Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен алқа мәжілісі өтті. Оған аудан, қала әкімдері, облыстық деңгейдегі басқармалар мен департамент басшылары, мәслихат хатшылары, құқық қорғау органдарының, кәсіподақ ұйымдарының, «Нұр Отан» партиясы филиалының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы сараланып, алдағы міндеттер пысықталды. Сонымен бірге тұрғын үй, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым және білім нысандарының құрылысы бойынша «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланды.
Осы мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов баяндады. Кемшіліктер де назарға алынып, түзету жолдары қарастырылды. Жиында мәлім болғандай, өткен жыл табысты аяқталған. Ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнім көрсеткіші 3,8 пайызға өсіп, 581,4 млрд. теңгені құраған. Егіс алқаптары ұлғайып, дәнді дақылдар молынан жиналған. Қант қызылшасы өндірісінің көлемі артып, жеміс-жидектерден, майлы дақылдардан, картоптан жоғары өнім алынған. Мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де жаман емес. Төрт түлік көбейіп, құс басы өскен. Үш жүз мың тоннадан аса мал мен құс еті өндіріліп, жеті жүз мың тоннаға жуық сүт сауылған. Жұмыртқа өндірісі жүз пайыздан аса орындалған. «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының орындалу барысы да жаман емес.
Барлығы 102 тонна ірі қара мал еті экспортталып, болжамдағы көрсеткіштен асып түскен. Былтыр 156 жеке-қосалқы шаруашылықтарды тарту арқылы 10 кооператив құрылған. Бірақ, бұл тапсырма Алакөл, Балқаш және Қаратал аудандарында орындалмапты. Жаңа өнеркәсіп нысандары іске қосылып, бірнеше өндіріс орындары кеңейтілген. Екі мыңнан аса қосымша жұмыс орындары ашылып, талай адамның еңбекпен қамтылуына жол ашылған. Десек те, өнеркәсіп өндірісі бойынша көрсеткіштерді төмендеткен аймақтар да бар. Осы ретте Қаратал, Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр, Ескелді және Ақсу аудандарының басшылары сынға алынып, ескертулер жасалды. Мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған» индустриялдық аймағы инфрақұрылымының құрылысы аяқталып, тағы бес индустриялдық аймақтардың техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқан көрінеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үш жүзге жуық жобаға субсидиялар мен гранттар берілген.
«Жұмыспен қамту жол картасы –2020» бағдарламасы, «Даму» қоры және «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» арқылы мыңнан аса адам шағын несиеге қол жеткізіпті. Нәтижесінде 2595 жұмыс орны құрылып, 7616 жұмыс орны сақталған. Бөлшек сауда көлемі өскен. Азық-түлік және басқа да тауар бағаларының өсуіне байланысты инфляция деңгейі 108,1 пайызды құрап, негізгі азық-түліктің отыз үш түрінің жетеуінің бағасы шекті деңгейден асыпты. Құс еті, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, өсімдік майы, шай, қант және тұздың бағасы өскен. Өңір экономикасына тартылған инвестициялар көлемі артқан. Құрылыс жұмыстарының жүзеге асырылуы да ойдағыдай. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша 35,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, үй кезегінде тұрғандардың саны артқан. «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде облигациялық қарыздар есебінен 1,6 млрд. теңгеге алты несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқан көрінеді.
Елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 84 пайыз. Жиырма үш елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп, тоқсан бір ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізген. Көппәтерлі тұрғын үйлерде сегіз жүзден аса жылу есептегіш орнатылыпты. Облыс бойынша газдандыру деңгейі 22,8 пайыз. «Алматы–Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы аяқталуға таяған. Автокөлік жолдарын дамытып, жөндеу үшін қомақты қаражат бөлінген. Әлеуметтік сала бойынша 25,5 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз, жастар жұмыссыздығы 3,1 пайызды құраған. Білім саласында он сегіз нысан қолданысқа енгізілген. Оның ішінде тоғыз мектеп, алты балабақша, отыз жеті нысан күрделі жөндеуден өткен. Үш ауысымды мектептің орнына 4200 орынды 8 мектеп іске қосылған. Ал биыл облыста 44 мектептің құрылысы жүргізілмек. Оның басым бөлігі «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы салынып, биыл іске қосылуы тиіс. Осыған байланысты Амандық Ғаббасұлы аудан, қала әкімдеріне құрылысы жүріп жатқан аумақтарды аптасына бір рет аралап, әсіресе сапаға көңіл бөлуді және олардың құрылысын уақытылы аяқтап, ауласын абаттандыруға мән беруді тапсырды. Денсаулық сақтау саласында нәрестенің шетінеуі, ана өлімі, қан айналымы жүйесінің аурулары мен қатерлі ісіктен қайтыс болу азайған. Керісінше, қылмыс саны өсіп, жол-көлік оқиғалары көбейген.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан және осы бойынша алдағы кезде орындалуы тиіс жұмыстар көп. Бастысы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңаруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айқындалған басым бағыттар бойынша жұмыс атқарылуы керек. Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу, қызылша өсіру, «Нұрлы Жол», «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын іске асыру, бөлінген қаражаттарды мақсатты пайдалану, инфляция деңгейін төмендету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс жұмыстарын бақылауға алып, сапасына мән беру, жабайы сауданы реттеу, ана мен бала өлімін болдырмау, жол жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі.
Картоп, ет өңдеу және жылыжай да басты назарда болуы тиіс. Себебі, ол халық үшін маңызы зор жобалар. Өнеркәсіпті өркендету ісі де жандануы керек. Осы жұмыстардың талапқа сай атқарылуы үшін облыс әкімі ойын ортаға салып, салаға жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.
Айгүл Байбосынова





