Балқаш көлінде соңғы бір жылда көлдің су деңгейі 12 сантиметрге көтеріліп, су қоры 2 миллиард текше метрге артты. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.
Нақтысына келсек, Балқаш көліндегі су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге жеткен. Мұндай өзгеріс көлдің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізіп отыр.
2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқашқа 3,8 млрд текше метр су жіберілген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер өңірдің экологиялық ахуалына, сондай-ақ Іле өзенінің атырауына оң ықпал етуде. Қапшағай су қоймасының толуы Ақдала мен Шеңгелді алқаптарын суару кезеңін сәтті өткізуге мүмкіндік береді.
Балқаш көлінің су көлемі трансшекаралық Іле өзенінің ағынына тікелей байланысты. Бұл ағынды реттейтін басты нысан – Қапшағай су қоймасы. Биыл Қапшағайдан Балқашқа жалпы көлемі 12 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Министрлік Балқашты сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, алдағы аптада француз сарапшыларымен бірге 2040 жылға дейінгі кезеңді қамтитын мастер-жоспар әзірлеу мәселесі талқыланбақ.
«Өткен жылы француз тарапымен Балқаш бассейнін бірлесіп зерттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Енді бұл бағыттағы нақты қадамдар қолға алынады», – деді министр.
Сарапшылардың пікірінше, қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін беріп, Балқаш көлі біртіндеп бұрынғы деңгейіне жақындап келеді.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: tengemonitor.kazgazeta.kz





