Филиппинде өткен І Азия чемпиондар лигасында жеңіске жеткен «Жетісу» волейбол командасын жұртшылық Алматының әуежайынан қарсы алды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жеңімпаздармен Талдықорғанда орналасқан еліміздегі алғашқы әрі жалғыз волейбол базасының алдында кездесті.
Жиында Бейбіт Өксікбайұлы:
– Жоғарғы деңгейде ойын көрсеткен командамыздың жеңісі жанкүйерлерді қуантты. Әр ойынды бақылап отырдық. Сенім мен үмітті ақтадыңыздар. Бірінші Азия чемпиондар лигасындағы жеңістеріңіз біз үшін зор қуаныш. Бір биікті бағындырсақ, келесі биіктің менмұндалап тұратыны бар. Енді жауапты сынның бірі – клубтар арасындағы Әлем чемпионаты күтіп тұр. Жақсы ойын көрсетуге тілектеспіз, – деп ризашылық білдірсе, команда капитаны Карина Денисова басшылыққа және жанкүйерлерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
Қуаныш еселеніп «Жетісу» волейбол клубының ойыншылары Мадина Бекет, Татьяна Никитина, Валерия Якутина, Кристина Аниконова, Наталья Борисенко «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен және Перизат Нұрбергенова, Мария Сырыгина, Зарина Мубаракзянова «Спорт шебері» атағымен марапатталды.
Еске сала кетейік, «Жетісу» волейбол клубы өзі қатысқан жарыстың барлығында жеңіске жетті. Атап айтсақ, Петропавлда өткен Қазақстан кубогында, одан кейін Өскеменде болған Қазақстан Суперкубогында және ел чемпионатында топ жарды. Енді команданың алдында екі айлық үзілістен кейін жаңа маусым және, бастысы, ел намысын Әлем чемпионатында абыроймен қорғау міндеті тұр.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