Мына дүбірлі дүние тағы да көк дөненге мінгізіп отыр. Сонау мұхиттың арғы жағындағы Америкада Канело Альварес пен өзіміздің Геннадий Головкиннің шайқасы болады дегелі жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр. Біздің ғана емес, әлемнің спорттың осы бір түрін жақсы көретін, ол үшін жаны ауыратын, жанкүйері болған күллі адамзат баласының тең жартысынан астамы дәл осы Лас-Вегастағы шайқасты қашан болады деп құлағын тосып, алақанын маңдайына қойып, көзін көлегейлеп қарап отырғанында дау жоқ. Біз де бұл бәсекенің болатынын немесе болмайтынын кейінгі үш жылдың көлемінде айтып келе жатырмыз.
Кезінде осы «Жетісу» газетінде де жазғанмын. Екеуінің шайқасы болса бұл бір ғаламат кездесу болады. Әй, қайдам бірақ, екі мықтының шайқасы болмай қалуы да ықтимал деген пікір айтқаным есімде. Мұны мен көпшілік қарайтын фейсбуктегі парақшамда да жаздым. Неге десеңіздер, оның үлкен себептері болды. Біріншіден Геннадий Головкин бүгінге дейін 37 кездесу өткізіп, бірде-біреуінде жеңілмей отыз төртінде қарсыласын тізерлетіп, шалқасынан түсіріп жеңіп келе жатқанын білесіздер және де бұл жігіт жас емес. Бүгінде жасы 35-тен асты, яғни өзінің спорттық ғұмырының менің ойымша соңғы жылдарын өткізіп жатыр. Күш-қуат бәрінің бойында мәңгілік сақталмайды. Кейбір асыл туған адамдар болмаса, қырықтан кейін шаршы алаңға шығып жұдырықтасуы сұрақ белгісінің астында қалады. Бірақ ұзақ шайқасқан боксшыларды да білеміз. Әсіресе, Эвандер Холифилд елуге келгенше шайқасты. Бес салмақта жеті дүркін әлемнің чемпионы Мейвезер Флойд қырыққа келгенше шаршы алаңнан түскен жоқ. Тағы да басқа ақша үшін рингке шығып, мұрны бұзылып, алған ақшасына мәз болып кетіп жатқан боксшыларды айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде қарсыласынан саспай оның жұдырығына жұдырықпен жауап беретін боксшыларды айтып отырмын. Бұлар екінің бірі, жүздің, мыңның бірі. Геннадий Головкин ондай бола ма, болмай ма біз әзірге білмейміз. Бірақ, бұл жігіттің бүгінде бокстың тағында тұрғанына еш күмән келтірмейміз. Сондықтан да, өзінің спорттық ғұмырының соңына қарай жеңіліс тауып, төмен қарап кету бұл менің ойымша өзін-өзі сыйлайтын, бағалай білетін боксшыға тән емес. Олай болса, спорттың аты спорт, жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Ондай жаныңды ауыртатын оқиғалар болмай жатқан жоқ. Оны кеше ғана жеңіл атлетикадан Лондонда өткен әлем чемпионатында көрдік. Мен өзім аса жоғары бағалайтын, бүкіл әлем талантына тамсанған желаяқ ямайкалық Усейн Болттың ең соңғы бәсекеме шығамын деп, қоштасарда екі бірдей қашықтықта сүрінгенін көрдік. Әрине, Усейн Болт бұл жеңілісімен өзінің бұған дейінгі жеткен биіктерін аласартқан жоқ. Жалпы жеңіл атлетиканың тарихында екі Олимпиада да ең қысқа қашықтық 100 м. 200 метрде қатарынан чемпион болған адам жоқ. Ал Усейн Болт үш Олимпиада чемпионы болды. Мұндай ғажап жетістікке менің ойымша болашақта ешкімнің қолы жетпейді-ау деп ойлаймын. Бұған дейін дәл осындай қолы жетпейтін адамдардың бірі деп АҚШ-тың суға жүзушісі Майкл Фелпсті айтатынбыз. Ол 21 дүркін Олимпиада чемпионы. Әрине, олардан қызғанып отырған жоқпын жеңісті. Бірақ адамның санасына сыймайтын жеңістерге жету өте қиын. Усейн Болттың әлем чемпионатында, соңғы шырқап салар шағында жеңіліске ұшырауы жанкүйерлердің көкейінде қалған қара дақ. Ол өзіне де оңай болған жоқ. Деседе, Усейннің биігі аласармады. Спорт болғасын жеңістің қасында жеңіліс жүретінін бәрі біледі. Адам баласының мәңгілік ат үстінде жүрмейтінін, кезі келгенде аттан түсетінін өмір дәлелдеп берді. Ал біздің Генаның жеңілуге болмайтындығы соңғы сәтте жұлдызын одан ары жарқыратар кез екенін жақсы біледі. Өзінің есімін тарих бетіне жарқыратып алтын әріппен жазатын күннің келіп қалғанын естен шығармауы тиіс және қапы қалмауға міндетті. Генаның бұған дейінгі жеткен жетістігі жетерлік. Тіпті, қарсыласын сұлатып салудан әлемдегі ең үздік боксшының бірегейі деп атауға болады.
Генаның бұл жолғы қарсыласы Сауль Альварестің жеңілуіне неге болмайды деп сұрақ қоямыз. Әрине, жеңілу деген мақсат емес ешкімге. Жеңіліс болмай, таяқ жемей биіктерге шығу мүмкін емес екендігін ескеруі керек. Оның үстіне бокс секілді тағдыры қиын, тар шаршы алаңда жұдырық арқылы шешілетін спортта жеңілмеймін деп кеуде қағуда, ол жеңілмейді деп сәуегейлік таныту абырой әпермейді ешкімге. Бұдан бөлек мен өте жіті зерттеген спортшым Сауль Альварес. Сонау 2013 жылы бұл жігіт әлемде жеңілмей келе жатқан Флойд Мейвезермен кездесті. Сол кезде мен мұны теледидардан көрдім. Ол кезде ол жиырманың бел ортасына жетпеген жігіт болатын. Сонда таңғалғанмын. Мына сары шегір бала керемет қой, тіпті соққылары жойқын, күрзі ғой деп. Мейвезермен бұлай айқасса, ертең қалай болады екен деп, таңдай қағып едім. Одан кейін де көптеген бокстарын көріп, бақылап, зерттеп, назардан таса қалдырмай жүрмін. Өткен жылы дәл осы Лас-Вегаста пәкістандық Әмірханмен болған кездесуін көріп қайтқанмын. Оның Әмірханды қалпақтай түсіргеніне де куә болдым. Сол кезде Саульдің шаршы алаңдағы алапат айқасы жүректі дір еткізетіндей болды, мен секілді Генаның жанкүйеріне. Оның алдында да көптеген мықтының жігерін құм етті. Кезінде әлем чемпионы Фейн Мофли, Мигел Коттомен жұдырықтасты. Барлығын да тас талқан етіп жеңген. Ол жеңілген боксшылардың барлығы әлемдік кәсіпқой бокста аттары алтын әріппен жазылған боксшылар. Енді осы жерде Альварестің жеңілуге қақысы жоқ екенін сараптап көрейік. Осы бокс кешін өткізуге ынталы «Голден бой промоушен» деген атақты компанияның сауын сиыры. Өйткені Альварестің боксына ар жағы Мексика, бер жағы Америкадан адам деген керемет ағылады. Мәселен, өткен жолғы шайқасын үлкен стадионда өткізді. Оған 50 мың адам жиналды. Яғни осыншама адамның билеттен түсетін, жарнамадан түсетін, телеарналарға берген ішкі, сыртқы телетрансляциялар арқылы қыруар қаржы әкеліп отыр. Міне, Саульдің жеңілуі әлемде мүйізі қарағайдай ірі компанияның жеңілуіне әкеп соғады. Сондықтан да, оның жеті бірдей салмақ дәрежесінде чемпион болған әлемдегі маңдайы жарқыраған боксшылардың бірі Оскар Де Ла Хойяның басқарып отырған компаниясының мұндай қадамға бара қоюы екі талай. Мысалы, 2015 жылы Альварес WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы бола тұрып, өзінің белдігін Геннадий Головкинге шайқассыз ақ бере салды. Сол кезде журналистер, мамандар шулады. Барлығымызда шулағанымыз бар, жасыратынымыз жоқ. Альварестен жеңілген боксшылар әңгімені желдей естірген еді. Ә, міне, қорқақ, жеңілетінін біліп белдігін шешіп алып бере салды Головкинге деген дүбір де болды. Бірақ оның ар жағында үлкен спорттық саясат жатқан. Ол кезде Альварес Головкинмен кездесуге дайын емес еді. Екі жылды Головкиннен алып тастаңыздар, сонда ол 33-те болған. Ал Альварес болса, толыспаған жиырма төрттегі жігіт шағы. Сондықтан да осының барлығын бір институтқа жақын адамдар зерттеп отыр. Міне, олар осылай шешті. Сен белдігіңді Генаға шешіп бере сал, дәл қазіргі уақытта жұдырықтасытындай мүмкіндігің жоқ. Қайтаратын кез болады, ол алда деген ақылдарын айтты. Дәл қазіргі уақытта Альварес шеберлігін арыттырды, толысты шиыршық атқан кезге жетті. Головкин де екі жылға жасы ұлғайды, осының барлығын есептеп нағыз темірдің қызған уақыты деп, «Голден бой промушен» жарысты 2017 жылдың қыркүйек айына қойып отыр. Сондықтан да екеуінің де жеңілуге қақысы жоқ. Мен де, спорт журналисі ретінде бағамдап, зерттеп жүргенім де осы. Кезінде екі мықтының арасындағы кездесу болмай қалуы да мүмкін деген пікірді де айтқаным осы жағдайға келіп тіреледі. Қуанышыма орай бұл кездесудің өтетіні шешілді, оған мен шын мәнінде қуаныштымын. Сол шешім шыққан күннен қамданып, көк дөненімді ерттеп, шақырту қағазымды үш айдан кейін қолыма