Назгүл Қаржанбаева Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тумасы. Сол топырақта 1983 жылы дүние есігін ашыпты. Мектеп бітірген бойжеткенге ата- анасы бір мамандық игертуді көздейді. Әсіресе қыз баланың жоғары білім алуына күш салады емес пе?! Кейіпкеріміз әу баста әскери қызметкер болуды ойламаған. Оның сандығында 4 диплом жатыр. Есепші, байланыс қызметкері, мейірбике және мәдени ұйымдастырушы мамандықтары бойынша білім алған. Алайда, өмір арнасы 2010 жылы Алакөл ауданындағы 2482 әскери бөліміне бағыттапты. «Адамның басы – Алланың добы» деген. Содан бері 25 жыл бойы Отан қорғаушылармен қатар ел тыныштығын күзетіп келеді.
– Ата-анам менің әскери қызметкер болуымды ойламады білем. Қазақы таным бойынша ер баладан гөрі қызға көп көңіл бөлінеді. Оның білім алып, жайлы жерде жұмыс істеуін көздейді. Сол мақсатта оқытты, тоқытты. Қатардан кем қалмауым үшін тер төкті. 4 дипломға қарамай қазір әскери қызметкермін. Әскери киім киген қыздардың болмысы ұнайтын. Содан осы салаға ойыстым. Қазір сарбаздарды отансүйгіштікке, бастысы, туған жерін, ұлтын сүюге машықтап келемін, – дейді кіші сержант.
Кейіпкеріміз 3 баланың анасы. Кенжесі 1 жасқа әлі толмаған. Сонда да қызметтен қол үзбеуді құп көрген. Әдетте біздің танымда келінге жүктелер міндет көп. Отбасы, ошақ қасы деген түйсік бойынша келіндер әулетке қызмет етуі тиіс. Алайда Назгүл Қаржанбаеваның отбасы әскери қызметкердің уақытпен санаспайтынын жақсы түсінеді. Кейде бөлімдегі шақыртуларға сай түнде де жұмысқа баруға тура келеді. Мұндайда жолдасы да, ата-енесі де түсіністікпен қарайды. Себебі, жолдасы Талғат та әскери қызметкер болған. Қазір жеке кәсіппен шұғылданатын ол жарына қабақ шытпайды. Келін боп түскеніне 20 жыл болған кейіпкеріміз «бір қолымен әскери өмірді, бір қолымен отбасын тербетіп» жүр.
– Алла бұйыртса, әскери өмірдің шартына сай соңғы жыл осы салада тер төгудемін. 25 жыл үздіксіз қызметтен соң зейнеткерлікке шығамын. 42 жасымда зейнетке шығамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұйыртса, жеке кәсіп ашып, отбасыма барынша көңіл бөлемін. Осынша жыл абыройлы қызмет етуіме түсіністік танытқан екінші анама, яғни енеме алғаусыз алғыс. Еліміздің іргесі бүтін, халқымыздың түні тыныш болса, шегарашылардың одан асқан арманы бар ма?! – дейді Назгүл Қаржанбаева.
Келіндік міндетін де, әскери қызметін де шашау шығармай жүрген кейіпкерімізге көз сүйсінеді. Бастысы, ерге бергісіз қайсарлығы жанарынан анық байқалады. Көзінде «Отаным, Қазақстаным!» деген ұшқын бар. Осындай ел қорғайтын арулар әрдайым құрмет төрінде болсын!
Дастанбек Садық





