Жуырда Сарқан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұзақ жыл қала әкімі болып, аудандық білім бөлімін басқарған жастардың жанашыры Серік Әбдіхамитовты еске алуға арналған үстел теннисінен дәстүрлі ХХ турнир өткізілді.
Ауданнан асып облыс, республика теннисшілерін қамтитын дәстүрлі шара Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбековтың құттықтау сөзімен ашылып, Серік ағаның зайыбы Жансая Дүйсембекова, облыстық мәслихаттың депутаты Жамал Құлахметова, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Жанат Мұқашев өмірден ерте кеткен азамат туралы естеліктерін ортаға салды.
Турнирге ауданымыздан және көршілес аудандардан белсене қатысқан теннисшілер ойын барысында шеберліктерін танытты. Қыздар арасында І орынды Мариана Баннова, ІІ орынды Виктория Қайсарова, ІІІ орынды Снежана Баннова жеңіп алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жасөспірімдер арасында Дәурен Сәкенов, Мағжан Құрмашев және Алишер Талапов жүлделі орындарды бөлісті. Спорттың осы түрінен елеулі жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар арасында І орыннан Дамир Бахтияров (жүлде 300 000 теңге), ІІ орыннан Өмірхан Сейсенбеков (жүлде 150 000 теңге), ІІІ орыннан Тимур Аубакиров (жүлде 75 000 теңге) көрінді.
Ал бұрынғы одақ көлеміндегі спорт шеберлері де жақсы қырынан көрінді. ІІІ орынды қарағандылық Марат Сүртубаев, ІІ орынды алматылық Александр Максимов еншілеп, Алматы қаласынан Тимур Келбуғанов турнирдің чемпионы атанды. Сондай-ақ, «Көрермендер көзайымы» жүлдесімен талдықорғандық спорт шебері Амангелді Садықов, «Жеңіске деген құлшынысы үшін» номинациясы бойынша жас спортшы Роман Голущенко (Талдықорған) марапатталды.
Жомарт ИГІМАН.
Сарқан ауданы.





