Елбасының тапсырмасымен үстіміздегі жыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, спортсүйер жастар арасында ұлттық спортты насихаттап, халықаралық дәрежеде қазақ күресінің беделін арттыру, орта және жеңіл салмақты балуандардың шеберліктерін шыңдау мақсатында «Арландар сайысын» өткізбек.
Қазанның 14-де «Алматы арена» стадионында студент-жастар арасында қазақ күресінен алғаш рет өтетін бұл республикалық ашық турнирге Астана, Алматы қалалары мен 14 облыстан ережеге сәйкес 18 бен 29 жас аралығындағы жоғары оқу орындарының білімгерлері мен спорт клубтарының жас спортшылары бар бас-аяғы 96 балуан қатысады. Спортшылар олимпиада жүйесі бойынша үш салмақ категориясында (-60,-74,+90 келі) өзара сынға түспек. Топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар, медальдар мен грамоталар табыс ету жоспарланған. Соның ішінде 60 келі салмақ дәрежесіндегі споршыларды көтермелеу және қолдау мақсатында жеңімпазға жеңіл автокөлік сыйға берілетіндігі көптің қызығушылығын арттыруда.
Ұлттық спорттың төресі саналатын қазақ күресінен өтетін тұңғыш турнирдің ашылу салтанатында көрермендер назарына қазақ күресінің шығу тарихы мен даму жолын сипаттайтын театрландырылған қойылым ұсынылады. Сонымен қатар, ұлттық намыс пен жігерді оятатын рухты әндерімен көпшілікке танымал «Серілер», «Алашұлы» топтары мен Қажымұрат Шешенқұл сынды әншілер өнер көрсетпек.
«Арландар сайысына» облысымыздан 6 спортшы қатысып, өңір намысын қорғамақ.
Ұлбосын ИСАБЕК.
Алматы қаласы.




