Талдықорғандық тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ұзақ жылдан бері үй кезегінде тұрғандар баспанаға қол жеткізіп мәз-мейрам. Қала әкімі Ернат Бәзіл «Бірлік» шағын ауданындағы құрылысы енді ғана біткен 60 пәтердің кілтін иелеріне табыстады. Алдағы уақытта берілетін үйлердің де құрылыс жұмыстары жақын арада бітуге дайын.
Бұл жолғы баспана кілті халықтың әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен награтталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынысыз қалған балалар санаттары бойынша берілді.
Рахилә Сатыбалдынова салтанты жиынға қызымен бірге келіпті. Баспана кезегінде 12 жыл тұрыпты. «Бұл жалғыз менің емес, бала-шағамның қуанышы» деп іштей риза. Кейуана «Батыр ана» атағын алғандардың бірі. Үйлі-жайлы болып жатқаннын заманның тыныштығымен байланыстырады.
– Еліміз осы бейбітшілігінен айырылмасын. Ерте ме, кеш пе адам баласы көксегеніне жетеді. Айтпағым, халық үшін аянбай тер төгіп, еңбек етіп жүрген азаматтардың істері жемісті болсын. Көпшілікті осылай қуанта берсін. Жаңа шаңыраққа кіріп жатқан жанұялардың баспанысы құтты болсын, – дейді қала тұрғыны Рахилә Сатыбалдынова.
Өткен жылы тұрғын үй берудің барлық бағыты бойынша Талдықорған қаласында 1283 жанұя баспанаға қол жеткізген. Биыл 1500-ге жуық отбасыға баспана кілттері табысталады. Бұл ретте жыл басынан бүгінгіні қоса алғанда 308 отбасы үйлі болып отыр.
Жиында сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл:
– Қазіргі таңда қаламыздың инфрақұрылымы дамып, көркейе түсуде. Үкіметіміздің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде қаламызда тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Қолданысқа берілгелі тұрған үйлер халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, толық емес отбасыларға, жетім және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілуде. Бүгінде жыл басынан аталмыш «Бірлік» шағын ауданында 120 отбасы қоныс тойын тойласа, бүгін тағы 60 отбасына пәтер кілтін табыс еттік. Бұндай игі іс-шаралар жыл соңына дейін өз жалғасын табады, – деді ол.
Медет ЖҰМАБАЙ





