Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша маңызға ие бірқатар тарихи оқиғалар орын алды. Соның ішінде ел болашағына тікелей қатысы бар маңызды кезеңдердің бірі – жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум болды. 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді.
Конституция – жай ғана заңдар жинағы емес. Ол – мемлекеттілігіміздің берік негізі, тәуелсіздігіміздің құқықтық тұғыры, елдігіміздің айғағы. Қай мемлекетті алып қарасақ та, оның егемендігі мен тәуелсіздігін айқындайтын басты құжаттарының бірі – Конституция. Ата Заң арқылы мемлекеттің құрылымы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаттары айқындалады. Сондықтан Конституцияның әрбір бабы мен әрбір нормасы ел тағдырымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен және келер ұрпақтың болашағымен тығыз байланысты.
Референдум кезеңінде мен облыстық штабтың мүшесі әрі жастар штабының жетекшісі ретінде жұмыс атқардым. Облыстық штаб мүшелерімен, белсенді жастармен және түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, Жетісу облысының аудандары мен қалаларында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Халықпен жүздесіп, кездесулер ұйымдастырып, жаңа Конституцияның мазмұнын, ұсынылған өзгерістер мен олардың мәнін кеңінен түсіндіруге күш салдық.
Біздің мақсатымыз – азаматтарға өзгерістер туралы үстірт ақпарат берумен шектелу емес, олардың мәнін жан-жақты түсіндіру, ел болашағына қатысты маңызды мәселелер жөнінде ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасау болды. Әсіресе жастармен кездесулерге басымдық бердік. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Өз мемлекетінің заңын білетін, азаматтық жауапкершілігін сезінетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын жастар ғана қоғамның дамуына саналы үлес қоса алады.
Әрине, мұндай жауапты жұмысты жүргізу үшін алдымен өзіңнің білімің мен түсінігің берік болуы керек. «Өзің білмегенді өзгеге үйрете алмайсың» деген қазақтың сөзі бар. Сондықтан біз ең әуелі Конституцияның мәтінін мұқият зерделеп, әрбір маңызды өзгерістің мазмұнын түсінуге тырыстық. Халық тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беру үшін заң нормаларын салыстырып, түрлі пікірлерді тыңдап, түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргіздік.
Әсіресе қоғамда қызу талқыланған мәселелердің бірі – тіл мәселесі болды. Бұл тақырыпқа келгенде азаматтардың көкейінде түрлі сауалдар мен алаңдаушылықтар болғаны рас. Біз осы мәселеге ерекше назар аударып, Конституцияда бекітілген нормаларды түсіндіру барысында мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ережелерге тоқталдық.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген ана тіліне деген құрметтің, ұлттық болмысымыз бен рухани сабақтастығымыздың маңызды көрінісі. Тіл – ұлттың жаны, халықтың жадын сақтайтын асыл қазына. Ана тілімізді ардақтау, оның қолданыс аясын кеңейту және келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Сонымен бірге тіл мәселесін түсіндіру кезінде заңның нақты мәтініне сүйеніп, әрбір азаматтың сұрағына байыппен жауап берудің маңызы зор екенін түсіндік. Қандай мәселе болмасын, оны эмоциямен емес, заң нормаларына, нақты деректерге және өзара құрметке негізделген диалог арқылы талқылаған жөн. Өйткені ел бірлігі – бір-бірімізді тыңдай білуден, ортақ мақсат жолында түсіністік танытудан басталады.
Жас саясаткер әрі қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген азамат ретінде Конституциядағы өзгерістерге ерекше қызығушылықпен қарадым. Себебі бүгінгі заманның талабы бұрынғы кезеңмен салыстырғанда өзгеше. Технология дамып, қоғам өзгеріп, азаматтардың сұранысы артып келеді. Жаһандану дәуірінде мемлекет те уақыт талабына сай дамып, құқықтық негіздерін жетілдіріп отыруы қажет.
