Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры өзінің 50 жылдық мерейтойы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып жатыр. Мерейтойлық іс-шаралар аясында театр ұжымы 2025 жылдың 27–30 сәуірі күндері Шымкент қаласына ат басын бұрмақ.
Шымкент жұртшылығы бұл күндері театр репертуарындағы таңдаулы қойылымдарды тамашалай алады. Көрермендер назарына ұсынылатын спектакльдер қатарында:
-
Б.Римованың «Қос Мұңлық» драмасы,
-
Ж.Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» пьесасы,
-
А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасы,
-
А.Аламанның «Жалқаудың жыры» атты балалар ертегісі,
-
Д.Исабековтің желісі негізінде әзірленген «Қазақы комедия» қойылымы бар.
Гастрольдің басты мақсаты — өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту, Талдықорған театрының шығармашылық жетістіктерін кеңінен таныстыру және театр өнері арқылы Шымкент тұрғындарымен рухани қарым-қатынас орнату.
Әр қойылым заманауи қоғамның өзекті мәселелерін қозғайды. Мәселен, Мұрат Ахманов режиссерлік еткен «Қос Мұңлық» драмасында ата-ана қадірін түсінбеу мен жастар арасындағы зиянды әдеттер проблемасы көркем бейнеленген.
Ж.Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» пьесасы арқылы режиссер Д.Базарқұлов ұлттық намыс пен қазақы тәрбиенің маңыздылығын көрсетеді.
А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы (режиссері – А.Шарипов) махаббат пен отбасылық сенімді дәріптесе, балаларға арналған «Жалқаудың жыры» (режиссері – Н.Өтеулинова) еңбекқорлық пен достықты насихаттайды.
Ал ауыл өмірін әзілмен бейнелейтін «Қазақы комедия» қойылымы (авторы – Б.Ұзақов, режиссері – Б.Ұзақов) ұлттық дәстүр мен ата-аналық жауапкершілік тақырыбын жеңіл әрі шынайы жеткізеді.
Бикен Римова театрының Шымкенттегі гастрольдік сапары – мәдениетке деген құрметті арттырып, өңіраралық рухани байланысты одан әрі нығайтатын айтулы оқиға болмақ.
«Жетісу-Ақпарат»
Редакциядан: материал ernur.kz сайтының дерегі бойынша әзірленді.





