Жетісу университетінде И.Жансүгіров атындағы оқу орнының түлегі, Қазақстанның және Ресейдің бірлескен кәсіпорны – «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов студенттермен кездесу өткізді.
Кездесуді университеттің басқарма төрағасы – ректор Ермек Бурибаев ашып, жүргізді. Шара барысында Айдын Айымбетов студенттерге «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің қызметі жайлы кеңінен айтып берді.
– Байқоңыр – әлемдегі әртүрлі орбиталарға зымыран ұшыруға қабілетті санаулы ғарыш айлақтарының бірі. Оның аумағында ондаған ұшыру алаңдары, құрастыру-сынақ корпустары, ұшуларды басқару орталығы және ғылыми зертханалар орналасқан. Қазіргі таңда Байқоңырда жаңа ғимараттар салынып, зымырандардың құлау аймақтары жаңартылуда. Бұл – экология мен қауіпсіздік үшін аса маңызды. Осыған байланысты шамамен 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Бізге инженерлер, техниктер, басқару және телеметрия жүйелері бойынша мамандар, сондай-ақ электротехника саласының қызметкерлері қажет. Осы кездесудің басты мақсаттарының бірі – сіздерді осы жаңа жұмыс орындарына шақыру, – деді Айдын Айымбетов.
Кездесу аясында Жетісу университеті мен «Бәйтерек» АҚ арасында кадр даярлау бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, енді университет студенттері Байқоңыр ғарыш айлағында тағылымдамадан өтіп, түрлі ғылыми-зерттеу жобаларына қатыса алады.
Ашық форматта өткен кездесуде Айдын Айымбетов студенттердің сұрақтарына жауап беріп, ғарышқа алғаш ұшқан сәттегі әсерлерімен бөлісті, сондай-ақ Қазақстанның ғарыш саласының болашағы туралы ой қозғады.
Ректор Ермек Бурибаев өз кезегінде кездесуге ризашылығын білдіріп, оның маңыздылығына тоқталды. Ол бұл шараны жаңа әрі маңызды серіктестіктің бастауы деп атап өтті. Алдағы уақытта университет ақпараттық технологиялар, экология және физика салаларындағы білікті мамандарды ғарыш саласына жолдауды жоспарлап отыр.
Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты





