүниені төңкеріп тастайды», – деп сақтануында да сыр жатыр. Теріс идеологияның кесірінен Шыңғысхан монғол, ал Әмір Темір өзбек болып кеткені кім-кімді де ойландыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жастар ақтаңдақ тарихын қайта түгендеп, бабалар жолын мақтаныш ете білуі керек.
Арқаланған ақын жастар алдында тағы бір өнерін паш етті. Түрлі салаға маманданып жатқан студенттер Әміре Әрінұлының орындауында Италияның әйгілі «О Соле Мио» әніне құлақ құрышын қандырды. Ұстаздар қауымы қонақкәде сұрағанда да ақын тартынған жоқ. Бірден халық әні «Әдемі қызды» шырқай жөнелді. «Арқа етім арша, борбай етім борша болып, белім қайысып құрылыста жүргенде мен осындай дәрежеге дейін көтерілемін деп ойладым ба? Жоқ, әрине. Бірақ өмірге құштарлығым осы күнге жеткізді. Ата-аналарың мәңгі қастарыңда жүрмейді. Үй тозады, көлік ескіреді. Адам қартаяды. Ал мәңгі қалатын – адами қалыптарың», – деді ақын жастарға қарата.
Кездесу кешінде құрметті қонаққа жастар тарапынан сауалдар қойылды. Айта кетейік, Әміре Әрін – ҚР Спортына еңбегі сіңген қызметкер. Сту- денттер спортқа қандай еңбек сіңіргенін сұрады. «Мен «Спорт» газетінде редактордың орынбасары болдым. Газеттің 40 жылдығына орай маған осындай атақ бұйырды. Негізінен, спортты қатты жақсы көремін. Таэквондомен шұғылдандым. Күнделікті таңғы сағат бесте тұрамын. «Жетісу» стадионында жүгіремін. Стадионның сыртқы жолағы – 500 метр. Мен сол жолақпен 20 айналым жүгіремін. Күніне кермеге 17 рет тартыламын. Ғұмыр бойы спортпен шұғылданудың өзі шексіз бақыт қой», – деді бас кейіпкер.
Студенттер жарқын тұлғаның өмір соқпақтарына қызыға үңілді. Түркі әлемін қайта тірілткен көнедегі Бумыннан бастап бүгінгі Елбасына дейінгі өнегелі тарих қайта парақталды. «Мәңгілік Ел идеясын Ұлы далада үш адам жандандырды. Ол – Бумын, Шыңғысхан және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев», – деді жиын қонағы. Тағылымды жүздесу соңында Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Әсет Жұмаділов тәрбиелік мәні зор, есте қаларлық әңгіме өрбіткені үшін Әміре Әрінге алғыс айтып, сый ретінде арнайы жасалған қазақтың қара домбырасын тарту етті. Домбыраға «Сан өнердің алыбы Әміре Әрінге» деп ойылып жазылыпты. Келелі кездесуден кейін колледж студенттері үлгі тұтқан тұлғамен алма-кезек суретке түсті. Жастар талай жыл теріс түсіндіріліп келген тарихын жаңа қырынан қайта танып, кездесуден жігерленіп шықты.
Қуаныш ТҰҢҒАТАР.




