Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда. Бүгінгі отырыста куәгер Эльмира Нұрбекова тағы да сот алдында жауап берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Нұрбекова қайғылы оқиға түні орын алған жағдайлар туралы мәлімдеп, сол түні атыс дыбыстарының естілгенін растады. Алайда атысты нақты кім жасағаны әлі күнге дейін анықталмаған.
Куәгердің айтуынша, сол түнде Шерзаттың ағасы — Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолында мылтық болған.
— Мен Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолында қару ұстағанын өз көзіммен көрдім, — деді Эльмира Нұрбекова сот залында.
Еске сала кетейік, Нұрқанат Ғайыпбаев 2024 жылдың желтоқсанында қайтыс болған. Тергеу оның өз-өзіне қол жұмсағанын анықтаған болатын.
Осы жайттар іс материалдарына жаңа сұрақтар қосып отыр. Қару қолданылған ба, қолданылса кім қолданды — бұл сұрақтарға алдағы сот отырыстарында нақты жауап берілуі мүмкін.
Фото: Жұмабай Мұсабеков





