АҚШ президенті Дональд Трамптың қоғам алдындағы қолдау деңгейі екінші президенттік мерзімі басталғалы бері ең төменгі деңгейге жетті. Бұл туралы Reuters агенттігі Ipsos компаниясымен бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижелеріне сүйеніп хабарлады.
Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 42%-ы Трамптың президент ретіндегі қызметін қолдайтынын білдірген. Бұл көрсеткіш үш апта бұрынғы 43%-бен салыстырғанда төмен. Айта кету керек, Трамптың 2025 жылдың 20 қаңтарындағы инаугурациясынан кейін бұл көрсеткіш 47%-ды құраған еді.
Соған қарамастан, Трамптың қазіргі рейтингі оның алдындағы президент Джо Байденнің көпшілік уақыттағы көрсеткіштерінен жоғары. Алайда, америкалықтардың біраз бөлігі Трамптың билікті кеңейтуге ұмтылуына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Мәселен, сауалнамаға қатысушылар Дональд Трамптың кейбір университеттерді “өте либералды” деп сынға алуына және өзін Вашингтондағы ірі театрлық мекеме — Кеннеди орталығының директорлар кеңесіне төраға етіп тағайындауына қарсы екенін айтқан.
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан 4306 адамның 83%-ы президенттің федералдық сот шешімдеріне бағынуы қажет екенін айтты. Ал үштен төрт бөлігі Трамптың үшінші мерзімге сайлауға түсуіне қарсы екенін білдірген. Бұл ретте АҚШ Конституциясы президентке үшінші мерзімге түсуге тыйым салатынын еске саламыз.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейінгі басты жетістіктерін жариялаған болатын.
Фото: blizko.by





