Қазақ күресінен жетінші рет әлем чемпионаты өтті. Беларусь елінің астанасы Минск қаласындағы «Олимпиец» спорт кешенінің төріне төселген екі кілемде балуандар екі күн бойы белдесуге түсіп, әлем чемпионатының медальдарын сарапқа салды. Ислам Әбішев басқаратын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының күнтізбелік жоспарында һәм әлем чемпионатының ресми дода екенін нақтылайтын, соған кепілдік беретін ұжым «Біріккен күрес әлемінің» (UWW) жарыстар тізіміне енгізілген VII әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Әлемнің 41 елінен делегация келіп, 38 елдің балуандары күреске түсті. Жыл озған сайын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастырып жүрген әлем чемпионатына қатысушы елдердің қатары артып келе жатқаны көңілімізді өсірді.
Қыздар тұңғыш рет дуға кірді
Енді әлем чемпионатының дуы турасында. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы бұған дейінгі әлем біріншіліктерін тек ерлер арасында өткізіп келген-ді. Биылғы додаға қыздар да қосылды. Бұрымды балуандар әлем чемпионатының медальдарын екі салмақ дәрежесінде сарапқа салды. Қыздар арасында тұңғыш рет өткізілгендіктен де қызығушылық болған шығар, әлемнің әр қиырынан балуан қыздар көптеп келді. 70 келі салмақтың іріктеу белдесулері бірден тартысты өтті. Дозюдо күресінен, самбодан халықаралық жарыстарға қатысып, әбден ысылған Еуропа мен Азия құрлығының балуандары, Латын Америкасынан келген қыздар да өз шеберліктерін көрсетті.
Бұл салмақта финалдық белдесуге болгар қызы Габриэла Гюгова мен қазақстандық Алтынай Хаби шыққан. Өзінен аяқ-қолы ұзын, бойы да сұңғақ, салмағы да ауыр болгар қызын Алтынай әдіс-тәсілдерін ұтымды қолданып жеңіп кетті. «Бапкерім маған алғашқы секундтардан-ақ ұпай алуға ұмтыл деді. Мен де дәл солай, белдестім, қарсыласым дзюдоның әдісіне салып соңғы секундтарға дейін амал қолдануға тырысты, бірақ мен оған ешқандай да мүмкіндік бермедім. Менің салмағым 61 келіден сәл ғана асады. Дзюдо күресінде 63 келіге дейінгі салмақта белдесемін. Салмағымның жеңілдігі, бойымның қысқалығы кәдімгідей байқалды» – деді Алтынай. Қола жүлдені Польша мен Беларусь балуандары иеленді.
70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалдық белдесу қазақстандық Қалжан Тайжанова мен моңғол қызы Отгон Мунгхцецег күрескен. Қалжан жарақатын ауырсынып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медаль Сербия мен Болгария қыздарының еншісіне жазылды.
Әйелдер арасында тұңғыш рет өткізілген әлем чемпионатына елімізден барған екі қыз да жүлдемен оралды.
Еншімізде
3 алтын, 2 қола
Ерлер арасындағы сын да тартыспен өрбіді. Қырғыз балуаны Санжар Осмонәлиев 60 келіде әлем чемпионатына осымен төртінші рет қатысып отыр. Бұған дейін күміс, қола жүлделерді иеленіп, чемпиондық тәжге сынық сүйем қалғанда сүрініп жүрген Санжарды бұл жолы да қазақстандық балуан жығып кетті. Жартылай финалда Жақсылық Мұсырмановпен күрескен қырғыз балуаны әдіс қолданамын деп қарсыласының қарымта тәсіліне түсіп қалды. «Жақсылық кеудеден асыра лақтыру тәсілін өте шебер меңгеріпті. Мен жамбас әдісін қолдануға ұмтылып ем, белімнен қапсыра ұстап, кеудесінен асыра лақтырды», – деп басын шайқады Санжар Осмонәлиев жартылай финалдық белдесуден соң сөйлескенімізде. Жақсылық финалда Моңғолиядан келген Енхбол Енхтайбанмен күресті. Моңғол балуаны бойының сидамдығын пайдаланып, Жақсылықты іштен, қырқа шалып, тіпті жамбас әдісін қолданғысы келді. Бала күнінен қазақ күресімен шұғылданып, бекзада спорттың қыр-сырын жетік меңгерген Жақсылық иліге қойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұпайын молайтып, жеңіске жетті.
