Франциядан жеткен сүйінші хабармен тұспа-тұс келген спорт мерекесі жетісулық спортшыларды ерекше желпінтіп тастады. Кәсіби мерекесін ерекше атап өткен спортшылар І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын лық толтырды. Көптен бері бастары қосылмаған ардагер спортшылар мен сала мамандары бір-бірін көріп, марқайып қалды. Арқа-жарқа болған спортшылар Демеу Жадыраевтың жүлдесін әңгіме арқауына қосып, алдағы балуандарымызға да сәттілік тілеп жатты.
Сонымен өңір спортшыларының басын қосқан кәсіби мерекеге облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиынның басы шағын бейнероликтен бастау алды. Салтанатты шараға дейін келген жұрт лэд экранда қойылған «Жетісу жетістіктері» деп аталатын шағын деректі фильмді тамашалады. Онда соңғы жылда жерлестеріміздің жеткен жетістіктері сараланып, жағымды жаңалықтардың басын біріктіріп, көңіл қуантарлық істерді келген жұртқа ұсынды. Расында да, облыста спорт саласы бойынша ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар көп. Әр салада, спорттың бірнеше түрінен жиған жүлделер саны естіген жұрттың көңілін марқайтады. Аталмыш фильм аяқталысымен ортаға облыс әкімі Амандық Баталов шақырылып, сарайға жиылған спорт мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы Елбасының саясатын жүзеге асыруда, облыста бұқаралық спортты дамытуда көптеген игі істің қолға алынып жатқанын тілге тиек етті.
– Биыл жалпы осы салаға облыстық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, – деп бастады әңгімесін. Басқа облыстармен салыстырғанда бізде спортқа үлкен қолдау білдіруде. Осы мәселе бойынша өңір басшысы жетісулық 72 талантты спортшыға жалпы сомада 76 млн. теңге көлемінде стипендия төленетінін тілге тиек етті. Сонымен қоса ұлттық спорт түрлерінен де бағындырған биіктерімізді жіпке тізгендей етіп атап өтті. Шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктеріміз бәйгенің алдын бермеуде. Өткен жылы Астанада ұйымдастырылған «Алтын тұлпар» бәйгесінде біздің облыстың жүйрігі жеңіске жеткен еді. Ал төл өнеріміз қазақ күресінен қоржынымыз молайып жүр. Республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде жерлесіміз Ұлан Рысқұл күміс белбеуге қол жеткізіп, мерейімізді асырған еді. Міне, осы жеңістерімізді спорт мамандары алдында мақтанышпен баяндаған Амандық Ғаббасұлы, тағы бір жақсылықтың шетін шығарды.
Талдықорған қаласында олимпиадалық стандартқа сай жүзу бассейні, биіктіктен суға секіру және жабық жеңіл атлетика манежі бой көтеретінін айта кетті. Осындай қуанышты хабарды жеткізген облыс басшысы Амандық Баталов жиынға жиналған сала мамандары мен спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, алдағы жарыстарда жеңіске жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Облыс басшысының құттықтау сөзінен кейін марапаттау рәсімі өткізілді.
Рио-де Жанейрода өткен жазғы Паролимпиадалық ойындарда күміс медальді жеңіп алғаны үшін пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Раушан Қойшыбаеваға және Рио Олимпиадасында күміс медальді жеңіп алған зілтемірші Карина Горичеваға екі бөлмелі пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы Аман Бұғыбаев, дзюдо күресінен жаттықтырушы Тимур Абыханов марапатталды. «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Жамбыл ауданы балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бақберген Қайырлыбаев пен Қарасай ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Валери Хациевтің кеудесіне тақты. Одан бөлек министрдің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да өз иелерін тауып, қуанышты еселей түсті.
Жиынның соңында барлық спорт мамандары мен спортшылардың атынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері Әкешай Жайлаубеков сөз сөйлеп, спортқа үнемі қолдау білдіріп отырған облыс басшысына алғысын айтты. Жас спортшылардың атынан ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Анатоли Савельев, көгалдағы хоккейден Азияның үш дүркін чемпионы Нұржан Бейбітов те жүрекжарды тілектерін ақтарды. Жиынның соңы мерекелік концертке ұласып, салтанатты шараның шырайын одан ары асырды.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.





