Алаштың мақтанышына айналған ұл-қыздарымыз жетерлік. Бірі – спорт саласын, екіншісі – білім мен ғылым, ал үшіншісі – ғарыш кеңістігін бағындырып, елдің есімін айға жазып жүр. Міне, осындай ұлт мақтанышына айналған ұландарымыздың барлығы кішкене ғана білім ошағынан қанат қағып, өмірдің үлкен баспалдағын басатын білікті маман болып шығатыны баршамызға аян.
Біз айтып отырған мақтаныштарымыздың бірі Айдын Айымбетов. Осыдан екі жыл бұрын Айдын айға ұшты деп жар салған едік. Елдің сүйеніші болған азамат Жетісу жерінің түлегі, дәл осы Талдықорған қаласында білім алған асылымыз деп қуанышымыз қойнымызға сыймай шаттанғанымыз есімізде. Аспан әлемін бағындырған үшінші қазақ Талдықорған қаласындағы №14 орта мектептің түлегі. Осыған орай ұлттың мақтанышына айналған ғарышкер Айдын Айымбетовке өзі оқыған мектепте сынып бөлмесі ашылды.
Гүлжанар Еспанова басшылық жасайтын білім ошағы ғарышкерге осылай құрмет көрсетті. Ғарышкер Айдын Айымбетов атындағы сынып оқушылардың арманына қанат бітіреді.
Игілікті шараға қалалық білім бөлімі, ардагерлер, мектеп ұжымымен қоса Айдын Айымбетовтың нағашы ағасы, ЖМУ-дің аға оқытушысы, профессор Жақан Баримбеков қатысты. Салтанатты түрде қарсы алған ұстаздар келген қонақтарды жылы ілтипатпен үшінші қабатта орналасқан сыныпқа алып жүрді. Қадірменді қонақтарды мектеп оқушыларынан құралған шағын оркестр «Көңілашар» күйімен қарсы алып, бір серпілтіп алды. Шалқыған күйден кейін ортаға оқушы Мирас Мадиқасымов шығып салтанатты шараның алдында ардагер ұстаз Минуар Баймолданованың Айдынға арнаған өлеңін оқып, бір желпінтіп тастады. Әсем күй, жан тебірентер өлеңнен кейін сыныптың да лентасы қиылды. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп жырлаған Ілияс ақынның өлеңі дәл бүгінгі шараға дөп келгендей. Мектеп директоры Гүлжанар Медеғалиқызы шараның мән-жайына кеңінен тоқталып, құттықтау сөзін арнады. Ғарыш айлағына аяқ басқандай сезімге бөленген қонақтар мектеп ұжымының істеген ісіне алығыс жаудырып жатты. Аталған білім ошағаның ұстазы Әбілсейіт Болысбековтың қолынан шыққан туынды сыныптың ажарын кіргізгендей. Расымен де, нағыз әуе кеңістігінде қалықтап жүргендей күй кешесің. Сыныптың төріне аспан әлемі кескінделіп, ортасына Айдынның суреті ілініпті. Бір жақ шетіне өзі ұшқан ғарыш кемесі орналасса, екінші жағына айды айналған Айымбетовтың суреті салынған. Ал екі жақтауына оқушылардың Айдын ағаларына арнаған туындысы қойылып, қақ ортаға «А» әрпі іспеттес жерден көкке көтерілген ғарыш кемесінің көрінісі орын тепкен. Оның сыртында сыныптың көгінде жымың қақан жұлдыздар жарқырап, әдемі әуен ойнатылады. Ал бір жақ қабырғаға толығымен Айдын Айымбетовтың суреттері ілінген.
Міне, осы ретте Әбілсейіт ұстаздың еңбегін ерекше атаған жөн. Көптің көңілін көтерген сыныптың лентасын Айдынның нағашы ағасы Жақан Баримбеков, ардагер ұстаз Минуар Баймолданова және мектеп директоры Гүлжанар Еспанова қиды. Қуанышқа шашу шашылып, оқушылар Айдын ағалары жайлы мағлұмат айтып, шараның шырайын кіргізді. Бұдан соң аға оқытушы Жақан Баримбеков құттықтау сөз сөйлеп, жиені Айдын жайлы біраз естеліктерді тілге тиек етті. Өз сөзінен кейін мектепке ғарыш және ұлттық ою-өрнек белгіленген өзінің туындысын сыйға тартты.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ





