Қазақстанда емханалар мен ауруханалар қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында видеожетондар енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Министрдің айтуынша, бұл бастама алдымен жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты қолға алынды. 2024 жылдың желтоқсан айында Астана мен Алматы қалаларында жоба пилоттық режимде жүзеге асырылған. Енді жыл соңына дейін өзге өңірлерге де енгізу көзделіп отыр.
«Біз бұл механизмді жедел жәрдем қызметкерлерімен шектемей, амбулаторлық-емханалық қызметтегі дәрігерлер мен медбикелерге де кеңейтуді қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда бұйрыққа енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрліктің мәліметінше, видеожетондарды медициналық ұйымдар мен жергілікті әкімдіктер сатып алады. Ал жобаны толық енгізу үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмыс шамамен үш ай уақыт алады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, ведомство медицина қызметкерлеріне кәсіби міндетін атқару кезінде жасалған шабуыл үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу туралы да ұсыныс енгізді.
Фото: digitalbusiness.kz