Бұл ретте бұрынғы Ата Заңымыздың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін де ұмытпауымыз керек. Әр кезеңнің өз міндеті, өз талабы болады. Кезінде еліміздің іргесін бекітуге, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет еткен құқықтық негіздер уақыт өте келе жаңа қоғамдық қатынастар мен даму басымдықтарын ескеруді қажет етеді. Сондықтан конституциялық жаңғыруды мемлекеттің өзгермелі заманға бейімделуі тұрғысынан қарастыру маңызды.
Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, заң үстемдігі, қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, білім, ғылым және инновация сияқты маңызды бағыттарға көңіл бөлінген. Бұл мәселелердің барлығы елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін өзекті. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы әлеуеті – білімді азаматтарында, сапалы медицинада, дамыған ғылымда, қорғалған табиғатта және әділетті қоғам құруға деген ұмтылысында.
Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Халықтың денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – қоғам үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Ал ғылым мен жасанды интеллектіні дамыту қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттіліктің негізгі бағыттарына айналды. Орман шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалмауы керек. Табиғатты сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі.
Осы бағыттардың барлығы бізге бір нәрсені аңғартады: заман өзгерген сайын білімімізді жетілдіріп, көзқарасымызды жаңартып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуіміз қажет. Бірақ жаңғыру дегеніміз – өткенді тәрк ету емес. Керісінше, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, озық тәжірибені игеру, тарихи тамырымызды жоғалтпай, болашаққа нық қадам басу.
Қазақ халқы ежелден «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Бүгінгі күні бұл сөздің мағынасы бұрынғыдан да терең. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы, құқықтық сауаттылығының артуы, отаншылдық рухта тәрбиеленуі және қоғамдық өмірге белсенді араласуы – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын негізгі факторлардың бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, жастардың Конституцияны білуі өте маңызды. Заңды білу – тек өз құқығыңды қорғау үшін ғана емес, өз міндетіңді түсіну, қоғам алдындағы жауапкершілігіңді сезіну үшін де қажет. Әрбір жас азамат елдегі өзгерістерге саналы түрде қарап, ақпаратты саралап, өз пікірін заң мен қоғамдық әдеп шеңберінде білдіре алуы керек.
Референдум кезінде атқарған жұмысымыз маған халықпен тікелей байланыс орнатудың, ел ішіндегі пікірлерді тыңдаудың және күрделі мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қоғамдық жұмыста ең бастысы – адамдардың сеніміне ие болу. Ал сенім құр сөзбен емес, нақты іспен, ашықтықпен және жауапкершілікпен қалыптасады.
Жетісу өңірінің белсенді жастары да осы кезеңде өз үлестерін қосуға тырысты. Біз ел өміріндегі маңызды мәселелерден шет қалмай, азаматтармен кездесіп, сұрақтарға жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл тәжірибе жастардың қоғамдық-саяси сауатын арттыруға және азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етті деп есептеймін.
Менің пайымдауымша, Ата Заңның шынайы құндылығы оның қағаз бетінде жазылуымен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – ондағы қағидаттардың күнделікті өмірде жүзеге асуы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы, заң алдындағы жауапкершіліктің сақталуы және әр адамның өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі. Конституцияның беделі де, мемлекеттің қуаты да заңға деген құрмет пен оны орындау мәдениетінен басталады.
Біз кейде елдің болашағы туралы көп айтамыз. Алайда болашақ өздігінен қалыптаспайды. Ол бүгінгі еңбектен, дұрыс шешімдерден, сапалы білімнен және әр азаматтың жауапкершілігінен құралады. Сондықтан еліміздің дамуына үлес қосу тек мемлекеттік органдардың немесе жекелеген азаматтардың міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Бізге керегі – бірлігімізді бекемдеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, білім мен еңбекті ту еткен, заңға құрметпен қарайтын қоғам қалыптастыру. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайып, келер ұрпаққа кемел келешек қалдыра аламыз.
Қуаныш САЙЛАУБАЙ,
Жетісу облысы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы





