Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Барлық салада ілгерілеушіліктің бар екенін тілге тиек еткен қала басшысы өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 11 млрд. теңгеге артқанын айтты. Сондай-ақ, қалада кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары көбейіп келеді. Шағын және орта бизнеспен экономикалық белсенді халықтың 30 пайызы, яғни 26 мыңнан аса адам шұғылданады. Олар былтыр бюджетке 7,3 млрд. теңге түсім түсірген.
Өткен жылдың қорытындысы жайлы толық ақпарат берген Бағдат Әбілмәжінұлының айтуынша, қаладағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Биыл аумағы 80 мың шаршы метр болатын 11 үй салу жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалмайтынын алға тартқан әкім қазіргі таңда қалада жаңа театр, көрме кешені мен Салтанат сарайының құрылысы жүріп жатқанын айтты. Қалада 2 орта және 1 музыка мектебінің құрылысы басталмақ. Қалалық бассейн маңындағы құрылысы аяқталмаған нысанды «Халыққа арналған үкімет» жобасы аясында әкімшілік орталыққа айналдыру көзделген. Талдықорғанды газдандыру бағытында да жұмыстар басталды. Қалада биыл 70-ке тарта шеткері көше жөндеуден өтпек.
Қорытынды есепте облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қала дамуындағы бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Ол қаланы газдандыру үшін желілер тарту жұмысының баяу жүргізіліп жатқанын, индустриялдық аймақтағы кәсіпорындардың аздығын және қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі инфрақұрылымы тартылып қойған «Жетісу» ӘКК ҰК» АҚ-ға тиесілі 600-ге тарта жер телімінің әлі күнге бос тұрғанын сынға алды.
– Қала экономикасына қазір 35 млрд. 459 млн. теңге бөлініп отыр. Міне, енді осындай қаражатпен атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізу керек. Әкім орынбасарлары халық алдында есеп беруге міндетті. Бірақ бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Халыққа барынша жағдай жасау керектігін ұмытып кетіп жатырсыңдар. Жабайы сауда нүктелерімен жұмыс істеңдер дегенмін. Бірінші саудагерлерге қолайлы жағдай жасап, сауда орындарын салып, сол жерге саудагерлерді апарып, көрсетіп, содан кейін ғана оларды орналастырыңдар деген тапсырма берілгенімен жүйелі жұмыс атқара алмай отырсыңдар. Ал қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарының сапасы мүлде көңіл көншітпеді. Заманауи техникалар қайда? Соны іске қосу керек. Алақандай ғана қаланың тазалығына көңіл бөлмеу салғырттықты аңғартады. Қаланың өркендеп дамуы жолында қолға алған істі көрсетіп, қанша қаражат керектігін айтсаңдар қолдау білдіруге дайынбыз. Осыны естен шығармаңдар. Бірлесе істеген жұмыс қана нәтижелі болатынын ұмытпаңдар. Халыққа медицина жағынан барлық көмек берілуі керек. Сол үшін де облыстың медицина бөлімшелерінде ең мықты деген аппараттар болуы тиіс. Халықтың денсаулығын біз шекара аспай өзімізде-ақ емдеуді қолға алуымыз керек.
Үкімет үйінде өткен басқосуда Елбасы біздің облыста атқарылған жұмысқа өз ризашылығын білдірді. Бізге зор сенім артты. Артылған сенімге селкеу түсірмей нәтижелі жұмыс істеуіміз керек. Облысты көркейтуге, халыққа жағдай жасауға келгенде басқа өңірлермен салыстырғанда біздің мүмкіндігіміз зор. Тек жұмыс істесек болғаны. Маған ел қамы үшін ғана жұмыс істейтін мықты мамандар қажет. Ел игілігін естен шығармайық, – деді облыс басшысы.
Амандық Ғаббасұлы сөз соңында қала әкіміне жеке кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс орындарын аралап, бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мектеп, балабақша құрылысын да назардан тыс қалдырмауды айтты. Жаңа жұмыс орындары ашылса халықтың әлеуметтік жағдайының да біршама жақсаратынын алға тартты. Облыс басшысы есепті кездесуде аталған бағыттағы кемшіліктердің орнын толтыру қажеттігін нақтылап өтті. Жиналған қала тұрғындары көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, Еркін ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның тозығы жеткен. Сонымен қатар, тұрғындар жергілікті полициялардың жұмысына қанағаттанбайтынын алға тартты. Себебі, мал шаруашылығымен айналысатындардың жылына ондаған бас ірі қара малы ұрылардың қолында кететін көрінеді. Арыз-шағым жазылғанымен одан ешқандай да нәтиженің жоқтығына жұрт наразы. Ал Өтенай ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары жарық, ауызсу және жол құрылысы туралы сұрақтарына жауап алды.
Облыс әкімі дәрігерлік-амбулатория келер жылдың І тоқсанында халық игілігіне берілу керектігін айтты. Ал өршіп тұрған ұрылардың астыртын істерін әлі күнге дейін аша алмай жүрген жергілікті полиция қызметін күшейтуді жауапты басшыларға тапсырды. Жиын соңында тұрғындар қала әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.