60 келі салмақта қола жүлде Қырғыз елінің намысын қорғаған Санжар Осмоналиев пен түркіменстандық балуан Батыр Гурбаниязовқа тиді.
70 келіде финалға Армениядан келген Альберт Мхитрян мен Ресей елінің намысын қорғаған Әли Тұрсынов шыққан. Қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан Әли әлем чемпионы атанды. Ұлты өзбек Тұрсынов Мәскеу қаласында тұрады. 70 келі салмақтың қола жүлдесін қазақстандық Нұрғали Тұрсынғазиев пен өзбекстандық Бахром Иноятов еншіледі.
80 келіде Тәжікстаннан келген Хамроз Раджабов пен Беларусь елінің балуаны Вадим Шока финалда тоқайласты. Тәжірибесі мол Раджабов қарсыласын жығып, Әлем чемпионы атанды. Қола жүлде Армения елінің намысын қорғаған Давид Саргсян мен түрік Батухан Манайға бұйырды.
90 келіде қазақстандық Ерлан Омаров пен ресейлік Александр Росляков әлем чемпионатының алтын медаліне таласты. Іріктеу сындарында аяғын жарақаттап алған Ерлан жанкүйерлерін жерге қаратпады. Ілкі сәтті күтіп жүріп, қарсыласын атып ұрып, айқын басымдықпен жеңді. Қола медальді Қытайдан келген қандасымыз Аманжол Үсентай мен эстониялық Александр Мармелюк олжалады.
90 келіден жоғары салмақта қазақстандық Талғат Әміренов пен Беларусь елінің алыбы Александр Вахавяк алтын медаль үшін күресті. Финалдық белдесу алдында Әміреновті әңгімеге тарттық. «Талғат, сенің салмағың Александрдан жеңіл, бойың да аласалау. Қалай болар екен?» – Вахавяктан қаймығатын мен емес, керісінше, ол меннен қорықсын. Бойдың тапалдығы, қолдың қысқалығы түк емес, ең бастысы намысты жібермесек болды». Талғат батыр сөзінде тұрды. Өзінен әлдеқайда алып көрінетін Вахавякты ары да, бері де сілкілеп, сілелетіп алды да, әдіске салып ұтып кетті. Қола жүлдені словакиялық Джонатан Мартин мен армениялық Азат Абраманов қанжығаларына байладыі.
Абсолюттік салмақта финалға осы Вахавяк пен Қытайдан келген Аманжол Үсентай күресіп, Вахавяк әлем чемпионы атанды. Абсолюттік салмақта қола жүлдені қазақстандық Сергей Пак иеленді.
Әлем чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанатына даңқты балуан, Беларусь елінің мақтанышы, жазғы Олимпиада ойындарының үш дүркін, әлемнің 7 мәрте чемпионы атанған Александр Медведь қатысып, құттықтау сөзін сөйледі. Жеңіс тұғырына көтерілген балуандардың мойнына медальдарды өзі тағып, марапаттады. Сексеннің сеңгіріне шыққан әйгілі балуанның қолынан жүлде алудың өзі мерей екенін ұғынған балуандар да мәз-мейрам көңілмен тарасты
Жетінші әлем чемпионаты да тарих қойнауына кетті. Алда – Пан-Америка чемпионаты. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Түкиев қараша айының соңында Бразилия елінде Пан-Америка чемпионаты ұйымдастырылып, оған Латын Америкасындағы елдердің балуандары қатысатынын айтты.
Қуан Көшек.
Алматы – Минск – Алматы.





