Қазақстан Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан кейін азамат ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде өзімнің түйген пікірімді білдіргім келеді. Қазақстан шынында да, ширек ғасырда әлемдік алпауыт мемлекеттермен иық тірестіре алатындай дәрежеге жетіп, қыруар іс тындырды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері экономикасы қарқынды дамыған, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағдары айқындалған, өркениеттік демократиялық жолмен дамып келе жатқан жасампаз мемлекет ретінде танылды. Қазақстан Республикасының тұрақты және өркениетті дамуына серпін берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауы десек артық айтпағанымыз. Әрбір Жолдауында қоғамдық дамудың экономикалық, әлеуметтік, рухани байланысының негізі көрініп тұрғандай. Одан кейінгі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да елдің еңсесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды өміршең етудің жолдарын паш етті.
Бүгінгі күні елімізде инновациялық жобаларды дамыту, жүзеге асыру – кезек күттірмес міндет. Осыған байланысты баламалы энергия көздерін пайдалану, оны өмірге енгізу жұмыстары нақты қолға алынды. Жолдауда елімізде мобильді және мультимедиялық, нано және космостық технологиялар, роботтық техника саласын, гендік инженерияны дамыту, болашақтың энергиясын жасау міндеті өмірлік маңызы зор міндет ретінде ерекше атап өтілді.
Мұндай күш-қуатымыздың салмақтылығы бізге бәсекелестік артықшылық мүмкіндігін бере отырып, елімізді жаһандық экономикаға еркін кірігуге жағдай жасайтын болады.
Биылғы Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру, еліміздің баянды болашағы жолында аянбай бірлесе еңбек ету, еңбектің берекелі зейнетін көру бүгінгі күні әрбір қазақстандық азаматтың қасиетті парызы болып қала бермек.
Осы орайда облыста туризмді дамытудың негізгі жобалары жолға қойылып, ел экономикасымен қатар бұл саланың да алға жылжып келе жатқанын байқауға болады. Жолдауда көрсетілген бағыттардың іске асуы өңірде туризмнің дамуына септігін тигізіп отыр.
Елбасының Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өңірдегі туризм саласын алға сүйреудің негізгі факторы болып табылады. Сонымен қатар, шағын бизнесті мамандандыруды, келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасы мен дамыту шараларын қабылдау маңыздылығын көрсетіп берді. Расында, шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдық жоспарын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен үйлестіруді тапсыру және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауды тездету бастамалары көңіл қуантады. Бұл – нағыз туризм саласын көтерудің негізгі баспалдағы. Жаңа демалыс орындарын салу, өңірдегі тарихи, әсем табиғаты бар таулы аймақтар, өзен-көлдерімізді насихаттау үшін осындай жобалардың атқаратын рөлі жоғары. Бұл туризмнің дамуына серпін берді.
Арқау ШАНТАЕВ,
облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы.





