Елімізде шағын және орта бизнес пен ірі инвестициялық жобалардың несиесіне кепілдік беру қорлары іске қосылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және ел Үкіметінің экономикалық өсу қарқынын жеделдету үшін шешуші шаралар қабылдау аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі жанынан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры базасында шағын және орта бизнес, оның ірі жобаларын несиелеу үшін «Кепілдік қорлары» іске қосылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ баспасөз қызметінің берген мәліметіне сәйкес, шағын және орта бизнеске кепілдік қоры Үкімет, екінші деңгейлі банктер және өзге де инвесторлармен бірлесіп құрылады. Ол – кәсіпкердің кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда 7 млрд. теңгеге дейін несие алуына мүмкіндік береді. Бұл құрал қолдау күтетін жобалар көлемінің республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізбек.
Шағын және орта бизнес үшін 7 млрд. теңгеге дейінгі несиелерге кепілдік беру, кепілдіктің максимал мөлшері – несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд. теңгеден аспайды, кепілдік мерзімі – қаржыландыру мерзімі ішінде – кепілдік берудің негізгі шарттарына жатады. Осы ретте «Банк ЦентрКредит», «Halyk Bank» және «Freedom Bank» сияқты екінші деңгейлі банктермен кепілдік қорына қатысу туралы келісімдерге қол қойылды. Кейіннен қатысушылар саны ұлғаяды. «Даму» қорының кепілдігін «Банк ЦентрКредит» арқылы пайдаланған алғашқы кәсіпкер – Жамбыл облысында «Asatu» брендімен макарон өнімдерін шығаратын – Олег Панкеев.
– Қордың жаңа кепілдігінің арқасында біз жаңа цех салу үшін тиімді шарттармен қаржы алдық. Бұл біздің бизнес үшін маңызды қолдау және қаражат алу үдерісі әлдеқайда жеңіл әрі жылдам өтті. Сонымен қатар, бұл жоба жұмыс орындарын ашуға түрткі болып, өңір экономикасы дамуына ықпал етеді, – дейді кәсіпкер Олег Панкеев.
Ірі жобаларға арналған кепілдік қоры экономиканың нақты секторына өзге де инвесторларды тарту мен екінші деңгейлі банк өтімділігі есебінен ірі бизнесті несиелеуді арттыруға жағдай жасайды. Ірі инвестициялық жобаларға кепілдік беру қорының капиталы «Бәйтерек» холдингі мен басқа да заңды тұлғалардың капиталы есебінен құралмақ. Бұл құрал кепілзат тапшылығы проблемасын шешуге, несие көлемін ұлғайтуға және энергетика, байланыс, көлік, туризм, денсаулық сақтау, білім беруді қоса алғанда өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым сияқты стратегиялық салаларға жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ірі жобаларға арналған кепілдік қоры үшін кепілдік берудің негізгі шарттары төмендегідей.
Олар 7 млрд. теңгеден басталатын несиелерге кепілдік беру, жоба иесі жалпы соманың кем дегенде 20%-ын өзі ұсынуы керек, қаржыландыру сомасының қалған 80%-ы Қазақстан Даму Банкі, Аграрлық кредиттік корпорация және Өнеркәсіпті дамыту қорын қоса алғанда, екінші деңгейлі банктерден, халықаралық қаржы ұйымдарынан немесе Холдингтің еншілес ұйымдарынан несие түрінде берілетін болады. Сондай-ақ, кепілдіктің максимал мөлшері – жоба құнының 30%-ына дейін, кепілдік беру мерзімі – 15 жылға дейін болады.
«Даму» қоры жанынан ашылатын кепілдік қорлары бизнес субъектілерінің несиесіне кепілдік берудегі халық-аралық тәжірибелерге сай құрылған. Мұндай жүйелердің сәтті мысалы ретінде Корея несие кепілдік қоры (KODIT), Түрік несие беру кепілдік қоры (KGF), Жапонның несие-кепілдік корпорациялар федерациясы (JFG) және басқаларын атауға болады. Кепілдік құны шағын және орта бизнес үшін 1,5%, ал ірі жобалар үшін 2%-ды құрайды. Кепілдік қайтарымсыз әрі шартсыз қағидатпен беріледі. Бұл – құралға қаржы ұйымдарының қызығушылығын арттырады. Кепілдік қорын іске қосудың арқасында 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелі 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайып, жыл сайын 50 мыңнан аса жобаны қолдауға мүмкіндік туады деген жоспар бар. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен 5 есе көп.
Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан неғұрлым орнықты құрал – кепілдік беру тетігіне көшу жүзеге асырылады. Дегенмен, микро және шағын бизнесті қолдауды үзбеу үшін субсидиялау бағдарламасы 200 млн. теңгеге дейінгі несиелер үшін сақталады.
Кепілдік алу үшін кәсіпкер тікелей банкке жүгінуі қажет. Сондай-ақ «Даму» қорының өңірлік филиалдары немесе 1408 нөмірі бойынша call-орталықтан кеңес алуға болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





