Талдықорған: +1°C
$ 493.36
€ 572.84
₽ 6.29
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

АҚСУАТТЫҢ ҰЗЫНАҒАШТЫҚ ШАЙЫРЫ

25.02.2018
КҮЛТӨБЕ
WhatsAppTelegramFacebook

     Қасыңызда жүрген адамға хат жазсаңыз қалай қабылданады? Ыңғайсыз сияқты көрінетіні де рас қой, әрине. Дегенмен, ыңғайсыз болса да досыма деген жан сезімімді ақ қағазға ақтарсам деп отырмын. Өзімен кездескенде ауызекі сөзге сыйғыза алмайтын, тіпті мүлдем айта алмайтын кейбір нәзік сырластықты жайып салудың осыдан басқа қандай айласы бар? Және менің оған деген шынайы сезімімді мына жаһандағы жалпы оқырман қауым да білсе, шіркін, деген ойдың көкейімді түрткілеп тұрғанын да несіне жасырайын. Бұл өзі хат бола ма, қасида бола ма, қандай жанрдың отына тамызық тастайтынын тағы анық білмеймін. Білетінім, әйтеуір шын сөзімді Әбубәкірге жеткізу. Және қалай болып шықса да, Абай атам айтпақшы, «өз сөзім өзімдікі». 


    *  *  *
     Әбәй, есіңде шығар, 1982 жыл болатын. Ұзынағаш. Жаз. Маусым, әлде шілде. Кешегі саябақ. Иә, ол қазір де саябақ. Бірақ ол кезде бүгінгіден әлдеқайда басқаша, ен даламыздың еркіндігіне ұқсас кейіпте еді. Мүмкін, бізге солай көрінді ме екен?.. Ыстық еді. Қолымыз қалт етсе болды, ен далада еркін жортқан ақбөкеннің үйіріндей арындап келіп, сондағы суатқа бас қоятынбыз. Ондайда айтылмайтын әңгіме, ақтарылмайтын сыр қалмаушы еді-ау. 
     Сені Есенқұл ертіп келді. Облыстық айтысқа Күрті ауданының атынан қатысатын өзің біздің Қызжібек Жарқынбаева апайымызбен бәсекеге түсетін болғандықтан сол кездегі тәртіп бойынша ауданды аралап, жай-күйімен танысуға шыққан бетің көрінеді. Бұрын сыртыңнан жақсы білетінбіз. Нүсіпбай досымыз сен туралы тамсана әңгімелейтін. Ол жатқа айтатын бірнеше өлеңіңнің бірді-екілі шумағын біз де тілімізге орап алып жүрген кезіміз. Аса дарынды ақын екеніңді іштей мойындап қойғанбыз. Енді бір көрсек, шіркін, деп жүргенде әлгіндей сәті келе қалды ғой. 
    Жарқылдай амандастың. Сен де біз туралы хабардар екеніңді айттың. Кейде шалт бұрыла қарайтын ширақ қимылың (мінезіңе сай екен ғой), жібектей желбіреген шашыңды артқа бір серпіп тастап, шабыттана өлең оқығаның, Алла бұйыртса, әлі жолығатынымызға сенім артып, сол күні қимай қоштасқанымыз есте қалыпты. 
    1983 жылы сен Алматыға «Балдырған» журналына қызметке келдің. Енді тіпті жақын араласа бастадық. Ол күндер де бір сағыныш. Менің аудандық газетте фототілшілік қызметте жүрген кезім ғой. Ұзынағашта түнімен шығарған суреттерімді орталық баспаханадағы цинкография цехына әйтеуір үлгеріп өткізем. Ол кешкі сағат бестен кейін дайын болады. Оған дейін не істеймін енді, сені іздеймін. Марқұм Құрағаң (жазушы Құрманбай Толыбаев) екеуің отыратын кабинетке күндізгі сағат он бір жарым шамасында жетемін. Сенің де жұмысың бар-ау, қасыңда мына менің маужырап отырғаным әбес шығар деген ой қаперіме кіріп шықпайды. Түнімен ұйықтамаған адамда қандай күй болсын, арасында қалғып кететін көрінем. Сондайда Құрекең жарықтық басын шайқап қойып: «осы баланың жұмысы тіпті ауыр-ау, шамасы» дейтін көрінеді. Қайран, Құрекем! Аса кең пейілді, ерекше мейірімді жаратылыс еді ғой.
    Түсте бірге шай ішеміз, түстен кейін әлгі кабинетте екеуміз де байыз тауып отыра алмай, сен Құрекеңе бір сылтау айтып, сытылып шығып кететін кездеріміздің, одан кейін бір жерде шешіліп сырласатын сәттердің ләззатын енді бүгін сөзбен айтып жеткізу де оңай емес. Қазір ойлап тұрсам, жанымыз шын жарасқан жарқын күндеріміз сол 1983 жылы осылайша басталыпты. Міне, содан бері Алматы мен Ұзынағаштың арасында отыз бес жылдың қалай зымырап өте шыққанына өзім де аң-таңмын. 
    Иә, арасында бір жеті ай араласпай қалыппыз. Себебі, сен екеумізге ғана белгілі. Оған екеуміздің де еш жазығымыз жоқ. Сонда өзіңе арнап бір өлең жазыппын. 
 
ӘБУБӘКІРГЕ!
 
Жан досымды жеті ай көрмей сағындым,
Өтті арада лай күн де, лағыл күн.
Гүл-бәйбіше сырқаттанып жүр деп ед,
Не күй кешіп жатыр екен «қағындым?»
Ойлап па едім, дәл осылай хат жазам,
Бір өзі еді – аппағым да тап-тазам!
Мені ойласа мазаланып қала ма?
Оны ойласам менің дағы жоқ мазам.
 
Өр көңілін Алматыға қалдырып,
Ұзынағашқа аттың басын шалдырып,
Арсалаңдап неге жетіп келмейді,
Екі кештің арасында салып ұрып?
 
Өкпе дейтін өкпеміз жоқ, тәйірі,
Бір базына себеп шығар пайымы.
Ұмыт бәрін, өзіңді әбден сағындым,
Ақсуаттың ұзынағаштық шайыры!
1 ақпан, 2005 жыл.
 
Өзіңе деген ерекше ықыласымның куәсіндей екінші өлеңімнің сыйқы мынадай болып шығыпты.
 
ӘБӘЙҒА
 
Жан шуағы жайнаған жайсаңым-ай,
Өзің жайлы жақсы сөз айтам ұдай.
Жадыраған сонау бір жастық шақты,
Құдай бір сәт бермейді-ау қайтарып-ай!
 
Әбубәкір! 
Әбәйім, жаным менің,
Сен от кеуде, мен болсам сабырлы едім.
Осы екеуі бір-бірін демесін деп,
Әмір еткен сыйлаймын Тәңір көгін.
Сабырлы едім десем де сені көрсем,
Бала құсап кешемін сағым белін.
 
Бала құсап кетемін саған келсем,
Желпінемін жаныма самал берсең.
Суың дайын тұрады батам десем,
Отың дайын тұрады жанам десем.
                         
Кешегі мен бүгінді сараладым,
Сағынышты күндерді араладым.
Мендей серік қасыңда көп те шығар,
Сендей досты мен қайдан таба аламын?
Кіршіксіз сол айналдым жүрегіңнен,
                                                                           Жүректен деп бұл сөзді сана, жаным!                                                                                                              
24. 04. 2006 жыл.
 
     Рас, мен сені шексіз жақсы көремін. Ағымнан жарылып айтатын болсам, сен мені көп тәрбиеледің. Өз бағасын білетін айбынды ақындығыңа айналаң түгел тәнті. Өтірікке төзбейтін, жасандылыққа жаны қас өр мінезің өзіңе ғана жарасып тұрады. Ешқандай қалтарыс-бұлтарысы жоқ ақ көңіліңді жайып тастаған сәттеріңде сенімен сұхбаттасу рахатын айтсаңшы! Өйткені, сен жан-жақты білімді азаматсың. Бүгінгісі туралы сөз басқа, кешегі қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің грамматикасын, ауыз әдебиетінің ұшан-теңіз жауһары мен Абайдың үлгісін дәл сендей жетік білетін адамды мен өз басым айналамнан көп кездестірдім деп айта алмаймын. Сен өз ұлтыңды шексіз сүйетін азаматсың, сол арқылы адамзаттық парасатқа құлаш сермеген шығармаларыңнан небір тың ойларды тап басып тануға болады. 
     Сенің өлеңдерің мен дастандарың, жалпы шығармашылығың туралы тиісті мамандар, сыншылар талдап, жіктеп, жіліктеп, саралап жаза жатар. Жанашыр оқырманың ретінде жанымды тербеткен кейбір туындыларың жайлы өз пікірімді білдіруге менің де шамам жетер еді, алайда әңгіме ұзап кететін болғандықтан ол жағына бұрылғым келмейді. Мен өзім білетін, өзім сезінген, өзім сүйетін Әбубәкірдің бейнесін осы қағазға шамам келгенше шым-шымдап түсірсем де аз олжа емес. 
     Сенің дарқан көңіліңнің шуағына бөленгендер көп. Гүлзия екеуің Семейдегі өзіңнің үш жұртыңның, одан басқа да Қазақстанның төрт құбыласынан күндіз-түні үзбей есік ашатын ағайынның ақ алғысына бөленген сәттеріңді көзіміз үнемі көріп жүрді. Сені мият тұтып, ақындығыңа бас иіп, ұстаз санап, азаматтығыңа сеніп, Гүлзияның үлкен жүректі адамгершілігіне арқа сүйеп алыс-жақыннан ат арытып жететін жігіттердің легі әлі толастаған емес. Пенде баласының маңдайына жазылар шын бақыттың бірі де осы. 
   Мына өмірде мен де біраз адамдармен сыйласқан сияқтымын, аралас-құраластығымыз жарасқан күндерімізде сеніп сыр ақтарған сәттерім де болды. Солардың арасында сенің орның тіпті бөлек екенін білемін. Отыз бес жылда басымыздан небір сәттер өтсе де бір-бірімізге көңіл қалдырар ауыр сөз айтып көрмегеніміз соның айғағы. Сені айналамда ешкіммен теңестіре алмайтыным да сондықтан. Өйткені сен менің өзім болып кеткен жан досымсың, менің Әбәйімсің. 
    «Құдай-ау, қайда сол жылдар, махаббат, қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, алыстап кетті-ау, құрғырлар…» деп еді ғұлама Абай. Сол айтпақшы, жастықтың жалынды дәуренін бірге кешкен құрдастардың алды былтыр жеткен алпыстың асқарына сен де, міне, аршындап шықтың. Арынды екпінмен, Алашқа танылған абыройыңмен, қазақ поэзиясына өзіндік өрнек салған алапат ағынды жырларыңмен, лайықты құрметіңмен, өз биігіңнен атой салған Сені көру мен үшін зор бақыт.
    Алдағы күндерің бұдан да келісті, бұрынғыдан да жемісті боларына мен кәміл сенемін, Әбәй. Бәзбіреулер сияқты бір күндік болмашы жылтырақ дүниеге ешқашан қызықпаған, бүкіл өмірін тек өлеңге арнап, шабыт үшін күні-түні шырағын сөндірмеген сенің жұлдызың қазақ жыры барда ешқашан аласармайды. Қандай соқпаққа салса да жалтармай тарпып басатын алмауыт арғымақтай қалпыңнан айырмасын сені. Менмін деген мықтылардың өзі алдыңда тайсақтай сөйлейтін өрлігіңді талай тұста көрдік емес пе, не десең де күлбілтелемей кесек турайтыныңды жұрт біледі. Мұндай мінез тек рухы мықтының ғана еншісі екенін мен де шүбәсіз мойындаймын. Сені содан жазбасын Алла. 
    Осындай рухты мен «Бұлыт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан» Қазтуғаннан, «Хан ұлына несі жоқ, би ұлынан несі кем!» Доспамбеттен, «Мұртымыз өрге шаншылып, бұрын да сөйлер ме екеміз!» деп өткен Ақтамбердіден, «Салмақтасаң айта ғой, хан алдында күшіңді» дейтін Үмбетейден, «Қабанбайдан бұрын найзаңды қай жерде жауға тіредің!?» деген Бұқар жырау бабамыздан, «Сендей нарқоспақтың баласы, маған оңаша жерде жолықсаң…» деп ашығын айтқан Махамбеттен, «Ашулансаң, хан Тезек, өлтірерсің Сүйінді. Сүйінбай ақын өлген соң, көрерсің Тезек қиынды…» деп тепсіне сөйлеген бабам Сүйінбайдан, «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?» дейтін Мағжаннан,  «Өртке тиген дауылдай өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айта алсын?!» деп нығыздап кеткен Қасымнан, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің» дейтін Мұқағалидан, содан кейін «Мен қасқырмын, қақпан кескен сирағын…» деген сенен көргенімді айтсам деп едім. Иә, біз жылауық өлең жазып жүргенде сенің ағынды жырларды еркін сапырғаныңа таңғалатынбыз. Сөйтсек, бәрі рухы мықты жаратылған өзіңнің болмысыңнан екен. Соны көп ұзамай-ақ түсіндік. 
    Ит жылы ілгері-кейінді дүние есігін ашқан құрдастар кейде бір-біріміздің қолымызға су құярда «кә!» деп қоятынымыз бар емес пе, кә, енді мынаған мойын бұр. Құрдастардың қалжыңы болмаса сүрген өмірдің бояуы тым сұрғылт тартатынын жұрттың бәрі біледі. Сен екеуміздің кейде әртістерше образға кіріп кететін сәттерімізді сырт көздің түсінбей қалатыны бар. Біріміз бастасақ, біріміз іліп әкететін әлгі әзілдердің астары терең, әжуасы да тым ащы. Тек өзімізді, өзіміздің кемшілігімізді аяусыз сынап-мінеп, ар алдында арылып алатынымыз не деген бақыт?! Оның өзін бота қалжыңмен астарлай жеткізіп, қызметінде көп жүрген Шәкеңнен жасқансақ та, кейбір жаңсақтығымыз үшін жанымыз ауыра аһілейтін күндерімен де қызық шығар біздің өміріміз. 
Сен ұлы сыншысың. Адамның әрбір әрекетін бірден безбендей алатының өз алдына, сен өзіңді де тоқмейілсуге жібермейсің. Менің де ұлы сыншым бір өзің. Өзіңді де, мені де аямай айтатын әзілдерің арқылы екеуміз де тәубеге келетін сәттерді мен кейде соншалық сағынамын. Менің кемшілігімді де, жетістігімді де сендей білетін жан сирек. Әдетте, өзгелердің артық айтқан бір сөзі дұшпандық сияқты көрініп тұратынын да, сен елеусіздеу бір сын айтсаң да содан бір қорытынды шығаруға іштей ұмтылатынымды да несіне жасырамын. Мына өмірде менің бірден-бір қалтқысыз сенетін кісім сен ғана болғандықтан солай шығар деп топшылаймын. 
Сөзімді өзімнің бір шумақ өлеңімді қайталап айтып қорытындылағанды жөн санап отырмын.
Кешегі мен бүгінді сараладым,
Сағынышты күндерді араладым.
Мендей серік қасыңда көп те шығар,
Сендей досты мен қайдан таба аламын?
Кіршіксіз сол айналдым жүрегіңнен,
Жүректен деп бұл сөзді сана, жаным!
Жан сырыма бір түйгенім осы еді.
Алпысқа алқынбай жеткен асыл мерейің құтты болсын, Әбәй!

Р. САҒИД-УАҺАС
Ұзынағаштағы өзіңнің Рәтбегің

 
АҚ СЕМСЕР СЫНДЫ
АҚЫНСЫҢ
Әбубәкір Қайранға
 
Жаңадан дерлік басталған өмір көшінде
Түйіскен еді-ау жолымыз, 
Бәрі есімде.
Керемет сәттер әлі де көзім алдында,
«Әттең…» де көп-ау кезіме ессіз есірген…
 
Өзіңнен жырдың алауын көріп маздаған,
Жаныма құшақ жайғандай еді жаз ғалам.
Сәлемін достың қабыл ал, 
Сол жыл сен үшін
Семейде мәңгі тұрақтап қала жаздаған.
 
Ақсуат жақта пейіліне мас боп ағаның
Өмірге іңкәр көзбенен қайта қарадым.
Мейірін сезіп қара шал, асыл ананың,
Жан досым, сені бауырға туған баладым.
 
Тамызық болып ақындық алау сезімге
Кездестің жаным жабырқап жүрген кезінде. 
Көлгірліктерге төзбеуді сенен үйрендім.
Мәрттіктің қандай екенін көрдім өзіңнен.
 
Жалау боп жүрген, желеу боп
жүрген жаныма,
Асыл дос, сірә, туғансың менің бағыма.
Жалғандық, жаулық жайлаған
жердің бетінде
Шүкірлік етем өзіңдей жанның барына.
 
Қи емес құнсыз, жауһар жыр болды жиғаның,
Кіршіксіз аппақ сезімге толып тұр жаның.
Мен үшін, досым, ақ семсер сынды ақынсың,
Қасқырсың қақпан қапыда қапқан сирағын.
 
Тасбауыр әлем тұрса да қанша сазарып,
Шалқыдық оттай,
Сезімдер кештік ғажайып.
Көргенде сені аспаным шайдай ашылып,
Сырласа қалсам қалады жаным тазарып.
 
Алпысқа келдік сындардан өтіп нетүрлі,
Отқа да түстік, жардан да талай секірдік… 
Төрінде тойдың тояттап бүгін отырсың
Бабына келген тастүлек қыран секілді.
 
Ілесе алмас өзіңе қарға, сауысқан,
Қанат қақ, қыран, көз жетпес сонау алысқа.
Көрінсін тұлғаң қашанда биік асқардан,
Саңқылдап үнің естілсін шексіз ғарыштан.
 
Нүсіпбай Әбдірахым

Қатысты жаңалықтар

«Жетісу» басты қарсыласынан басым түсті

«Жетісу» басты қарсыласынан басым түсті

05.03.2026
Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының ұжымымен кездесті

Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының ұжымымен кездесті

05.03.2026
Экотуризм: Ұлттық парктер мен қонақ үйлер жаңа деңгейге көтерілді

Экотуризм: Ұлттық парктер мен қонақ үйлер жаңа деңгейге көтерілді

05.03.2026
Жетісуда 8 Наурыз қалай тойланады

Жетісуда 8 Наурыз қалай тойланады

05.03.2026
Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді

Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді

05.03.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.