алғанда бөркімді аспанға аттым. Неге десеңіздер, мұндай шайқасты көргенде арманда, көрмеген де арманда. Сол үшін жақсылық хабарды өз көзіммен көріп, арнайы туған жерімнің басылымы «Жетісу» газетіне хабар жолдайтыныма да шын шаттандым. Дәл қазір ұшақ табалдырығын аттамас бұрын, осы ойымды қағазға түсіріп, жолдап отырған жайым бар. Ал ендігі қалғаны кімнің жеңіске жететінін анықтау. Ол шаршы алаңдағы айқастан кейін белгілі болады. Екі батыр да аянып қалмасы анық. Тең ойын деген жоқ, кәсіпқой бокстың тарихында болмаған жағдай. Сондықтан екеуінің бірі чемпион атанады. Оны дәл қазір мен де, әлемнің асыға күтіп отырған жанкүйерлері де тап басып айта алмайды. Әрине, Генаның жерлесі ретінде жеңісті Головкинге ерте ұстатып жіберуге болады. Әйткенмен ол ақиқатқа жатпайды, сәуегейлік таныта да алмаймын. Расында Генаның жеңіске жеткенін қалаймын. Қарсыласы да осал емес. Бір сөзбен айтқанда екі боксшыны бөле-жара қарау қолымнан келмей отыр. Сол себепті де қай жеңгенің менікі дегенім дұрыс болар. Өйткені екі мықты да әлемдік бокста және менің жеке көзқарасымда шоқтығы биік тұлғалар. Ал мына мәліметке назар аударайық. Әлемдік букмекерлік кеңселер Генаның жеңісіне 1,67 Альварестің жеңісіне 2,01 коэффиценттерін беріп отыр. Мен онымен келісемін. Олай дейтін себебім менің ішкі сезімдерім, көздерім бар. Сондықтан анау жеңеді деп айтуға батылым бармай отыр.
Ендігі жерде екі боксшының ерекшеліктеріне қысқаша тоқталайын. Генаның қимылы өте ширақ. Сонымен қатар, қос қолдап соққан соққылары жылдам. Кейбір боксшылар секілді иықты, бүкіл денесін қосып соқпайды. Өзіндік ерекшелігі бар, автоматтан шыққан оқ секілді қос қолы бірінен соң бірі қарсыласының кез келген нүктесіне бағытталады. Соның арқасында талай мықтыны жолынан ығыстырып, аяғын көктен келтірген. Әлемдік бокста сирек кездесетін таланттардың бірі және Гинестің кітабына да енген. Әлем оны мойындап отыр. Ал Альваресте ондай шапшаңдық жоқ. Есесіне жұдырығы жас баланың басындай, соққан соққылары жойқын. Аз соққанымен қарсыласына оңдырмай дарытатын кездері көп. Ол Мексиканың Гвадалахара қаласында туған сары шегір. Бұл қаланың аты аталғанда мен елең ете қалам. Өйткені 1986 жылы футболдан әлем чемпионаты өткен кезде осы қалада болғанмын. Міне, содан бері маған туған ауылымдай құлағыма жылы ұшырап тұрады. Ол жерде талай жарыстарды тамашаладым. Екі мықтының жеткен жетістіктерін бүгін тізбектемей-ақ қояйын. Оның да реті келеді. Екеуінің бокс кеші «T‘mobile» аренасында өтеді. Мұны неге еске салып отыр деуіңіз мүмкін. Бұл аренада кілең мықтылардың кездесулері өтеді. Күні кеше ғана Макгрейдер мен Флойд Мейвезердің боксын тамашаладық. Тіпті, оны бокс шайқасы деп айтуға да келмейді. Кәсіпқой бокста аты аңызға айналған Флойдтың мұндай қойылымға қатысуы тым ұят. Ал ана ирландиялық Макгрейдердің көксегені не? Әрине, ақша. Флойд та сол мол қаржының жетегіне түсіп кеткен. Мұнда мен біреудің қаржысын санаудан аулақпын. Менің айтпағым екі қарсыластың шайқаста келісіп алуы. Спорттық этикадан аттап кетуін айтып отырмын. Әйтпесе, бокстың иісі мұрнына келмейтін Макгрейдердің бокс өнеріне келісім беруі ақылға сыймайды. Ол спорттық бәсекеден гөрі қаражаттың буына масаттанған әңгүдік десем болатын шығар. Сол екеуінің кездесуін мына жігіттермен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Тіпті, қолына су құюға жарамайды. Оның қасында Гена мен Альварестің шайқасы әлем күткен ғасыр шайқасы деп атауға тұрарлық. Сол себепті де мені желпінтіп, мұхит асуға сиқырлаған да шынайы алапат айқас. Ендеше, сол бәсекеден шынайы ләззат алып, спорт деген бекзада өнердің мөлдір бұлағынан дәм татуға аттандым.
Несіп Жүнісбайұлы,
Алматы облысының Құрметті азаматы, белгілі спорт журналисі, арнайы «Жетісу» газеті үшін Лас-Вегастан.





