Қазыналы қарттардың қоғамдағы орны ерекше. Олар сонау мыңжылдықтар бедерінде елге тұтқа болған, билікке араласып, талай келелі мәселеде кесім айтқан, шешім шығарған даналардың жалғасы іспетті. Бүгінде сол ділмарлар даңғылымен жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандардың дені ардагерлер ұйымының мүшелері. Оларға билік тарапынан да көңіл бөлініп, үлкен сенім артылған. Қандай да бір жиын, іс-шаралар ақсақалдардың ақ батасынсыз басталмайды десек те болады. Сондықтан да ардагерлер сол сенім үдесінен шығатындай тұрпатта болып, белсене жұмыс жасауы керек-ті. Міне, дәл осы ауандағы әңгіме Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының кезекті жиынында өрбіді.
«Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Талдықорған қалалық филиалы аймақтық кеңесінің кезекті жиынында өткен жылы ұйымдастырылған іс-шаралар мен бірқатар тапсырмалардың жүзеге асуы қай деңгейде орындалғандығы сөз етілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар мен көрініс табар игілікті істер пысықталып, бастауыш ұйымдарының қатарын көбейтіп, шаруа сапасын арттыру керектігі айтылды.
Жиын шымылдығын Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Қалық ашып, жүргізіп отырды. Ол:
– Өздеріңіз білесіздер, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевпен үш жақты меморандумға қол қойдық. Бірқатар істе қолдау таптық. Бізге билік тарапынан оң көзқарас танылды. Осының бәрі ардагерлердің ел алдындағы беделінің үстем екендігін көрсетеді. Сондықтан да біз әрдайым биіктен көрініп, ел мен жер, руханият пен қоғамдық жұмыста биіктен көрініп, «ардагерлер» деген атқа лайық болуымыз керек. Бүгінгі басқосуда кеңінен әңгіме өрбітіп, көп мәселені бірлесе талқыласақ деп отырмын, – дей келе күн тәртібіндегі үш мәселені атап өтті.
Ал өз кезегінде Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Айтмұханбет Ерасылов сөз алып, аймақтық ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстарына шолу жасады. Айтуынша, облыс орталығында 11 аймақтық ардагерлер ұйымы бар. Олардың әрқайсысы алдыға қойған мақсат-міндеттерін өз әлдерінше орындап келеді. Қарттарға қолдау, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету, жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында тиісті шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Дегенмен де, аймақтық ардагерлер ұйымдарының жұмыстарында елеулі кемшіліктердің бар екендігі да жасырын емес. Аймақтағы тұрғындар, зейнеткерлер, ардагерлермен жұмыс белсенді жүргізілмей, соның нәтижесінде адамдар арасында ардагерлер ұйымының бет-беделі аса біліне бермейтін көрінеді. Ал, өткен жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесіне тоқталар болсақ, Шығыс, Еркін, Самал, Көктем аймақтық ардагерлер ұйымыдары қалалық кеңеспен және өздерінің демеушілерімен тығыз байланыста болып, бірқатар игі шараны жүзеге асырған. Міне, осындай кемшіліктерді саралап, белсенді жұмыс істеген ұйымдарды ерекше атап өткен Айтмұханбет Ерасылов, ел сенімін ақтау, өздеріне артылған қызметті ықыласпен орындау жолында ардагерлердің аянбау керектігін айтып өтті.
Бұл жағынан келгенде Қаратал шағын аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Білімбек Қасенов сөз алып, өздерінің жұмыс-жоспарына шама-шарқынша күш салғандығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта әрбір істе белсенділік танытатындығын да жеткізді.
Жиын барысында Серік Бекметова, Тортай Ізбасқанов, Амантай Қойлыбай, Болат Бисұлтанов сынды ардагерлер ұйымының мүшелері сөз алып, ұйым жұмысының жандануы, беделінің асқақтауы тұрғысында қажет етер деген ойлары мен ұсыныс-тілектерін айтты.
Ардагерлер ұйымы өз жұмысының жандануы үшін бірқатар кемшіліктерді ескеріп, белсенді жұмыс жасауды талап еткенімен, олардың қоғамдағы бет-беделі мен атқарған істері көпке мәлім екені де жасырын емес. Ұйым мүшелері, ақиқатында өңір тіршілігінің жандануына бір адамдай өзіндік үлесін қосып келеді. Кез келген игі шараның басы-қасында жүріп, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығындай бола білуінің өзі көпке үлгі десек артық айтқандық емес…
Сырт көзге ардагерлер ұйымы қарттардың бас қосатын орны болып көрінгенімен, бұл қоғамдық бірлестік белгілі бір тәртіппен, арнайы ережемен жұмыс істеп, мақсат-міндеттерін ел мүддесі мен абыройының өсуі және ұлт пен ұрпақтың биіктен көрінуін көздеген бірден-бір ұйым. Бұл ұйым арнайы қабылданған ережеге сәйкес, төраға мен төраға орынбасырын 5 жылдық мерзімге бірақ сайлайды. Рухани тәлімгерлер, кеңес, төралқа мүшелері, аймақтық ардагерлер кеңестерінің қоғамдық тұрақты комиссиялары сынды төртке бөлінетін ұйымның құрамында 38 ардагер бар. Бұлардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндет бойынша қызмет етіп, ардагерлер абыройының артуы жолында аянбай тер төгуде десек артық айтқандық емес.
Осындай ақпарларды атап өткен қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Шаяхметұлы жиын соңында әр қатысушыға сенім білдіріп, өздерін ұлт руханиятының тереңдеуі мен қоғамдық жұмыстардың өтуіне ұйытқы болудағы белсенділіктерінен танбауы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, бір-бірінің жұмысына қолдау білдіріп, өзара тәжірибе алмасқанда ғана ауызбірлік пен ықтымақты ту ете алатындығын, сол арқылы ұрпақ тәрбиесінің түзелуіне тиісті тигізген үлестерінің одан ары арта түсетіндігін де атаусыз қалдырмады. Сонымен қатар, ардагерлер әрқашан да халықтың алдында жүріп, ғасырдан-ғасырға жалғасқан дәлмарлар даналығының абырой-атағының биік деңгейін сақтай білуі керектігін ескертті. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген ел пайымына лайық бола білгенде, әрі ескертпелерді жанашырлықтан туындаған жылы лепес деп қабылдағанда ғана ұйым жұмысы одан әрі жандана түсетіндігін айтса, ақты нақ деп білген ардагерлер жайдары қалыпта тарқасты.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.





