«Отбасы банк» салымшылары алаяқтардың айла-шарғысына түсіп, ақшасынан да, баспанасынан да айырылып жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Абдиев мәлімдеді.
Сценарий өте қарапайым әрі сорақы: Сіз жылдар бойы пәтерге ақша жинайсыз, қаражатыңыз «Отбасы банкінде» депозитте жатыр. Кенеттен шотыңыз босап қалады. Бірнеше күннен соң, сізге борышкер екеніңіз, ал баспанаңыздан айырылу қаупі төніп тұрғаны туралы айтылады.
Депутаттың айтуынша, алаяқтық схема мынадай: Риэлторлар, нотариустар мен жеке сот орындаушылардан құралған топ пәтер сатып алушыларға «көмектесеміз» деп бастапқы жарна ретінде қарыз береді. Кейін бұл қарыз нотариус арқылы «атқарушылық жазба» деп аталатын құжатпен рәсімделеді – бұл құжат соттың шешімінсіз-ақ шоттағы ақшаны мәжбүрлі түрде өндіріп алуға мүмкіндік береді.
Осы құжатпен жеке сот орындаушысы банкке келіп, шоттан ақшаны бірден алып қояды. Нәтижесінде азаматтың не кепілдігі, не несиесі қалмайды – тек қарызы мен үйінен айырылу қаупі қалады.
2024 жылы осындай жолмен 3,5 миллиард теңге өндірілген. Бұл схемамен үш жеке сот орындаушы айналысқан. Негізгі соққы «Отбасы банкінің» салымшыларына тиген.
Осы жағдайға байланысты Ерлан Абдиев заңнамаға шұғыл өзгерістер енгізіп, сот шешімінсіз ақша алу практикасын тоқтатуды және азаматтарды қорғауды талап етті.
Жинаған ақша мен баспананы қорғаудың 5 кеңесі:
-
Құжаттарға мұқият болыңыз.
Ешқандай келісімшартқа қол қоймас бұрын, әсіресе кепілге қою мен ақша алу шарттарына қатысты бөлімдерді мұқият оқып шығыңыз. -
Күдікті делдалдардан аулақ болыңыз.
Сізге бастапқы жарна немесе несие алуға көмектесеміз дейтін жеке тұлғаларға сенбеңіз. Олар сіздің банк мәліметтеріңізді сұраса – бұл бірінші дабыл. -
Баспана үшін жиналған ақшаны жеке шотта ұстаңыз.
Жеке жинақтарыңызды тұрғын үйге арналған арнайы депозиттерде сақтаңыз. Олар үшін арнайы шоттар бар, басқа ақшамен араластырмаңыз. -
Шоттағы қозғалысты бақылап отырыңыз.
SMS немесе push-хабарламалар қосып қойыңыз. Шоттағы кез келген күмәнді операцияны бірден тексеріңіз. Қауіпті сезсеңіз – дереу банкке хабарласыңыз. -
Қауіп төнген жағдайда дереу заңгерге жүгініңіз.
Егер шотыңыздан ақша өндіріп алуға әрекет жасалғанын байқасаңыз немесе атқарушылық жазба рәсімделгенін білсеңіз – бірден заңгерге жүгініңіз. Қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым жолдау арқылы да өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.
Сақ болыңыз! Құжаттарға қол қояр алдында екі рет ойланыңыз. Күмәнді ұсыныстардан бас тартыңыз. Жинағыңыз – сіздің болашағыңыз.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: dknews.kz





