Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне білім беру мазмұнын жаңартуды тапсырған болатын. Соған байланысты биылғы оқу жылынан бастап 1, 2, 5, 7-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша білім алуда. Бұл жүйенің басты мақсаты – баланың шығармашылық қабілетін дамытуға күш салу. Жаңа оқу жүйесінің ескі бағдарламадан қандай артықшылықтары бар? Үш тоқсан бойы жүргізілген жұмыс нәтиже беріп жатыр ма? Осыны білу үшін Талдықорғандағы мектептердің біріне бардық.
Қаламыздың төрінде орналасқан №4 мектеп орыс пен қазақ балалары бірігіп оқитын білім ордасы. Онда 7-сыныптың ашық сабағына қатыстық.
Тақтаның жоғарғы бөлігіне «Қазақстандағы ұлттар достығы» деп жазып қойыпты. Кеңес заманындағыдай тізіліп емес, балалар топқа бөлініп отырады. Сабақ уақыты да 5 минутқа қысқарған. Балалардың белсенділігінен болар, біз қатысқан ашық сабақ лезде аяқталды. Әлгіндегі сабақтың басы-қасында жүрген тәжірибелі мұғалім Орынбала Әбішевадан бұл жүйенің артықшылығын сұрадық.
– Жаңа бағдарламаның негізгі тұсы – баланы қозғау, яғни, топ-топқа бөлініп сабақтың жарыс ретінде өтуі. Осының бәрі ұжымда қызмет атқаруға, тіл табысуға үйретеді. Жүйе бойынша бала ең бірінші тақырыпты түсіну үшін аудио, бейне нұсқасын тыңдайды. Одан кейін оқылым, яғни, сабақты оқып, талдайды. Ең соңында тақырып бойынша түсінгендерін қағазға түсіреді. Орыс балалары, әлгінде айтқан жүйе бойынша қазақ сөздерін миына сіңіре бастайды. Құрғақ жаттаудан гөрі маған сүт, нан беріңізші деп айта алғаны дұрыс емес пе? Міне, бір тақырыптың өзіне осынша уақыт пен еңбек жұмсалады, – деді Орынбала Болатқызы.
Бұрынғыдай балаларға көптік жалғау, септік жалғауды үйрете берудің пайдасы азайды. Неге десеңіз, бала ережелерді білгенімен оны өміріне түбегейлі қолдана алмайды. Бұл грамматиканы оқытпайды деген сөз емес, әр тақырыпқа ережелерді байланыстыра отырып, белгілі бір мәселелерді қозғайды. Мысалы, «Тұрақты сөз тіркестері» деген тақырыпшаны алсақ, мұны бұрынғыдай үстіртін өтіп кетпейді. Фразеологизмді бойына сіңіре жаттайды. Кейін осы бойынша сөз тіркестерін қолданып, ой-толғау жазуға тапсырма беріледі. Мұнымен баланың көзқарасы мен сыни ойлауы дамиды.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа бағыт бойынша үйге тапсырма берілмейді. Кітап дереккөз ретінде ғана қабылданады. Бұрынғыдай бастан-аяқ оқулықпен жұмыс жасалмайды. Оқушылар негізінен «өте жақсы», «жақсы» «қанағаттанарлық» деп бағаланады.
Жылдың басында министрліктің бұйрығымен аталған бағдарламаға көшкеннен кейін ата-аналар тарапынан наразылықтар болып жатты. Сабақтың қиындығы, кітаптың түсініксіздігі келеңсіздіктер туғызды. Қазір кез келген бүлдіршіннің қолына телефон беріп қойыңыз. Аз уақытта ұршықша иіреді. Мұның өзі жаңа бағытта білім алуға көшудің тиімділігін көрсетсе керек.
– Жаңа бағытта білім алатын ұлым грамматикада кенжелеп қалған, есесіне өз ойын айту, пікір білдіруден дәстүрлі бағытта білім алатын баламнан әлдеқайда басымырақ. Кез келген тақырыпта пікір таластыра алады. Кейде балама: «Әдемілеп жаз!» – деп ұрыссам: «Оның керегі не, болашақта компьютермен жазамыз», – дейді. Бірақ сыныбы жоғарылаған сайын сабағына көмектесу мұң болып барады. Сол үшін ата-аналарға да бір курс өтілсе деген ой бар, – деді Лаура Арыстанбек.
Оқушы сапалы білім алуы үшін университеттен келген жас мамандар білікті болуы керек. Ал олардың біліміне тікелей жоғары оқу орындары жауапты. Осы білімгерлерден жаңартылған білім беру бағытында не оқытылып жатқанын сұраған болатынбыз.
– Жоғары білім беру ошақтарында білімгерлер оқушыларға сабақ бере алуы үшін жаңа бағытты егжей-тегжейлі үйреніп жатыр. Әр түрлі семинарларға қатысып, сабақты жоспарлауды, бағалауды меңгеруде. Қазіргі таңда білімгерлер өндірістік іс-тәжірибеден өту үстінде. Олар жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ үйрететін болады, – деді І. Жансүгіров атындағы университеттің аға оқытушысы Айна Рахимова.
Аталмыш білім беру бағдарламасы бойынша ауыл мектептері де қалыс қалып жатқан жоқ. Ұстаздар мен директорлар аудан орталықтарына курсқа барып, бағдарлама жобасымен танысып келді. Иә, заман алға жылжып, ілгеріп келеді. Бүгін теңдессіз деген техника аз уақыт ішінде қалыс қалады. Сол үшін бізге ел тізгінін ұстар, жаңа идеяларға толы жас мамандар ауадай қажет. Қазір білім алуға шектеу жоқ, ғаламтор арқылы қызыққан тақырыбыңда кез келген ақпаратты оқи аласың. Яғни, еліміздегі білім жүйесі де заман ағымына ілесуі керек. Біз оқыған дәстүрлі бағытта тәлім алудың енді пайдасы аз. Дамыған елдерде де білім жүйесін ауыстыру таңсық дүние емес. Мысалы, осыдан 10 жылдай бұрын Ұлыбритания мен Американың білім ошақтарына жаңа жүйе енгізілген. Бүгінде білім беру ісі бір ізге түскен елдерден тізгін ұстар азаматтар көптеп шығуда. Айталық, Британ елінің балалары 5 жастан бастап мектепке барады екен. Оған дейінгі білімді арнайы орталықтардан алады.
Хош, бізге де жаңа жүйе ептеп еніп келеді. Соның арқасында бүлдіршіндер ақылды, білімді болады десем, артық айтқандық емес. 2019 жылдан бастап жоғары сынып балалары химия, биология, физика мен дүниежүзі тарихын ағылшын тілінде өтеді деп күтілуде. «Ақылды бала тәлімді ұстаздан шығады». Осы ретте мұғалімдер шет тілінен арнайы курстардан өтуде. Дей тұрғанмен кез келген жаңа бастаманың кемшіліктері болатыны анық. Сол кемшіліктерді ел болып түзеуге атсалысу керек. Ал айтылған бағдарлама жастардың білім дәрежесін көтеретініне күмәніміз жоқ.
Думан КЕҢШІЛІК





