Жыл соңына дейін Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 180 миллион текше метр болатын жаңа су қоймалары пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларын қайта жаңарту елдегі көктемгі тасқындарға қарсы тиімді күрес жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қар суын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс», Алматы облысында «Қызылжар» су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Ақмола облысында Жабай өзенінде су жинау қоймасы салынуда, ал Шағалалы өзенінің арнасын тереңдету аясында үш шағын қойма салу жоспарланған. Жамбыл облысында «Андас» атаулы үш тоғанның құрылысы аяқталуға жақын.
Қайта жаңарту жұмыстары Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстандағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларында жүргізіліп жатыр.
2023–2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, елімізде 42 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасы жаңғыртылады. Бұл жоба ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, су тасқыны қаупін азайтуға және трансшекаралық су тәуелділігін төмендетуге бағытталған.
Солтүстік өңірлерде жаңа қоймалар 1,5 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинап, 216 елді мекенді су басудан қорғайтын болады. Ал оңтүстік аймақта суармалы жерлердің көлемі 295 мың гектарға дейін ұлғаяды.
Сала басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі таңда 6 су қоймасын салу және 15 су қоймасын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар, Ислам даму банкімен бірлескен жоба аясында биыл 4 жаңа су қоймасы салынып, тағы 4-і жаңғыртылады. Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде тағы 11 су қоймасын салу және 13-ін қайта жаңарту көзделіп отыр.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі





